Денсаулық • 17 Қаңтар, 2024

Шипа туралы шеберлік сабағы

54 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Медицина саласында толайым табысқа жеткен шетелдік мамандар Астана медицина университетінде шеберлік сабағын өткізді. Он күнге созылған семинарға 700-ден аса медицина маманы қатысып, білім көкжиегін кеңейтті.

Шипа туралы шеберлік сабағы

Шеберлік сабағына акушер және гинекология, урология, травматология, психиатрия және медицинаның басқа да бағыттары бойынша танымал жетекші сарапшылар шақырылған. Шетелдік сарапшылардың арасында Ресей, Израиль және Германия секілді бірнеше ел­дің ғалымдары мен мамандары болды.

Астана медицина уни­вер­ситетінің проректоры Меруерт Газалиеваның айтуынша, медицина саласы жыл өткен сайын дамудың үстіне дамып келеді. Әр жылдары ауруды диагностикалау, емдеу, алдын алудың жаңа тәсілдері пайда болады. Дәрі-дәрмектің де түр-түрі шығып жатыр.

– Елімізде ең жаңа де­ген жабдықтармен жарақтан­дырылған және штатында қажетті бейіндегі мамандары бар клиникалар саны артып келеді. Бұл елдің денсаулық сақтау саласын жақсартуға және ел азаматтары үшін сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсе­теді. Мамандардың кәсі­би деңгейін арттыру, клини­калық практикаға озық тех­но­логиялар мен емдеу әдіс­терін енгізу мақсатында осындай іс-шараны ұйым­дастыру туралы шешім қа­былданды», деді семинар барысында сөз сөйлеген М.Газалиева.

Шеберлік сабақтары қа­ла­лық көпбейінді ауру­ха­налардың, қалалық психи­ка­лық денсаулық орталы­ғының, академик Нұрлан Батпенов атындағы травма­тология және ортопедия ғылыми орталығының, сон­дай-ақ Астана қаласы­ның емханаларының опера­ция­лық блоктары мен кли­ни­ка­лық базаларында жалғасты.

Шеберлік сабағына келген медицина мамандары өз бейіні бойынша бірнеше операцияға қатысқан. Прак­ти­калық жұмыс клиникалық бөлімшелерде, анестезиоло­гия, реаниматология және қарқынды терапия бөлім­шелерінде өтіпті. Сонымен қатар практикалық сабақ­тар клиникалық базалар­дың операциялық блогын­да, Астана медицина уни­верситетінің симуля­циялық орталығында жалғасқан. Семинар барысында білім алушыларға лапароскопия мен гистероскопияның асқынуларын, преэклампсия, эклампсия, тромбоэмболиямен ауыратын науқастарды бақылау үлгілерін, сондай-ақ кесір тілігінен кейін пайда болатын жағдайларды және одан кейінгі жүктілікті бақылау тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік берілді.

Ғалымдар қатысушы­лар­­мен бірге аяқ, жамбас, то­бықтың және тізенің күр­делі сыну жағдайларын тал­дады. Сонымен қатар ре­конструктивті урология және ерлер денсаулығы ме­дицинасы мәселелері талқы­ланды. Осы бағыт бойынша практикалық шеберлік сабағында үрпіге жасалатын микрохирургиялық операциялар, қуық ісігінің лазерлік резекциясы талданды. Осы күні Астана медицина университетінің проректоры медициналық көмек көрсету стандарттарының тұрақты дамуы жағдайында білім мен тәжірибені таратуда шеберлік сабақтарының маңызы зор екенін атап өтті.

– Халықаралық сарап­шы­ларды шақыру универ­ситеттің стратегиялық мақ­­саттарына қол жеткізу па­раметрлерінің бірі сана­лады. Бұл қадам білім алу­шылардың клиникалық даяр­лығын интернационал­дандыру үдерісіне, тәлім­герлердің, оқытушы-про­­фессор құрамның, дәрі­гер­лердің, елорданың прак­тикалық денсаулық сақтау саласының орта медици­на қызметкерлерінің білік­тілігін арттыруға ықпал етеді, – деп түйіндеді М.Га­за­лиева.