Қоғам • Бүгін, 09:45

Оқушының оғаш қылығына кім жауапты?

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бала болған соң, бір-бірімен шекіспей тұрмайды. Алып-ұшқан адуынды мінезімен алды-артын аса бағамдай бермейтін жасөспірімдер төбелесінің салдары кейде үлкен дауға ұласып жатады. Тіпті қораз төбелестіргендей қаумалаған құрбы-құрдастары олардың видеосын желіге жүктеп, оның арты қоғамдық резонанс тудырады. Бір қызығы, мектептен жырақ жерде, сабақтан тыс уақытта болса да оқушылардың оғаш әрекеттеріне ата-ана емес, алғы кезекте мұғалім, мектеп әкімшілігі жаза арқалайды. Бұл қаншалықты әділетті?

Оқушының оғаш қылығына кім жауапты?

Әрине, мысал келтірсек, әлеу­меттік желіде жас­өспірім­дердің бұзақылығына қа­тысты контенттер, бейнематериал­дар жетіп-артылады. Оның қайсыбірін ­айтамыз. Өзекті өртейтіні бұл әлеу­меттік үдеріске қоғамның еті де үйреніп кетті. Ал оған ата-ананы емес, алдымен мұғалімді кінәлап, істі жылы жауып тастау да үйреншікті әдетке ­айналып барады. Әділетті елге бетбұрыс жасап, заң мен тәртіпке сүйенген қоғамға айналғымыз келсе, мұндай келеңсіздікті жүйелемей, мақсатқа жете алмасымыз анық.

Әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, қоғамдық кері кетушілік әрекеттерге үн қатып жүретін қоғам белсендісі, кәсіпкер Мейрамбек Пазыл­беков жуырда «Facebook»-тегі парақшасында білім саласындағы ке­леңсіз жайттарға кезекті мәрте пікі­рін білдірген. Ол жазықсыз жасөспірім­нің ажал құшқаны үшін оқу орны басшылығының жазаға тартылғанына қарсы.

«Қаскелеңде бір оқушы екіншісі­нің жүрегіне шампур сұғып, өлтіріп қойған. Бәрі – арақтың кесірі. Салдарынан сол мектептің директоры жұмыстан қуылып, орынбасары мен сынып жетекшісі қатаң сөгіс алды. Оқиға қала сыртындағы коттеджде сабақтан тыс уақытта болған. НЗМ-ге қатысты неше күннен бері мыңдаған адам «Педагог мәртебесі туралы» заңды алға тартып жатыр. Жақсы, дұрыс дейік. Ал мына жағдайда қызға араша түскен, ішімдік ішпеген бала ажал құшып, қайғылы оқиға болды. Оған мектеп басшысы мен ұстаздардың қандай кінәсі бар? Олар өз міндетін адал атқарып, ата-аналардың чаттарына алдын ала ескертулер таратқан. Сонда аталған мұғалімдерге «Педагог мәртебесі туралы» заң жүрмей ме? Олардың құқығы қорғалмай ма? Әлде заң тек НЗМ үшін жазылған ба? Неге министр, вице-министр бұл жағдайға қатысты әділ шешім шығармайды? Бір уақытта болған екі жағдайда бір-біріне қарама-қайшы шешім қабылданды», деп жазған қоғам белсендісі мұны «қос стандарт» деп бағалады.

Ал «Qazbilim Group» компания­сы­ның басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанмен байланысқанымызда бұл мәселені «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданар алдында көтер­гендерін айтты. Яғни мұғалімнің құқық­тары мен міндеттері айқындалса деген ұсыныстары болған екен.

– Аталған заңда осы тұс толық айқын­далмай қалды. Жалпы, мұғалім­дер құқығы мәселесінде бала құқығы туралы нормаға, ата-ананың міндеті мен жауапкершілігіне қатысты нор­маға байланысты өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Яғни мұғалімнің, мектеп әкімшілігінің жауапты кезеңі мен ата-ананың жауапты кезеңі ашық, айқын көрсетілуі тиіс. Сабақтан тысқары уақыттың бәрін ата-ананың жауапкершілігіндегі дүние деп қарауы­мыз керек, – дейді А.Ахметжан.

