Басылым • 22 Қаңтар, 2024

Қайраткер туралы қос кітап

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада көр­некті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай жарық көрген «Komiser jürgenov» және «Темирбек Жур­генов: триумф и трагедия» атты қос кітап­тың таныстырылымы өтті.

Қайраткер туралы қос кітап

Былтыр ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының шешімімен қазақ рухания­тының дамуына зор үлес қосқан тұ­ғырлы тұлғаның 125 жылдығына орай Темірбек Жүргенов жылы деп жа­рияланды. Осыған орай қоғам қайрат­керінің құрметіне жыл бойы түрлі іс-шара ұйымдастырды. Соның жалғасы ретінде жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» атты кітабы түрік тіліне аударылса, ғалым Алмажан Өтеғалиеваның «Темирбек Жургенов: триумф и трагедия» атты еңбегі орыс тілінде жарыққа шықты.

Б.Қойшыбаевтың түрік тіліндегі «Komiser Jürgenov» атты романында халқымыздың бір­туар перзентінің өмір жолы, өскен ортасы, ел игілігі жолындағы жанқияр­лық еңбегі, қуғын-сүргінге түскен қай­раткер отбасының басынан өткен ауыр кезеңдері шыншыл жазылған. Сондай-ақ жазықсыз жаланың құрбаны болған ардақты тұлғаның жары Дәмеш Әмірханқызы ерінің есімін қоғам өміріне қайтару жолындағы ұзақ жылдар тынымсыз тер төккені шынайы баяндалған.

Ал ғалым Алмажан Өтеғалиеваның «Темир­бек Жургенов: триумф и траге­дия» атты кең кө­лем­­дегі мұрағат де­рек­теріне сүйеніп жазылған мо­но­­гра­фиялық еңбегінде көрнекті қайрат­кер­­­дің қоғамдық-саяси қызметі барынша ашылған.

Іс-шара барысында сөз алған Мә­дениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев аталған министрлік Т.Жүргенов мұрасын насихаттауды үнемі назарда ұстайтынын айтты. Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйы­мы­­ның бас хат­шысы Сұлтан Раев маз­­мұн­ды іс-шараның маңы­зына тоқ­тала келіп, «Былтыр ардақты аза­мат­тың 125 жылдығын күллі Түркі дү­ние­сі бірігіп тойлады. Енді оның әде­би-публи­цис­тикалық мұрасын түбе­гейлі зерттеп, мәде­ниетіміз бен әде­биетіміздің тарихында алатын орнын нақты белгілеу– сіз бен біздің және келешек ұрпақтың мойнындағы парыз», деді ол.

Тұсаукесерді ТҮРКСОЙ-дың Қазақстандағы мәдени өкілі, академик Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді. Жиында Парламент сенатының депутаттары Д.Қыдырәлі, Р.Рүстемов, ғалымдар Д.Қамзабекұлы, А.Шәріп, Е.Тілешев, Ә.Бәкір, О.Әлиев, темірбектанушы С.Аңсатов т.б. сөй­леп, тұлғатанудың ел бірлігі мен мемлекет­шілдікке ықпалын баса айтты.