Сараптама • 22 Қаңтар, 2024

Жылыжай саласының жағдайы

315 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жылыжай шаруашылығы дамыған еліміздегі ең ірі өңір – Түркістан облысында аумағы 1 640 гектарлық 3 366 жылыжай бар. Алайда осыншама жылыжайда өндірілетін өнім бағасы өңір тұрғындарының көңілін көншітпейді. Қарапайым тұтынушы түсінігінде жылыжай көбейген сайын, бәсекелестік бәсі өсіп, өнім арзан­дауға тиіс. Бүгінде қызанақ пен қиярды жылыжайы көп өңір тұрғындарының дас­тарқанынан сирек көресіз. Өйткені бағасы қарапайым халық үшін қымбат. Неге?

Жылыжай саласының жағдайы

Тура бір жыл бұрын, яғни былтыр қаңтар айының екінші онкүн­дігінен бастап, ауа райының күрт суып, қардың қалың түсуі жылыжай шаруашылықтарының қысқа дайындығы тиісті деңгейде болмағанын аңғартты. Яғни жылыжайлар қажетті көмір қорын қалыптастырмаған­дық­тан, қатаң қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Жылыжайлар­дың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған же­ңіл конс­трукциялы болғандықтан, 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түсті. Осыған орай, облыс әкімдігінің үйлестіруімен шұғыл іс-шаралар атқарылып, көмірмен жылытылатын 591,0 гектар жылыжайға, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір жеткізіліп, жағдай тұрақтандырылған еді.

Міне сол қаңтардағы қиын­дық­тар кезінде шығынға батқан шаруалар Үкіметтен көмек сұрап, алдағы уақытта жылыжай өнім­де­рінің қымбаттайтынын да айтқан-ды. Осы жайттан хабардар өңір тұрғындары кей көкөніс баға­сының өсуін былтырғы қиын­дық­пен де байланыстырады.

Жылыжайдың жайын айтып, былтыр жыл басында және одан кейін де Сенат, Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысына депутаттық сауалдар жолдады. Күзге дейін көп нәрсе өзгермеді-ау деймін, былтыр қарашада Түркістан облысына сапарлап қайтқан Мәжіліс депутаттары Премьер-министрдің назарын тағы да жылыжай мәселесіне аудар­ды. Депутаттық сауал жолдап, саланың әбден құлдырағанын айтты. «Соңғы екі жылда жылыжай саласы құрдымға кетіп барады. Шаруалар жылыжайларын бұзып, қаңқасын темір-терсекке өткізіп жатыр. Себебі қордаланған мәселелерін шешуде Үкімет тек уәде берумен шектеліп отыр. Аграрлық несиелік корпорация тарапынан фермерлік жы­лыжайларды арнайы жеңіл­де­­тілген қаржыландыру бағ­дар­­­ламасы әзірленбеген. Ша­руа­лар кәсібін жүргізуге микро­­қар­жы ұйымдарынан 45%-бен несие алуға мәжбүр. Осы уа­қыт­та шаруалардың жартысы несиесін жаба алмай банкроттық жағдайға жетті. Мысалы, қысқы уақытта жұмысты жүргізу үшін түркістандық жылыжайшыларға 450 мың тонна көмір керек. Об­лыс әкімшілігі мен Энерге­ти­ка министрлігінің көмір кенші­ле­рімен арзандатылған бағамен көмір алуға келіскен лимиті 150 мың тоннадан аспайды. Ол да жет­кізу шығындарын, дел­дал­дардың қосатын бағасын есеп­­тегенде тоннасына 25 мың тең­геге шығады (былтырғы баға – 17,6 мың теңге). Шаруаларды ты­­ғырыққа тіреп отырған ең бас­ты мәселе – маусымдық импорт. Былтырдан бері шаруалар Түр­ікменстан мен Өзбекстаннан демпингтік бағамен қызанақ пен қияр кіріп жатқанда дабыл қағып, Үкімет­тен шара қолдануды сұра­ды. Алайда еститін құлақ болмады. Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақта­ма­ды. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға бар­саңыз килосы 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал Жаңа жылда үстелдеріңізге қы­за­нақ пен қиярды еттің баға­сымен сатып алып қоюға да­йын отырыңыздар», деді депутат А.Ходжаназаров өз сауалында. Ра­сында да биылғы қаңтарда қы­за­нақтың бағасы 1000-1200 теңге болып тұр. Осы орайда депутаттар өз ұсыныстарын да жеткізген болатын.

