Экспорт • 23 Қаңтар, 2024

Құс жұмыртқасы жеткілікті ме?

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Ресей тарапы елімізге құс жұмыртқасын жеткізуді ұлғайту туралы өтініш түсіргені мәлім. Көрші елге жасалатын экспортты өсіруге Үкімет деңгейінде мән беріліп отыр. Дей тұрғанмен отандық тұтынушылар өнімнің барлығы шекара асып, өзіміздің нарықта тапшылық туындап қалмай ма деп алаңдайды.

Құс жұмыртқасы жеткілікті ме?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің дерегінше, еліміздегі құс фабрикалары отандық нарыққа қажет өнімді толығымен қамтып қана қоймай, экспортқа сұраныс жасаған елдерді де жарылқап отыр. Мәселен, былтыр өндірілген тауық жұмыртқасының саны 5 млрд-тан асып, ішкі сұраныстың 102 пайызын құраған. Қазіргі күні құс жұ­мыртқасын өндіретін 32 фаб­рика бар.

Павлодар облысына жұмыс са­парымен келген Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Аманғали Бердалин аталған өнім бойынша нарықтағы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, елімізде тауық жұмыртқасы бойынша еш­қандай тапшылық жоқ.

«Отандық нарықта құс жұ­мырт­қасы барынша жеткілікті екені байқалып отыр. 2022 жылы отан­дық өндірушілер 5 млрд дана, был­­тырғы жылдың алғашқы 11 айын­да 4,9 млрд дана жұмыртқа өн­дір­ген. Жұмыртқаның бұл көле­мі елдегі сұраныстың 102 па­йы­зын құрайды. Яғни кәсіпкер­лер­дің қолында сыртқа шығаруға арналған артық өнім бар деген сөз. Оның үстіне қазір еліміз бойынша 10 құс фабрикасының (жұмыртқа бағытында) құрылысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта біздің ми­нистр­лік мұндай өндірістік кәсіпорындар жоқ Ұлытау, Жетісу, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында 25 пайыздық инвестсубсидия енгізуді жоспарлап қойды. Өткен жылдың 11 айында өндірушілеріміз сыртқа 264 млн дана жұмыртқа экспорттаған. Егер отандық нарықта шын мәнінде жетіспеушілік болса, біз әкімшілік амал қолданып, оған жол бермес едік. Тек Ауғанстанға 10 ай ішінде 115 млн дана жұмыртқа жіберіппіз. Жалпы, Ресей, Ауғанстан және өзге де елдерге экспортталып жатыр», дейді вице-министр.

Агроөнеркәсіп кешенінде 34 бройлер типіндегі және 32 жұ­мырт­қа бағытындағы фабрика бар. Инвестициялық субсидия­дан бөлек, кәсіпкерлерге бір күн­дік балапан сатып алғаны үшін 60 теңгеден демеуқаржы төле­не­ді. Бұған қоса алдағы айларда жұмыртқа өндіру бойынша ішкі резервтер іске қосыла бастайды деп күтіліп отыр. Бұл дегеніміз – бұған де­йін тоқтап қалған фабрикаларды қайта жүргізу.

«Еліміз бойынша жұмырт­қа өндіріп келген 5 фабри­ка­ның жұмысы тоқтап тұр. Біз ер­тең­нен бастап олардың мәсе­ле­­сін талқылауды бастаймыз. Әр­­қай­сысының тоқтау себебін анық­тап, тезірек іске қосылуына мүд­деліміз. Егер қаражат тапшы­лы­ғынан тұрып қалған болса, бюджеттен қаржы беріледі. Кейбір кәсіпорындар жергілікті нарықта жұмыртқаның көбейіп кетуінен тежеліп қалған болуы мүмкін. Мұндай өндіріс орындарына жұмысын қайта жаңғыртуға жағдай жасалады. Қазір жұмыртқаның бағасы өсті, оның босату құны кәсіпкерлер үшін тиімді. Осындай резервтер есебінен алдағы уақытта Ресей еліне жұмыртқа экспортын жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Ал өзіміздің нарықта тапшылық қалыптаспайды, бізде қор жеткілікті», деп нақтылады вице-министр.

Павлодар облысының тұрақ­тан­дыру қоры 2022 жылы 6,5 млн дана жұмыртқа сатып алған. Оның 1,5 млн данасы былтыр жергілікті сауда саласындағы кәсіпкерлерге арзан бағада босатылды. Қойма есебінде тұрған 5 млн дана құс жұмыртқасы алдағы жазға дейін жетеді деп болжанып отыр. Әдет­те аймақта жұмыртқа бағасы на­рық­та өнім көбейген уақытта, сәуір–мамыр айларында төмен­дей­ті­ні мәлім. Қазір өнімнің ондығы (І сұрып) қордан 426 теңгеден босатылса, ал әлеуметтік дүкендерде 468 теңгеден сатылып жатыр.

Айта кетейік, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі ет бағытын­дағы құс фабрикаларының да қай­та жандануына ықылас танытып отыр. Павлодар облысында бұған дейін Қызылжар құс фаб­ри­касы тоқтап қалған еді. Жақын уа­қытта мемлекет қолдап жіберсе, кә­сіпорынның тамырына қайта қан жүгіруі ғажап емес.

 

Павлодар облысы