Жастар • 28 Қаңтар, 2024

Жанашыр әрі жасампаз

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір елімізде ана тілінің қолдану аясын кеңейтуді көздеген жоба көп. Бірі шетелдік туындыларды қазақшаласа, енді бірі мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің тілін сындыруды мақсат тұтқан. Креативті ұтымды пайдаланып, ұлттың ұпайын түгендеп жүргендердің дені – жастар.

Жанашыр әрі жасампаз

Ақтілек Бисембай – «Тәуел­сіз­дік ұрпақтары» бай­­қауының жеңімпазы. Былтыр ол Атырау қалалық жастар ресурстық орта­лы­ғы ұйымдастырған конкурста «Әлемді қазақша таны» жобасымен үздік деп танылып, 500 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. Осылайша, талапты жас мемлекет қол­да­уы­мен орыс тіліндегі карталарды қазақ­ша­­лау­ды қолға алған.

– Мектеп кезінде геогра­фия­­­лық кар­таларды орыс ті­лін­де оқы­дық. Қазақша тәр­­жіма­­ланғандардың өзі шала еді. Бала болсам да, іштей қын­жылатынмын. Бірақ геогра­фия пәні ұнайтын. Кейін жоғары оқу орнына түсіп, география мамандығын игерген соң, салаға өз үлесімді қосуды мақсат тұт­тым. Ой-ұшқырымда құралған жобаның қабырғасы қаланып, қаржылай қолдау іздедім. Бағым басып түсіп, қайтарымсыз негізде грант ұтып алдым. Бір ай уақыт ішінде карталарды қазақ тіліне аударып та қойдым. Енді жоба аясында жергілікті білім ордаларында сабақ өткізуді жос­парлап жүрмін, – деді ол.

мси

Орыс қызы Анжелика Шабдан­бе­кова осымен екінші жыл Шы­ғыс Қа­зақстан об­лысындағы «Сөйле» тілдесу орталығында қазақ тілін үйре­тіп жүр. Жобаға «Amanat» пар­тия­сының «Жастар рухы» жас­тар қанаты ұйытқы болған. Мем­ле­кеттік тілді бала кезінен білген 23 жастағы бойжеткен бүгінде мекемеде білікті оқытушыға ай­налған.

– Қазақстанға бала кезімде көшіп келдім. Ауылда өстім. Тілді қалай үйреніп кеткенім нақты есімде жоқ. Себебі көр­ші­лерім, таныстарым, достарым – бәрі қазақ. Орыстардан ауылда біз ғана бол­дық. Ешқашан өзімді өзге ұлт өкілі ре­тін­де санамайтынмын және тіл білгенім үшін ешқашан мақтанбайтынмын. Қазақ отбасына келін болып түс­кеніме биыл 4 жыл болады. Күйеуім­мен танысқаныма жеті жыл. Оның тегін алдым. Анам – украин, әкемнің ұлты – орыс. Әкем 9 жасымда қайтыс бол­ған. Қазақы салт-дәстүрді бала кезімнен білемін. Оған анамның ықпалы зор болды. Мені ата-анам қалай өсірді, сол тәрбиені өз балаларыма беремін. Үйде қазақша сөйлейміз. Қызым балабақшаға қазақ тобына барды. Меніңше, адам өзі ізденіп, кітап оқып, ынталанса, тілді оңай үйреніп алады. Телефоннан емес, кәдімгі кітаптан оқыған дұрыс. Ал мен сабақ беретін «Сөйле» тілдесу орталығы Өскемен қаласында «Менің елім – менің тілім» рес­пуб­ликалық жобасы аясында ашылған. Бір жылда 100-ден аса адам келіп үйренді. Қаты­су­шылардың саны күн санап артып жатыр. Бұл үрдіс бізді өте қуантады. «Тіл үйренуді неге ерте бастамадым?» деп өкінетін жандар көп. Мен оларға «үйде де қазақша сөйлеуге тырысыңыз, телефоннан ән қосып қойыңыз, аударма қасыңызда болсын» деп кеңестерімді айтамын, – деді тіл жанашыры.

чапр

Ал 16 жастағы қызылордалық Асылжан Абдуллаев – жасанды ин­теллектіні қазақша сөйлеткен оқушы. Оның «QazaqGPT» деп атаған бағ­дарламасын бүгінде екі мыңнан аса адам қол­данып үлгерген. Ауыл баласының бұл жо­басына АҚШ-тың ІТ саласын­да­ғы алпауыт компаниялары да қызығушылық танытқан.

– Жасанды интеллектіні қаза­қы­­­лан­­дыру үшін бағдар­ла­маға 300 мың­нан аса қазақша сөз бен 220 миллиардтай ақпа­рат енгіздім. Жұртшылық қызы­ғу­шылық танытты. Шетелден де ұсыныстар түсті. «Enactus» атты халықаралық ұйым бар. Оның ішінде Рэндел Брюнс деген америкалық азамат жақында бізбен танысып, жобаны өз ұйы­мына енгізу туралы қолқа салды. Одан біз Лас-Вегаста өтетін GMS атты халықаралық форумға жолдама алуға тырысып жатырмыз. Оған толық мүмкіндігіміз жетеді. Қазіргі таңда біз өз жобамызды Телеграмда интеграцияладық. Алда тағы да бағ­дарлама жасау жоспарларымыз бар. Айт­пақшы, маған еліміздегі үш жо­ға­ры оқу орны грант ұсынды, – деді «QazaqGPT» жобасының авторы А.Абдуллаев.

Осылайша, заман ағымына қарай қазақ жастары ана тілінің мәртебесін биіктетіп, қоғамдағы рөлін күшейтіп, ұлтаралық қа­тынас тіліне айналдыруды көз­деп жүр. Ол үшін жасанды ин­тел­лекті мен креативті индустрияны меңгеруге де ынталы. Жасампаз азаматтарға тек мем­лекет тарапынан жан-жақты қол­дау қажет.