Қоғам • 23 Қаңтар, 2024

Креативті индустрия табысты салаға айнала ма?

136 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі уақытта елімізде креативті индустрияға баса мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап өткен еді. «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен», деген еді Қ.Тоқаев.

Креативті индустрия табысты салаға айнала ма?

Осы орайда Президент Жолдауында бірқатар тапсырма берді. Мәселен, қазіргі таңда креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланғанын, өңірлер назардан тыс қалып отырғанына тоқталды. Мемлекет басшысының пайымдауынша, дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия нысандары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек.

Бүгінде Мемлекет басшысының креа­тивті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, жуырда ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министр­ліктерімен бірге кешенді шара қабыл­дап, шығармашылық субъектілеріне салы­натын салық жеңілдетілді. Үкімет қаулы­сына сәйкес, 40 қызмет түрі арнайы бөл­шек салық режіміне өтті. Яғни бизнес КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылды.

«Аталған қызмет түрлерімен айна­лысатын субъектілер енді бірыңғай са­лық­ты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін ­ 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін ­8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 млрд теңге­ден аспауы, ал штатта 200 адамнан көп болмауы қажет. Салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарлама­лар­ды өндіруге және одан кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылы­ғы­на және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді», дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің директоры Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта «Креатив хаб «Халықаралық креативті индустрия орта­лығы» корпоративтік қорын (бұдан әрі – Қор) құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қордың негізгі мақсаты – қаржы­лық қолдау, таланттарды іздеу, инфра­құрылымдық даму, сондай-ақ зияткерлік қызмет өнімдерін экспорттауға және ком­мерцияландыруға жәрдемдесу арқылы креативті индустрияларды дамыту болып табылады. Бүгінде қордың жұмыс істеу тетіктері мен болашақтағы жоспары талқыланып жатыр. Креативті индустрия тәуекелдің жоғары деңгейіне бай­ла­ныс­ты бюджет қаражатын емес, венчурлық қаржыландыруды көздейді», дейді департамент басшысы.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, бүгінде 133 мыңнан астам адам креативті индустрия сала­сын­да жұмыс істейді. Сонымен қатар 39 564 шағын және орта бизнес тіркел­ген. Халықаралық қолөнершілер академия­сының президенті, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы, шебер Ырза Тұрсынзада креативті индустрия қазақта бағзыдан дамып келе жатқан экономиканың көне саласы екенін айтады.

«Біздің халық өзі жаратылысынан шығармашылыққа жақын. Мәселен, қазақ үйді алайық, алақандай үйде аналарымыз төрдің орнын бөлек, қыздың орнын, әке­нің орнын, ас пен ошақтың орнын бөлек қойып, ішін қол еңбегімен әшекейлеген. Киіз басу, алаша теру, кестелеу, құрақ, ою... соның бәрінің моделін оларға еш­кім берген жоқ, өз қиялымен, шабытпен, ішкі ойынан дамытып, алақандай қара­шаңырағын безендірген. Нағыз креа­тивті индустрияның бағзы заманнан келе жатқан көрінісі осы», дейді шебер.

Сондай-ақ ол креативті индустрия идеологияны насихаттаудың жақсы бір құралы болып отырғанын да атап өтті.

«Біз – қолөнершілер, қазақтың төл өнерін жаңғыртамыз. Осы сияқты кинолар да отандық өнімді насихаттаса екен деймін. Креативті индустрияны дамыту тұрғысында идеологиялық жағын да ескеруіміз керек. Жарыққа шығатын, халыққа ұсынылатын кез келген туынды немесе өнім жанама түрде отандық өнімді үнсіз болса да жарнамалап өтуі керек», деді Ы.Тұрсынзада.

Кинодағы жастар шығармашылы­ғын және компьютерлік технология­ны дамыту жөніндегі «Startkino» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Арман Әлім­жанов бүгінде жарық көріп жатқан тарихи кинолардың көбісі мемлекеттің қолдауымен шығып жатқанын айтты. Сондай-ақ кинотеатрларда ұсынылып жатқан комедиялық фильмдер өз қар­жы­сына түсіріледі. Ал аталған платформа ­жастар арасындағы авторлық және мобильдік кино бағытында жұмыс жасап жатыр.

«Біздің жобалардың осы күнге дейін кәсіби нарыққа шықпауының бір себебі, өзіміздің тапқан қаражатымыздан артық қолдана алмай отырмыз. Мәселен, бір жобаның бюджеті оның шығындары­нан – жалақы салығы мен жалпы салық­тар­дан, керекті жабдықтардан артылмайды. Енді биылдан бастап креативті индустрияға салық жеңілдетілді. Бұл аз болса да жа­ңа­дан бастап келе жатқан жас продакшн студияларға өте жақсы мүмкіндік. Бірақ бұл тетікті тереңдете да­мыту үшін сарапшы кеңес құру қажет. Өнер саласында аналитика жүргізетін, статистикалық тұжырымдар жасала­тын шығармашылық реестр керек. Бұл платформада республиканың әр түкпіріндегі түрлі продакшндардың деңгейі мен же­тістігі айқындалып отырады, ортақ алаңда бір-бірімен тәжірибе алмасады. Ең бастысы, бәсеке дамиды», дейді А.Әлімжанов.

Ал «Base» продюсерлік компания­сының директоры Бауыржан Сейфуллин жаңа қаулы ақша айналымы қомақты ірі компаниялар үшін тиімді екенін атап өтті.

«Бұл салаға алғаш келгенде шығын өте көп болды. Қазір тәжірибе жинақтаған соң табыс пен шығын бір қалыпқа түсті. Жалпы, жұмысты әрқашан заң мен ережеге сай жүргіземін. Биыл креативті ин­дустрияға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Жеңілдетілген салықтың, әсіресе қо­мақ­ты қаржымен жұмыс істейтін үл­кен ком­панияларға игілігі көп болмақ. Яғни креа­тивті салада жүргендердің бәрі ауқымды кәсіпке ие емес», дейді Б.Сейфуллин.

Қазір кей мемлекеттер өзінің шикіза­тын немесе өнімін сатудан гөрі, азамат­тарының «ақылын» сатудан орасан пайда келетінін түсінді. Сол арқылы экономикасы да үздіксіз алға жылжып отыр. Кейінгі жылдары қазақ тілін­де контент жасаушылардың да, көрер­мендердің де артқанын ескерсек, креа­тивті индустрияның елімізде де мүмкіндігі мол. Алдымен, салығы жеңіл­детілді, енді әр тарапқа тиімді жоспары мен жолы, бағыты мен ережесі беки түссе, ұлттық экономикаға құйылар алтын бұлақ болары сөзсіз.