Үкімет басшысы Ә.Смайылов Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылықтарының проб­лемалық мәселелеріне қатыс­ты де­путаттық сауалға жел­тоқ­сан­да берген жауабын­да жылыжай аумақтары 233 гектарға азай­ға­­нын мәлім етті. Өткен жылы өсім­­дік шаруашылығы саласын, оның ішінде жабық топырақта өсі­руді дамытуға барлығы 125,7 млрд теңге бөлінген. Бұдан бас­қа, инвестициялық суб­си­дия­­лар шеңберінде жылыжай ке­шен­де­рін салу және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезіндегі шығындарды өтеу көзделген. Со­нымен қатар Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі өтеу үлесін 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайту жұ­мысын жүр­гізді. «Отандық жы­лыжай шар­уа­шылықтары Өзбек­стан мен Түрікменстанның көкөніс өндірушілері тарапынан демпингке ұшырауда. Аталған елдерде өндірістің өзіндік құны климаттық жағдайларға, жұмыс күшінің, электр энергиясының, газ­дың арзандығына байланыс­ты әлдеқайда төмен. Бұл рет­те көрші елдерден жеміс-көкөніс өнімдерін әкелуге шек­теу­лер белгілеу және мау­сым­дық ке­зең­дерде ке­дендік баж­дар­дың ұлғаюы ішкі нарық­та­ғы бағаның өсуіне, сон­дай-ақ мау­сым­аралық кезеңде осы өнім­дердің тапшылығына алып келуі мүмкін» делінген Премьер-ми­нистр­дің жауабында. Ал көмір құнын арзандатуға қа­тыс­ты Үкі­мет басшысы жылы­жай шар­уашылықтарының қауым­дастығы мен «Шұбаркөл көмір» АҚ арасында 2024 жылғы қаң­тар­дан бастап ай сайын 12,5 мың тоннадан 150 мың тонна көлемінде көмір жеткізуге ар­нал­­ған коммерциялық шарт жасал­ға­нын жеткізген. Сондай-ақ өсімдік шаруашылығын субсидия­лау қағи­даларының талаптарына сәй­кес Түркістан облысы мен Шым­кент қаласының әкімдіктері өнер­кәсіптік және фермерлік жылыжайлар үшін ағымдағы жылы ар­налған субсидиялардың кө­ле­мі мен нормативтерін бе­кіт­ті. Өнеркәсіптік жылыжай­лар үшін норматив – гектарына 8,1 млн теңге, фермерлер үшін – гектарына 4,8 млн теңге. Былтыр субсидиялауға Шымкент қаласы бойынша – 767 млн теңге, Түркістан облысы бойынша – 500 млн теңге көзделген. Премьер-министрдің жауабына қарағанда, аталған тетік биылдан бастап елі­­міз­дің барлық өңірінде тара­ты­лады.

