Еңбек • 01 Қаңтар, 2024

Еңбек адамына – айрықша көңіл

91 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еңбек нарығында жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілерге сұраныс жылдан-жылға жоғарылап жатқанын байқаймыз. Ірілі-ұсақ өндірісте тер төгіп жүрген еңбек адамдарының жалақысы өсіп, еңбек даулары біршама азайғанға ұқсайды. Еңбек құқықтары 100 пайыз қорғалып жатыр демесек те, басшы мен жұмысшы бірінші кезекте еңбек шарттарына мұқият мән беретін болған. Әрі былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек құқықтарына, қауіпсіздігіне, талаптарына қатысты бірнеше мәселені басшылыққа алып, оны үйлестіруді Үкіметке тапсырды.

Еңбек адамына – айрықша көңіл

Көп ұзамай ел Үкіметі зиянды ең­бек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Содан салада жылдар бойы табанды еңбек еткен жұмысшыларға зейнет жасына дейін әлеуметтік төлем төленетінін білдік. Яғни бұл төлем зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 55 жасқа толған азаматтарға ұсынылады екен. Тағы бір маңызды мәселе, Президент Жолдауда Үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған-ды.

Жақында өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жөнінде баяндады. Бұл құжатта жұмысшылардың еңбек сапасын арттыру және еңбек ресурс­тарын үнемдеу шаралары көзделген. Мұнда еңбекті қорғауды бас­қару саласындағы жағдай және әлем­дік тәжірибе ескеріліп, жұ­мыс­шы­лардың еңбек жағдайларын жү­йелі жақсартудың жаңа тәсілдері ұсы­нылған. Тұжырымдамада еңбекті қор­ғауды басқару жүйесін дамыту­дың төрт негізгі бағыты қамтылыпты. Оның ішінде еңбекті қорғаудың ұлт­тық жүйесін жаңғырту, жұмыс орында­рында кәсіптік тәуекелді төмендету шараларын экономикалық ынталан­дыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, еңбекті қорғау сала­сындағы бақылау мен мониторинг тиім­ділігін арттыру сынды тармақта­ры бар. Мұның барлығы дерлік жұмыс­шылардың қауіпсіздігі мен құ­қын қор­ғауға негізделген. Мысалы, бү­гінде ең­бек жағдайларының жай-күйі ту­ралы сенімді статистикалық ақпарат жоқ. Кәсіпорындардың мемлекеттік жә­не қоғамдық бақылаумен қам­ты­луы төмен. Енді еңбекті қор­ғау са­ла­сындағы бақылау мен мони­то­ринг­тің тиімділігін арттыруға ар­нал­ған автоматтандырылған ақпа­рат­тық жүйелер цифрлық платфор­ма және кәсіптік тәуекелдерді ба­ға­лау­дың мобильді қосымшасы ар­қы­лы жүзеге асырылады. Бұл үшін ең­бек жағдайларының жай-күйі­нің көр­сет­кіштері жаңартылады. Деректерді жинау жүйесі оңтайланып, еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистиканың нысандары қайта қарастырылады екен. 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының бағыт-бағдары түсінікті болар. Ендеше Мемлекет басшысының тапсырмасымен зиян­ды өндірістерде жұмыс істейтін қыз­меткерлерді әлеуметтік қорғау мақ­сатында төленетін төлемдер туралы тарқатып айталық.

Сонымен әлеуметтік төлемдер қаң­тардан бастап енгізілетіні белгілі болды. Елдегі демографиялық және еңбек нарғындағы ахуалға зер салсақ, осы әлеуметтік төлемді алатын жұ­мысшылардың саны жыл сайын­ көбейетін тәрізді. Зиянды еңбек жағ­дайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген азаматтарға арнайы әлеумет­тік төлем тағайындаудың негізгі тәсіл­дері туралы осыған дейін С.Жақыпова да егжей-тегжейлі баян­даған еді. Министр Мемлекет басшы­сы­ның арнайы әлеуметтік төлемді ен­гізу жөніндегі тапсырмасы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін аза­маттарды әлеуметтік қорғаудың тағы бір тиімді тетігі деп түсіндірді. Со­дан былтыр жыл соңына қарай заң­намаға енгізілген түзетулерді Пар­ламент Сенаты мақұлдағанын да айта кеткеніміз жөн болар.

– Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті заң­намалық өзгерістер әзірленді. Өзде­ріңізге мәлім, ол заңнама қазір Сенатта мақұлданып, Президентке жолданғалы жатыр. Негізі заң жобасы шеңберінде көп өзгеріс енгізіліп отыр. Бұл төлемді біз арнайы әлеуметтік төлем деп атасақ болады. Ол үшін жылдар бойы салада еңбек еткен маман 55 жасқа толып, кемінде 7 жыл­ зейнетақы жарнасы шотына түс­кен болуға тиіс. Арнайы әлеуметтік тө­лем 4 көзден қаралады. Мұнда бі­ріншісі жұмыс беруші тарапынан, екіншісі сақтандыру компанияларынан төленеді. Зейнетақы төлемі қордан жиналған жиынтықтардан, кәсіби жарналар, міндетті зейнетақы жарналарынан жиналған жиынтықтардан төленеді, – деген еді С.Жақыпова.

Төлемдердің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңгеге дейін барады екен. Мұндай төлемдер жұмысшыға 55 жастан 63 жасқа дейін төленеді. Тек зейнетке шыққанда төлем тоқтап, азаматтарға базалық зейнетақы төле­мінен, ынтымақтық зейнетақы жү­йесінен зейнетақы тағайындалады. Зиян­ды еңбек жағдайында еңбек етіп, әлеу­меттік төлем алуды көздеген жан­дарға тағы да бірлі-екілі шарттар бар. Орайлы сәтте мұны да тарқатып айта кете­лік. Арнайы әлеуметтік төлем алу­ды көздеген азаматтар 55 жасқа толғанда зиянды еңбек жағдайындағы жұмысын тоқтатып, жұмыс берушіге өтінішін жазуға тиіс. Содан кейін көп ұзамай арнаулы төлем тағайындалады. Бұл кезде бір салада ұзақ жыл еңбек еткен жұмысшы жұмыссыз қалмайды. Еңбек адамының қандай да бір жеңіл жұмысқа орналасуын министрлік қадағалайды. Осы кезде олар жалақы мен әлеуметтік төлемін қатар алады. Тіпті басқа жұмысқа орналасуды ойластырмаған күннің өзінде зейнетке шыққанға дейін арнайы әлеуметтік төлемдерін алып отырады.

– Тұжырымдаманың іске асыры­луы әлеуметтік әріптестік тараптары­ның барлығына да оң нәтиже береді. Жұмысшылар үшін өмір сүру сапасын жақсарту мен денсаулығын сақтау маңызды. Ал жұмыс берушілерге қауіпсіз жұмыс орындарын құру және еңбек өнімділігін еселеп өсірген тиімді. Мемлекет үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды, – деді С.Жақыпова.

Демек, арнаулы әлеуметтік тө­лем жұмысшыға ғана емес, жұмыс беру­шіге де тиімді болып тұр.