Бұл жағдайға Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов та бейжай қарамай, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Ерболат Байұзақұлы кейінгі кездері сабақтан тыс уақыттағы оқушылар тө­бе­лесінің жиілеп кеткеніне, оған тек білім беруші тараптың ғана кінәлі бола беретініне алаңдаушылық білдірді.

«Біз бұл үрдісті өте алаңдатарлық деп санаймыз. Өйткені мектеп бас­шы­лығы тек оқу-тәрбие үдерісін ұйым­дас­тыруға жауапты екенін жақсы білеміз. Ал сабақ­тан тыс уақытта немесе демалыс кезеңінде болған оқиғалар үшін оларды жазалау – әділетсіздік. Бұл мә­селе әсіресе ауылдық елді мекендер­де ушығып тұр. Бүгінде ауыл мек­теп­­терінде директор және оқу бөлі­мі­нің мең­­герушісі лауазымдарына үміт­­кер­лер табу қиын», дейді депутат Е.Саурықов.

Оның айтуынша, мұндай жағдайлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде өршіп тұр.

«Ертең мен де жұмыстан шығып қаламын ба? Негізсіз жауапкершілік­ке тартылам ба?» деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың ара­сын­да күнделікті қалыпты жағдайға ай­налды. Аталған мәселелер, әсіресе Жам­был, Түркістан, Алматы және Жетісу об­лыстарында ушығып тұр. Бүгінгі күн­нің өзінде мектеп басшы­лығына бос орындарға кадр табыл­май отыр. Біздің көтеріп отырған мәсе­ле­міз тек кадрға қатысты емес, бұл – ауыл мектебінің тағдыры туралы түйт­кіл. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса, онда алтын бесіктегі балалардың да болашағына қауіп төнеді деген сөз», деген Мәжіліс депутаты қолданыстағы заңнамаға сүйенсек, «Білім туралы» заң бойынша мектеп басшылығы оқу-тәрбие үдерісіне жауап беретінін алға тартып отыр.

Оның айтуынша, Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы кодексте ата-аналардың баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттері көзделген, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылған. Алайда жүргізілген талдау барысында «Құқық бұзушы­лықтардың алдын алу туралы» заң­да кәмелетке толмағандардың құ­қық бұзушылықтарының алдын алу­ға қатысты бірде-бір нақты және толық­қанды норма жоқ екені анықталыпты.

Сондықтан Е.Саурықов бастаған сауалға мүдделі депутаттар тобы бұл жағ­­дайды құқықтық олқылық деп есеп­тейді, оны заңнамалық тұр­ғыдан то­лықтыру қажеттігін айтты.

«Жалпы, мектеп директорлары мен меңгерушілерді мектептен тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезіндегі оқиғалар үшін жазалау, тәртіптік ша­ра қолдану немесе жұмыстан босату заңға да, логикаға да қайшы келеді. Біздің ойымызша, бұл мәселені шешуде халықаралық тәжірибеге де назар аудару қажет. Барлық дамыған елде мектеп басшылары оқу үдерісі мен ресми мектеп іс-шаралары аясында ғана жауап береді. Басқа жағдайларда ата-аналар толық жауапты. Бұл – әділетті және тиімді тәсіл», дейді Е.Саурықов.

Міне, осындай аргументтерді тізіп шыққан «Ауыл» партиясының фракциясы Үкіметке нақты ұсыныстарын да берді.

Алдымен, мектеп басшыларын мектептен тыс уақытта және каникул кезеңінде болған құқық бұзушы­лық­тар үшін жауапкершілікке тарту­ға болмайтынына ресми түсіндірме беру қажеттігін талап етсе, екіншіден, «Білім туралы» және «Құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу туралы» заң­дарға нақты түзетулер енгізіп, осы мәселені реттеу қажет деп санайды.

