Ауыл • 04 Қаңтар, 2024

Ауыл жұртшылығының айтары көп

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мырзакент» мақта зауытының Шардара, Жетісай, Мақтаарал ауданда­рындағы мақта қабылдау пункттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. Жалпы құны миллиард теңгені құрайтын, АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тонна. Бірақ шикізаттың жетіспеушілігіне байланысты биыл 40 мың тонна мақта қабылдаған.

Ауыл жұртшылығының айтары көп

Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевпен кездесуде жұмысшылар цифрлық технология нәтижесінде басқа зауыттармен салыс­тырғанда еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары екенін айтты. Сондай-ақ кездесу барысында өндіріс орнындағы еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың әлеу­меттік жағдайы сөз болды. Сенатор­лар «Жастар орталығы» КММ ғима­ра­тында аудан тұрғындарымен кез­десті. Кездесу барысында аудан көле­мінде шешімін таппай жатқан түрлі әлеумет­тік-экономикалық мәселе көтеріл­ді. Өз кезегінде сенаторлар тұрғындар кө­тер­ген мәселелердің шешімін та­буы­­на атсалысатындарын жеткізді.

Ал Мәжіліс депутаты Темір Қырық­баев Мақтаарал ауданында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген аза­маттар мектептерді жылыту, ПУИД-2 бағдарламасының құрылысы, тоғай алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару, дренаждарды іске қосу, учас­келік жер телімі, медициналық нысан­дардың ахуалы, әлеуметтік сала, ауыз су бойынша мәселелер көтеріп, сұрақ­тар қойды. Өз кезегінде халық қалау­лы­сы қойылған сұрақтар бойынша тиісті сала басшыларының жауа­бын қарады. Жергілікті жерде шешіле­тін мәселелерді дереу қолға алуды тапсырып, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді Парламент төрінде көтеретінін жеткізді.

Сондай-ақ Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған депутат «Amanat» партиясы Жетісай аудан­дық филиалының ғимаратында қоғам­дық қабылдау өткізді. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде өткен қабыл­дауға келушілер мәжілісменге апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлердің орнына жаңа үй салу және мектептердің күрделі жөндеуі, медициналық пункт салу, газдандыру және материалдық көмек көрсету секілді мәселелерді көте­ріп, құқықтық кеңестер алды. Мәсе­лелері бойынша жазбаша өтініш­терін берді. Ал Жетісай қалалық емхана­сының қызметкерлерімен кездесуде медицина саласының мамандары жұмыс тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар мәселені заңнамалық деңгейге шығаруды, тариф белгілеу әдістемесі мен сақтандырылушының мәртебесін қайта қарауды, ауылда­ғы медицина кадрларының тапшы­лы­ғын төмендетуді, медицина қызмет­керлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қолға алуды сұрады.

 

Түркістан облысы