Аймақтар • 07 Қаңтар, 2024

Ақтауда қырылған аққулар саны 600-ден асты

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында 601 аққудың қырылғанын растады.  Мамандар аққулардың жаппай қырылуына құс тұмауы себеп болуы мүмкін екенін жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

Ақтауда қырылған аққулар саны 600-ден асты

Аймақтағы жауапты мамандар аққулардың өлексесі туралы деректер күн санап артып жатқанын мәлімдеді.

«2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулар өлгені туралы алғашқы хабарлама келіп түсті. 6 қаңтардағы жағдай бойынша біз 601 аққу өлгенін анықтадық. Қырылған аққулардың 90%-тен астамы – жас төлдер», деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов аппараттық кеңесте.

Аппарат  кеңесіне жиналғандар Қаракөл жағалауынан өлексесі табылған аққулар Қазақстанның қызыл кітабына енгізілмегенін еске салды.

«Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штаммы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұқпалылығы төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Өткен жылы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакцинацияланды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан құстарды егуден бас тартты», деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.

Ал аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев құстардың қырылу себебін жан-жақты зерделеуді тапсырды.

«Экологтар мен білікті мамандар мәселенің мән-жайын бірге анықтап, мұның одан әрі таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Орнитологтар құстардың тамақтануы туралы нақты ұсыныстар беруі керек. Кейбір сарапшылар аққуларды тамақтандыру қолдаса, ал басқалары, керісінше, қауіп деп санайды. Асығыс қорытынды жасауға болмайды, алдымен анықтау керек», деді Нұрлан Ноғаев.