Технология • 19 Қаңтар, 2024

Еңбек нарығындағы жасанды интеллект

96 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы жасанды интеллект саласына қатысты сөздер ең көп қолданыста болған екен. Жыл жаңалығының бірі де мүмкіндігі көп чат-боттың әзірленуі болды. Қазіргі кезде нейрожелінің күнделікті өмірімізге дендеп еніп келе жатқаны әр саладан байқалады. Енді жасанды зерденің жәрдемімен жұмысшы іздегендер де, жұмыс іздегендер де оңай таба алады.

Еңбек нарығындағы жасанды интеллект

Еңбек және халықты әлеу­мет­­тік қорғау министрлігі электрон­ды еңбек биржасы порталында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін бос орындар мен түйіндемелер бойын­­ша ұсы­нымдарды сәйкестенді­­ріп, жүйе­леуге мүмкіндік бере­­тін жасанды интеллект моде­­лін іске қосты. Ней­рожелі атал­ған министрліктің ақ­па­рат­тық жү­йе­лерінің де­ре­­гімен арнайы оқытылған. Бұл­ жүйе LinkedIn Recruiter із­деу­ және ұсы­ныстар жүйесіне ұқ­сас озық тәсілмен әзірленген.

Түйіндемелер мен бос жұ­мыс орын­дарының мазмұнын тиім­ді талдауға мүмкіндік бере­тін табиғи тілді өңдеу модельдері екі тараптың да жұмысын едәуір жеңілдете түседі. Аталған механизм жұмыс берушілерге жұмысқа қабылдау және кадр резервін қалыптастыру үшін лайықты кандидаттарды жылдам және дәл іздеуді қамтама­сыз етсе, ал жұмыс іздеуші­лер­ге өзінің талаптарына сәйкес келетін бос жұмыс орындарын тезірек іздеп табуға мүмкіндік береді.

Қысқасы, жасанды интел­лект барлық түйіндеменің маз­мұнын жақсы түсінеді. Ол жерде жазылған жалақы мөл­шері, тұрғылықты жері, кө­шу мүмкіндіктері, дағдылары сияқты әртүрлі талапты ескере отырып, жұмыс іздеушіге ең қолайлы нұсқаларды ұсынып отырады. Дәл солай жұмыс беру­шілерге де лайықты ұсыныстар береді.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта нейрожелінің жұмысы одан әрі жетілдіріледі. Машиналық оқы­ту алгоритмдерінің жұмысын жақсарта отырып, өтініш беру­шілерге қосымша білім беру қыз­метін қосу жоспарда бар.