Үшіншіден, «Құқық бұзушы­лық­тардың алдын алу туралы» заңға арнайы норма енгізіп, кәме­лет­ке тол­мағандардың құқық бұзушы­лық­тары­ның алдын алу тетіктерін егжей-тегжейлі анықтап көрсету қажеттігін ұсынды. Сондай-ақ бұл нормаларда ата-аналардың жауапкершілігі бірінші кезекте екенін заң деңгейінде нақтылап көрсету керектігін ескертті.

Төртіншіден, ауыл мектептерінде кадр тапшылығының алдын алу үшін пе­­­да­гогикалық қызметкерлердің құ­қық­­­­­тық қорғалуын күшейту жөнін­де жү­­­­йелі шаралар қабылдауды ұсына­мыз.

Бесіншіден, депутаттар халық­ара­лық тәжірибеге сүйене отырып, оқушылардың сабақтан тыс және демалыс кезеңіндегі мінез-құлқы үшін ата-аналардың жауапкершілігін нақ­тылайтын қосымша нормалар әзір­леу қажет екенін атап өткен.

Бұл депутаттық сауалға Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев жауап қатыпты.

Ол «Педагог мәртебесі туралы» заң нормасына сәйкес, педагогтер, оның ішінде мектеп басшылығы (дирек­тор, директордың орынбасарлары) өз­дерінің кәсіби қызметіне жатпайтын, яғни сабақтан тыс уақытта болған оқушылардың құқық бұзушылықтары үшін жауапты еместігін жеткізген.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексте «Педагог мәрбесі туралы» заңын бұзу түрінде жасал­ған бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте педагогтер құқықтарының қорғалуы заңнама деңгейінде реттелген. Ата-аналардың жауапкершілігі (оның ішін­де балалардың оқудан тыс кезін­де) туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Құқық бұзу­шылықтың профилактикасы туралы» тұжырымдамалық жаңа бірыңғай заң жобасы әзірленді. Заң жобасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ба­ғыт­талған арнайы шаралар көзделген. Атап айтқанда, баса назар аударуды қажет ететін кәмелетке толмағандар­ды педагогикалық сүйемелдеу тәртібі регламенттелген, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмаған­дарға қатысты жеке профилактикалық шараларды қолдану ерекшеліктері айқындалған. Сондай-ақ профилактика субъектілерінің саны ұлғайтылып, олардың жауапкершілік аймағы нақты­ланды», дейді Е.Көшербаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы­ның орынбасары Неке (ерлі-зайыпты­лық) және отбасы туралы кодексі­нің 70-бабының 2-тармағына сәйкес, ата-аналар өз баласын тәрбиелеуге, адамгершілік тұрғысынан, рухани дамытуға міндетті әрі жауапты екенін жеткізген. Ал кәмелетке толмаған баласына дұрыс күтім жасамай, қауіп­сіздігіне селқос қараған ата-ана немесе оның заңды өкілі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарас­тырылғанын да қоса кетіпті.

Вице-премьердің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері 3 мыңнан аса қараусыз қалған жасөспірімдер бейім­деу орталықтарына жеткізілген. Ал түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 63 мыңнан аса жасөспірім, 1,3 мыңға жуық кәсіпкер, 12 мыңнан аса ата-ана жауапкершілікке тартылыпты.

Қалай десек те, Е.Көшербаевтың депутат Е.Саурықовтың сауалына жол­­даған жауабынан ата-аналардың баласы үшін жауапкершілігі заңна­мада қарастырылғанын, кәме­летке толмағандар арасындағы құқық бұзу­шылық профилактикасы бо­йын­ша жұмыс жаңа заң аясында күшей­тілетінін ұқтық. Нәтижесін уақыт көрсетер. Оған қоса вице-премьер Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің құқықтарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп жатқанын да жеткізіпті. 

Соңғы жаңалықтар