Яғни Үкімет тарапынан қол­дау көрсетілуде. Оны жылы­жай иелері де растап отыр. Мысалы, Сары­ағаш ауданындағы «Ислам­бек» шаруа қожалығының төра­ғасы Акрамбек Умаров кө­мірмен қамтамасыз етуде, суб­сидия беру бойынша жақсы қолдау көр­сетілгенін айтты. «Біздің жылы­жайдың аумағы – 1,9 гектар, 550 тонна көмір жағамыз. Мем­лекеттік қолдау шеңберінде 350 тонна көмір алдық. Бұл да – үлкен көмек. Сондай-ақ фермерлер үшін гектарына берілетін 4,8 млн теңгенің жартысын алдық, қалғаны ақпанда қолға тиетіні айтылды. Жалпы бұрынғыдай емес, мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан қазір жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Ендігі үмітіміз көрші мемлекеттерден, яғни Түрікменстан, Өзбекстаннан кіретін тауарларға тосқауыл қо­йылса, дұрыс болар еді. Оларда өнім­нің өзіндік құны арзан, бұл жағынан біз бәсекелесе алмаймыз. Өйткені электр қуаты, көмір бағасы қымбат, яғни жұмсалатын шығын көп. Осыдан он жыл бұрын қызанақты келісіне 500 теңгеден беретінбіз, сол бағаны өсірген жоқпыз. Керісінше жұ­мыс­шыларға төленетін еңбекақы, электр қуатына, көмірге жұм­салатын шығын өсті. Мы­салы, көмір 23 мың теңге, электр қуаты 42 теңге, өткен айда электр қуатына 526 мың теңге төледім. Жылыжай жабындысын, яғни пленканы ауыстыруым керек. Жұмыс күшін жергілікті аза­мат­тардан іздестірдім, олар 1 млн 250 мың теңге сұрады. Амал жоқ көрші елден 700 мың теңгеге жұмысшы жалдауға тура келеді. Міне осы сынды шы­ғындар өнімнің өзіндік құнын арзандатуға мүмкіндік бер­мей­ді. Яғни мысалы қызанақ арзан­да­майды. Былтыр 110 тонна өнім алдық, бірақ өз шығынын өте­меді. Біз негізінен «оптовиктерге» өткіземіз. Нәпақаны осы жылыжайдан тауып отырған соң, ізденеміз, көрші елдердегі жағдайды зерттейміз. Мысалы, көрші өзбек елінде отандық өнімді қолдау бағытында жақсы жұмыстар қолға алынған. Заң тұрғысынан да. Олар сырттан келген транзиттік тауарларды шекарадан шыққанынша қатаң қадағалайды, яғни тоқтатпайды», дейді Акрамбек Умаров.

Өткен жылдың қорытын­ды­­­сымен облыстағы жылыжай шаруа­­шылықтарынан 140,0 мың тонна өнім жиналды. Бұл маусым аралық кезеңде (қазан-наурыз) ел халқы қажеттілігінің 42 пайызын қамтамасыз етеді. Облыстағы жылы­­жайларда биыл 681,5 гек­тарға – қияр, 792,8 гектарға – қы­занақ, 154,6 гектарға – болгар бұрышы, қырыққабат, құл­пынай сынды басқа да дақылдар және 4,4 гектарға көшет, 3,6 гек­тарға лимон, 3,1 гек­тар­­ға гүл егілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылыжай шаруашылығымен айналысатын азаматтармен кездесулер өткізіп, жүйелі шешімдер қабылданды. Жылыжай шар­уа­шылықтарын қол­дау бойынша облыстық бюджет­тен 565 млн теңгеге 100-ден астам шаруаға субсидия тө­­ленді. Қазіргі таңда, 2024 жыл­­­дың бірін­ші айналымына кө­шет отыр­ғызу жұмыстары ат­қа­­­рылуда. Бүгінде жылыжай шар­­уа­­шылықтары нарықтан 97,6 мың тонна көмір отынын сатып алып, пайдалануда.

Айта кетелік, жүргізілген жұ­­мыстардың нәтижесінде баға ин­дексі 100,6% болып, облыс бағаны тұрақтандыру бойынша өңірлер арасында 2 орынға шықты. Биыл азық-түлік бағасын тұрақ­тандыру мақсатында қажет­ті қор жасақталған. Облыс әкім­ді­гінің хабарлауынша, көкө­ніс өнімдері бойынша есептел­ген қажеттілік 6 376 тонна болса, шар­уалармен жасалған келі­сім­­шарттар – 10 136 тонна. Жинақ­тал­ған қор тұрғындардың тұтыну қажеттілігін 159%-ға қамтамасыз етуге жетеді. Өңірде күріш, қант, қарақұмық, күнбағыс майы және ұн бойынша қор жет­кілікті. Нан және ұн бағасы тұрақ­ты. Арзан­да­тылған бидайдан жасал­ған ұн наубайханаларға төмен бағада босатылып, нан әлеуметтік дүкен­дерде 85-90 теңгеден саты­луда. Жалпы, тұрақтандыру қо­рында 32 мың тонна қор бар. Түркістан және Кентау қалаларында 30 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Қосымша 20 әлеуметтік дүкенді іске қосу, сонымен қатар барлық аудан және қала орталықтарынан 2 әлеуметтік дүкеннен орналастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ондағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен сатылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, картоп, қырыққабат, пияз өсіруге бөлінетін субсидия көлемі еселеп артқан. Өңірге 7763,2 тонна бидай жеткізілген.

 

Түркістан облысы