Депозит • 15 Қаңтар, 2024

Ұлттық қор: Әр балаға – 300 доллардан

1535 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігі 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бо­йынша Ұлттық қордың түсімдері және оны пайдалану туралы есепті жариялады. 2023 жылы қорға 6,41 трлн теңге түскен, оның 4,56 триллионы – мұнай секторынан тікелей түскен табыс. 1,82 трлн теңге – инвестициялық кіріс. 4,07 трлн теңге трансферт есебінде пайдаланылған.

Ұлттық қор: Әр балаға – 300 доллардан

ФОТО: aikyn.kz

Экономист Ғалымжан Айтқа­зин­­нің айтуынша, бұл ретте Қаржы министрлігі 2023 жылдың соңғы үш айында «ҚазМұнайГаз» акция­ларын сатып алу үшін Ұлт­тық қордан аударылған 1,3 трлн теңге туралы ләм-мим демейді.

«Бұл маңызды, өйткені қара­жат экономикаға бағытталды, нақты­лағанда бюджетке осы ак­ция­лардың бұрынғы иесі «Са­мұрық-Қазынаның» диви­денд­тері арқылы түсті. ҚМГ ұлттық компаниясы KASE биржасына 2023 жылғы 22 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» қорының Қаржы министрлігінің пайдасына 23 466 133 акцияларын берген мүдделі тараппен мәміле жасалғаны туралы хабарлады. Мәміленің жалпы сомасы – 249,9 млрд теңге, ал бір акцияның бағасы 10 653,65 болды. ҚМГ акциялары бойынша жабылу бағасы 22 желтоқсанда KASE биржасында 11 540-ты құрағанын ескерсек, нарықтық бағаға дисконт 7,7 па­йызды құ­ра­ды деп айтуға болады. Осы­лай­ша, «Самұрық-Қазына» АҚ қорының ҚМГ акцияларын иеленуінің жаңа үлесі 71,27 па­йыздан 67,42 пайызға дейін төмендеді. Тиісінше, Қаржы министрлігінің жаңа үлесі 20 пайызға дейін өсті», дейді сарапшы.

Айтуынша, «Самұрық-Қа­зына» қорының Ұлттық қорда­ғы ҚМГ акцияларын Қаржы министрлігіне сатуы арқылы мемлекеттік бюджетке ақша тү­сіруі – осы тұтас схемадағы атап өтуге болатын жалғыз оң нәр­се. Енді 20 пайыз көлеміндегі ак­цияларға иелік ету Қаржы ми­нистрлігіне дивидендтерді тіке­лей алу құқығын береді.

«Алайда тұтастай алғанда, бұл схематоз компания акцио­нер­леріне қатысты өрескел бұзу­шылық болып саналады, өйткені қор акцияларды нарықтық емес және дисконттық бағамен сатады.

Бұған қоса, осы схема барысында бюджет тапшылығын жабу үшін болашақ ұрпақтың ақшасы Ұлттық қордан алынады. Ал Ұлттық Банк биржада шетелдік валютаны сатып, ұлттық валютаны жасанды түрде нығайта түседі», дейді Tengenomika телеграм арнасының авторы.

Шын мәнінде, 2023 жылы пайдаланылған Ұлттық қор ақша­сының жалпы көлемі – 5,3 трлн теңге. Бұл Ұлттық қорға мұнай секторынан түскен 4,5 трлн теңге мөлшеріндегі тікелей түсімнен едәуір көп (инвестициялық табыс­ты есепке алмағанда). Бұл ретте жақсы деңгейде қалыптасып отырған инвестициялық табыс үшін қуануға болады дейді сарапшылар. Өйткені биылдан бас­тап инвестициялық табыстың 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар үшін жиналады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың есеп­теуінше, «Ұлттық қор – бала­ларға» жобасының игілігін ел бойынша 18-ге толмаған 6,5 млн бала көреді және олардың шотына биылдың өзінде 300 дол­лардай қаражат түседі (әр­қай­сысына).

«Биыл Ұлттық қор түсімі рекордтық деңгейде болды: 6,4 трлн теңге. Бұған үш тоқсанның қорытындысы бойынша 1,8 трлн теңге көлемінде түскен ин­вес­тициялық табыс себеп. Әлі төр­тін­ші тоқсанның да нәтижесі шығады. Егер инвестициялық кірістілік өзгермесе, онда 18 жасқа дейінгі 6,5 млн бала осы жылы өз шоттарына 300 доллар алады. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бо­йынша Ұлттық қор активі 29,1 трлн теңгені немесе 63,3 млрд долларды құрады», дейді сарапшы.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024