Білім • 12 Қаңтар, 2024

Бюджеттің тең жартысы – білімге

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркістан облысында мемлекеттік бюджет есебінен 33 мек­тептің құрылысы қолға алынған болатын. Бүгінде 33 мек­тептің 10-ы пайдалануға берілген. Жыл соңында 10 мектеп тапсырылды. Қалған 13-і биыл пайдалануға берілді. Соны­мен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыста 49 мың оқушыға шақталған 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осылайша, 2025 жылға дейін өңірде 96 білім ошағы бой көтереді.

Бюджеттің тең жартысы – білімге

Жыл соңында облыс орта­лығында «Түркістан білім-инновация» лицей-интер­на­тының жаңа ғимараты пай­да­лануға берілді. «Білім-инно­ва­ция» лицейлері сапалы білімі мен мықты көрсеткіштері арқылы елімізге танылып үлгерген. Мемлекет мықты болуы үшін білім түзелуі керек. Сондықтан біз осы саланы дамытуға барлық мүмкіндікті қарастырып жатыр­мыз. Осындай үлгідегі мек­теп­тер­ді ауылға дейін жеткізуді жос­­парлап отырмыз. Кез келген ауыл­дың мектебі жарқырап-жайнап тұруы керек, ұстаздары да мықты болуы қажет. Әрбір ұрпақ үшін сапалы білім қол­же­тім­ді болуға тиіс және еліміздегі мек­тептер білім-инновация лицей­лері сияқты жұмыс істеуі қажет», деді іс-шараға қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сем­­баев ашылу салтанатында.

Облыс әкімі Дархан Саты­бал­ды «Түркістан білім-инновация» лицей-интернаты облыстық мектептер рейтингінде – 1-орында, республикада 28-орында тұрғанын, сондықтан жаңа ғимарат салып беру жөн санал­ға­нын айтты. «Алдағы уақытта білім ұясына әрбір аудан, қала­н­ың білімді оқушыларын шоғыр­ландыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге басқа аудан, қалаларда да осындай лицейлерді жасақтау көзделген», деді әкім. 700 орындық мектеп заманауи оқу құралдарымен, пән кабинеттерімен, жатақханамен қамтылған. Бұрын Кентаудағы ғимаратта оқыған оқушылар енді осы жаңа ғимаратта білім алады. «Білім-инновация» лицей-интернатында барлығы 416 оқушы бар. Жаңа оқу жылы 7-сыныпқа – 150 оқушы, 8-сыныпқа 75 оқушы қабылданған. Лицей-интернатта 43 педагог жұмыс істейді. Олим­пиа­далар мен ғылыми жоба кон­курс­тарының республикалық кезеңіне 26 оқушысы қатысып, 7-і жеңімпаз атанған.

Сондай-ақ Жетісай қала­сында 300 орынға арнал­ған, толықтай заманауи мате­риал­дық-техникалық база­мен жабдықталған білім ұясы пайдалануға берілді. Жеті­сайдағы бұл мектептің құры­лы­сы тоқтап, мердігердің салғырт ісі осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын сотқа өткен бола­тын. Кейін қайта өткізілген кон­курс­тың нәтижесінде құрылысты «Таймас» компаниясы қолға алып, екі ауысымда тынымсыз жұмыс жүргізген. Нәтижесінде, 2024 жылы тапсырылуға тиіс 300 орындық мектеп 9 айда қолданысқа берілді. Жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын Ш.Уәлиханов мектебінде ІІІ тоқ­саннан бастап 562 оқушы білім алып жатыр. Ұзақ уақыт өзге мектептің ғимаратында білім алып келген Ш.Уәлиханов мек­те­бінің оқушыларына соңғы үлгі­дегі технологиялармен жаб­дық­талған физика, химия, информатика, мультимедиалық және лингафондық кабинеттерде сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шебер­ханасы да бар. Бүгінде аудандағы жалпы білім беретін 84 мектептің 74-і – мемлекеттік, 10-ы – жекеменшік. Оқу орда­ла­рын­дағы 45 526 оқушыға 5 526 педагог білім береді.

Былтыр қарашада Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде өңірдегі 5 аудан мен қаладағы 235 мем­ле­кет­тік орта білім беру ұйымында ке­шенді мониторинг жұмыстары жүр­гізіліп, бірқатар жүйелі кем­шілік анықталған еді. Бұл жө­нінде Түркістанда білім сала­сындағы өзекті мәселелер тал­қы­ланған мәжілісте Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Елнұр Дәуенов айтып берді. Ал министр Ғ.Бейсембаев Түркістан өңірінің әлеуеті зор екеніне тоқталып, білім саласы қызметкерлерін ауызбіршілікпен жұмыс істеуге шақырды.

Облыс әкімі Д.Сатыбалды білім саласына қолдау көрсету, білімді ұрпақ тәрбиелеу ең бас­ты міндет екенін жеткізді. Өңірде білім сапасын жақсарту, материалдық базаны жаңарту, мектептер салу, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясындағы жұмыстарды баяндап, білім саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын мәлімдеді. «Түркіс­тан облысы бюджетінің 48,2 пайызы білім саласына бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылығын жою, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатта облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынады. Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 млрд теңге қарастырылды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд теңге бөлдік. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру меке­месі 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын оқушылар түгелдей ыс­тық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған былтыр облыстық бюд­­жеттен 6,2 млрд теңге қар­жы қарастырылды», деді Д.Сатыбалды.

Айта кетейік, облыстағы ­­1 032­­ мектепте 520 мыңға жуық оқу­шы білім алып жатыр. Ал 1 409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленсе, өңірдегі 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды.

 

Түркістан облысы