Энергетика • 25 Қаңтар, 2024

Тиімді энергияның мүмкіндігі

76 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тиімді энергия алуда атом электр стансаларының мүмкіндігі мол. Өндірісті дамыту үшін бірінші кезекте ең қажеттісі, ол – энергия. Дамыған елдердің көпшілігінде атом электр стансасы салынған.

Тиімді энергияның мүмкіндігі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Негізінде АЭС-тің бірден-бір пай­дасы қарапайым тұтыну­шы­ға, өндіріс ошақтарына қа­­жетті мөлшерде электр қуа­тын берсе, екіншіден, арзан электр энер­гия­сының есе­бі­­нен отандық тауар­дың өзін­дік құнының арзандауына да сеп­­тігін тигізеді. Бұл – біздің па­йымымыз. Ал арзан та­уар әрқашан ішкі нарықта да, сырт­қы нарықта да төмен баға­сы­мен тұтынушыларды қызық­ты­­рады. Мәселен, бұл проб­леманы еліміздің оңтүс­ті­гінде жылы­жай шаруашы­лы­ғы­мен айналысатын шаруалар қатты сезінеді. Өйткені диқандар көр­шілес елдерден келетін баға­сы арзан көкөністен көбірек зиян шегеді. Әсіресе, ішкі на­рық­ты Түрікменстанның арзан қыза­нақтары басып қалады. Сондай кезде диқандар табиғи таза өнім өндірсе де бағасы жағы­нан бәсекеге төтеп бере алмай жатады. Ал тұтынушының бірін­­ші кезекте арзан дүниеге қа­­рай жүгіретіні белгілі. Көр­шілес елдердің көкөнісін арзан еткен фактордың бірегейі – жылы климаты мен төмен бағадағы газы. Ал елімізде газ да, көмір де арзан емес. Соған қарай тауардың өзіндік құны да жоғары болатыны сөз­сіз.

Ауыл шаруашылығы на­ры­ғындағы шынайы жағ­дай аңғартқандай арзан энер­­гия көзінің расында да диқандардың бәсекеде жеңіп шығуына үлкен көмегі бар. Ендеше дәл осылайша басқа салаларда да қуат көзінің ар­зан­дығы кәсіпкерге тиімді жағдай туғызатынын бай­қауға болады. Мәселен, ауыл шаруа­шы­лығынан бөлек түрлі дайын тауарлар өндірісінде арзан қуат көзі әрдайым отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны анық.

Ғылым саласы күн сайын дамып жатыр. Өткен ғасырда ин­дус­трияландыру үдерісі орын алса, жаңа ғасырда адамзат цифр­­ландыру дәуіріне аяқ бас­ты. Бұл салада адамзаттың жеткен ең үлкен жетістігі – ІТ технология мен жасанды интеллект. Ураннан энергия алу да адам баласының ғылымды бағын­дырғандағы үлкен бір жетіс­тігі дер едік. Дегенмен, адам­зат мұнымен де шектелмей, енді көкте жарқыраған жұл­дыздардың энергиясын жерде өндірудің жайын ойлас­тырып жатыр. Мәселен, жұл­дыздарда термоядролық реак­ция жүріп, нәтиже­сінде алапат энергия бөлініп шығады. Дәл сондай реак­цияны жер бетінде жасау үшін өте жоғары температурадағы плаз­маны ұс­тап тұратын бе­рік нысан керек. Ғалымдар қазір сол мәсе­ле­ні шешумен бас қа­­тырып жүр. Өзбекәлі Жәнібек атын­да­ғы Оңтүстік Қа­­зақ­стан педа­го­гикалық уни­вер­си­теті­нің фи­зика кафедрасында ұстаз­дық ететін маман Дәулет Бердәлиевтің айтуынша, адамзат осы күнге дейін атом энергиясының басқарылмайтын және бас­қары­латын түрлерін игерді. Басқарылмайтын атом энергиясы ядролық қару болса, басқарылатын түрі – атом электр стансасы. Сол секілді термоядролық энергияның да бас­қарылмайтын түрін бағын­дыр­ды. Ол – сутегі бомбасы. Енді адам баласының алдында термоядролық энергияның басқарылатын түрін игеру ғана қалып тұр.

Әлемнің дамыған елдері уранды қойып жұлдыздарға қол созып жатқанда, АЭС деген бір жеңіл дүние шығар деп те қарауға болмас. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бас басылымына берген сұхбатына қайта оралып, болашақ атом электр стансасының құры­лы­­сына байланысты белгілі қо­ғам қайраткері, экономика ғы­лымдарының докторы, Мем­­ле­кеттік сыйлықтың лауреа­ты Оразалы Сәбденнен бірауыз пікір сұра­ған едік. Бұл жөнінде ғалым: «АЭС – жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мәселе. Өйт­кені Чернобыльдегі апат, Жапо­ниядағы жағдай бәрімізге са­бақ болуға тиіс. АЭС-тен бұрын оның қауіпсіздік мәсе­ле­сі қиын болып тұр. Осы жағ­дайды ескергендіктен әлемдегі ең озық ел Германия атом энергиясынан бас тартып, өзін­де­гі АЭС-терді бірінен кейін бірін жапты. Ал Франция кезінде атом электр стансала­рын көп салып, қазір қуат өндірісінде АЭС-ке тәуелді болып қалды. Яғни Францияның 65-70 пайыз электр қуатын АЭС қамтамасыз етеді. Сондықтан менің пікірімше, баламалы энергия көздері жел, күн, су­дың да әлеуетін есепке алу керек. Президент Жолдауда да, сұхбатында да атом электр стан­сасының келешек тағды­рын халық шешсін деді. Алай­да мен референдумның шынайы өткенін қалаймын. Тек есеп үшін халық пікірін сарап­таудың қажеті жоқ. Өйт­кені бұл – еліміздің, қала берді әр­қай­сымыздың жеке тағды­ры­мыз. АЭС құрылысына байланысты референдум алдында зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым­дар белсенді жұмыс ат­қаруы қажет. Халық тарапынан бұл мәселеде ешқандай түсінбеушілік болмауға тиіс. Яғни АЭС құрылысы «екіге екіні көбейтсең, төрт болады» деген секілді ашық та мөлдір әрі түсінікті болуы керек. Сонымен бірге тағы да терең талдаулар жүргізген жөн болады. Бүгінгі таңда өндіріске электр қуаты жеткілікті ме, жоқ па, оны баламалы қуат көз­дерімен толықтыра аламыз ба? Елімізде электр энергиясы тапшылық тудыратындай ірі өндіріс ошақтары көп емес. Міне, алдымен осы сауалдарға жауап алу керек секілді. Сосын барып АЭС құрылысы жөнінде әңгіме қозғаған жөн», деді.

Қалай болғанда да АЭС құрылысының күн тәртібіне шығуы тегін емес. Демек, шын мә­нінде оған қажеттіліктің туын­­дағаны рас. Дәл бүгін керек болмаса да, келешекте елі­мізді энергетикалық тәуел­ді­ліктен құтқару үшін қажет. Бұл мәселеде ғалым ағамыз айтып өткендей, жеті рет өлшеп, бір рет кеспек керек.

 

ШЫМКЕНТ