Шымкент • 15 Қаңтар, 2024

Қабілетті жастардың бәсі биік

292 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Қазақ елінің жастарына сенетінін атап өтті. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастағанын, жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беру саясаты алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Осы орайда жоғары оқу орындарының студенттері, профессор-оқытушылар құрамы түрлі мінберлерде өз пікірлерін білдіруде.

Қабілетті жастардың бәсі биік

«Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсіл­дері қайта қаралуда. Осын­дай жағ­дайда жаңа кәсіби дағ­ды­ларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабі­лет­ті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз бола­шақ­ты бағамдай алады әрі дәйек­ті дамуға ұмтылады», деді Президент.

Ойы ұшқыр жастарға сапалы білім берумен қатар ғылымды да дамытуға үлес қосып келе жатқан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жалпы құны 407 млн теңге болатын 7-8 ғылыми жоба бар. Университет ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылым­да­рының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева ғалымдардың зерттеу нысаны – бала тәрбиесі мен оның методикалары екенін айтады. Қазіргі таңда мектепте болсын, жоғары оқу орындарында болсын педагогикалық мәселеге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі бұл – тұлғаны қалыптастыру ғылымы. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатында айтылғандай, жастардың озық білімін тиімді пайдалануына университетте мол мүмкіндіктер жаса­луда. Ғылыми жобаларды мектеп­тегі нақты жағдайдағы методикалармен байланыстырып зерттеп жатырмыз. Мәселен, біз өз арамызда университет ішінде конкурс жарияладық, жүлде қоры – 22 млн теңге. Оған арнайы комиссия құрдық, тиісті ережелері мен шарттарын бекіттік. Сол 22 млн теңгенің 14 млн теңгесін ғалымдарға бөліп бердік. Нәтижесінде, университет зерт­теу­­шілерінің халықаралық журналдарда жарияланымдары күрт өсті. Қазіргі таңда жас ғалымдар буыны өсіп келеді. Бұл да бізді ерекше қуантады. 3-4 докторымыз өздерінің диссертациялық жұмысын сәтті қорғап жатыр. Сондай-ақ «Ұлт ұстаздары» орталығында ғылыми-педагогикалық зерттеулерге ден қойылып, соның нәтижесінде нағыз ғылыми ортаны қалыптастырдық. Мұндай жетістік университет тарихында әлі болмаған. Кейінгі екі жылда оннан астам ұстазымыз АҚШ, Германия, Чехияның беделді университеттерінде тәжі­ри­бе алмасып қайтты. Жуырда 11 оқытушымыз «Болашақ» бағ­дар­ламасымен шетелде тағы­лым­дамадан өтуге мүмкіндік алды. Академиялық ұтқырлық аясында шетелдің көптеген жоғары оқу орнымен байланыс­ты күшейтіп келеміз. Әсіресе инклюзивті білімге көп көңіл бөліп отырмыз. Жалпы ұлттық рейтингте біздің университет үшінші болып тұр», дейді Гүлжан Дәулетбекқызы.

Университет 86 жыл бойы мұғалім даярлап келді. Енді академиялық ұтқырлық аясында шетелмен қарым-қатынасты нығайтып, жан-жақты дамуды көздеп отыр. Осы орайда Түркиядағы Гази университетімен серіктестік келісімшарт жасал­ған. Бір ғасырлық тарихы бар оқу орны да педагогикалық мамандықтар бойынша маман даяр­лайды және кейінгі екі жылда білім беру саласында өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Қазір Гази университетінің Шымкент қаласынан филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл орайда Гүлжан Даулетбекқызы физика мен ағылшын тілінен бірлескен білім жобасы да әзірленуде екенін айтты. «Президенттің «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» сұхбатында «ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керектігі» айтылды. «Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашыл­­дық салтанат құруға тиіс», деді Мемлекет басшысы.

«Жастардың жақсыдан үйре­­нуіне бағыт-бағдар беріп, мүм­кін­дік жасау ұстаз қауымның міндеті деп санаймын, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева. – Бүгінгі жастардың бауырлас Түрік еліне, оның біліміне деген қызығушылығы өте жоғары. Оның үстіне мектепті бітірген түлектер Түркияның жоғары оқу орындарына түскенде көп қиналады. Тіл білмейді, жақсы университеттерді таңдай алмайды дегендей. Ал филиал ашылған жағдайда бұл мәселелер өздігінен шешімін табады. Бірінші кезекте студенттер біздің университте екі жыл оқиды. Сосын сана-сезімі қалыптасып, оң-солын таныған соң біз арқылы Гази университетіне оқуға түседі. Қазіргі таңда әртүрлі фирма арағайындық жасап, мектеп бітірген түлектерді, жастарды Түркиядағы жоғары оқу орындарына оқуға қабылдатып жүр. Бірақ көбінесе жастар рейтингі төмен университтерге түсіп жатыр. Әлі сана-сезімі қалыптаспаған, рухани толыспаған жасқа ол жерде қандай тәрбие берілетіні де белгісіз. Сондықтан біздің жолдамамызбен барған студенттер келешекте дұрыс жолдан таймайды. Гази университетінің филиалы биыл ашылады деген үміттеміз».

Сапалы білім берумен бірге сту­дент­тердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуге де ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда қанша судент жататын орын сұраса, соншалықты дәрежеде олардың талабын қанағаттандыру мақсат етілген. Оңтүстік өңірдегі жоғары оқу орындары арасында бірінші болып, яғни 2015 жылы университет 12-қабатты зәулім де заманауи жатақхана салды. Сонымен бірге 2018-2019 жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тағы да қос бірдей жатақхана бой көтерді. «Сондай-ақ жайлы университет идеясын іске асыру мақсатында серіктесіміз – «Inter press» тағы да 600 орынға арналған заманауи жатақхана салып берді. Сонымен бүгінгі таңда біз оңтүстік өлкесінде, тұтас Қазақстан бо­йынша студенттерді жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз еткен бірегей университетке айналдық. Негізінен педагогикалық университетке оқуға түсуге көбінесе ауыл мектебінің түлектері келеді. Сол үшін оларға жатақхана салып, оны барынша жайлы етуге тырысып жатырмыз. Қазір студенттер тұратын үйде барлық жағдай жасалған. Елімізде бүгінде «Жайлы мектеп» бағдарламасы іске асып жатыр. Ал біз өз тарапымыздан оның баламасы ретінде «Жайлы университет» идеясын жүзеге асырып келеміз. Оның басты қағидасы – жоғары оқу орнының әрбір студенті жататын жерден кенде болмау керек. Оқу орны өзінің студентін жатақханамен қамтамасыз етуі шарт. Жастар үшін жайлы университет жасаумен қатар, аудиторияларда, жатақханада өтетін түрлі іс-шараларда жалпыұлттық құндылықтар жөнінде жиі әңгіме етеміз. Бұл орайда Президент сұхбатында мәні терең ойлар айтылды. Мысалы, Мемлекет басшысы біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды екенін айтты. Сон­дықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуға шақырды. Келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге үндеді. «Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қара­па­­йымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деді Президент сұхбатында. Осы ел ертеңіне жанашырлықтан туындаған сөздерді жадына жаттаған оқытушыларымыз да жас­тардың алдына барғанда, яғни әр сабағынды негізге алатыны аян», дейді Гүлжан Сүгірбаева.

 

ШЫМКЕНТ