Туризм • 01 Қаңтар, 2024

Түркі әлемінің туристік астанасы

110 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы мәртебесіне ие болған Түркістанға келушілер мен саяхатшылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Туристік астана атану бұл саланың жұмысын дамыта түсуді қажет ететіні, жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелерге үлкен жауапкершілік жүктейтіні мәлім. Осы орайда өңірде туризм саласы тарихи-танымдық, экологиялық және емдеу-сауықтыру бағыттарында дамып жатыр.

Түркі әлемінің туристік астанасы

Өңірдегі басым бағыттардың бірі са­налатын саланы дамыту үшін тұжы­рымдама әзірленбек. Туристік әлеует жан-жақты зерттелуде. Шет мемлекеттермен автобус, әуе бағыттары ашылып жатыр. Осы сынды жұмыстар нә­ти­жесінде былтырғы 10 айда облысқа зия­­рат туризмі бағытында 868 203 адам келді.

Түркістан облысы – тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай. Облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, облысқа тарихи-танымдық туризмі мақсатында 919,5 мың адам келген. Мысалы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейі­не бір күндік келушілер саны 646 378 адам болса, «Отырар» мемлекеттік архео­логиялық қорық-музейіне бір күнде 273 191 адам келген.

Сондай-ақ кейінгі жылдары экотуризм қарқынды дамуда. Облыста 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан – «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қо­рықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық та­биғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңір­лік табиғи паркі орналасқан. Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай қызмет көрсетуде, 30 туристік маршрут құрылған. Өткен жылдың басынан бергі 11 айда табиғи аумақтарға келушілердің саны 124,9 мың адамды құрап отыр. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан. Бұл орайда «Қаратау» мемлекеттік та­биғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 гектар жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Ал «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағының 11,7%-ы немесе 17 519 гектар жер телі­мі рекреациялық және туристік қыз­мет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектар 29 жер телімі туристік және ре­креациялық мақсатта пайдалануға бе­рілген. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс істеп тұр.

сим

Облыс – республиканың сауықтыру туризмі дамыған өңірлерінің бірі. Туризм­нің бұл бағыты бойынша облыс­та нөмірлік қоры 8 мың төсектік орын болатын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Қосымша 3 кешенді пай­далануға беру жоспарланып отыр. Был­тыр емдеу-сауықтыру орындарында 142,7 мың адамға қызмет көрсетілген. Өткен 9 айда бұл көрсеткіш 192,8 мың болған. Орналастыру орындарымен көр­сетілген қызметтер көлемі ІІІ тоқсан қоры­тындысымен 4,2 млрд теңгені құраған.

Облыстық мәдениет және туризм басқармасының мәліметінше, туристік нысандардың инфрақұрылымын жетіл­діру мақсатында жалпы сомасы 34,7 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Түркістан – Арыстанбаб және Түркістан – Қарнақ бағытындағы тасжолдарды жөндеу жобалары қамтылған. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 363 млрд теңгеден асып отыр. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылғы 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға инвес­тициялар көлемі 43,6 млрд теңгені құ­рады. Облыс аумағында іске асырылатын туристік инвестициялық жобалар пулы әзірленген. Оған сәйкес 2023-2024 жылдарға жалпы сомасы 37,9 млрд теңгеге 42 туристік инвестициялық жобалар құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Түркістан қаласында мәдени-рухани арнайы аумағы құрылды. Аумақта «Ұлы Дала елі» орталығы, Шығыс моншасы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ, Қабылдау орталығы секілді мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Түркістан қаласында әуежай салынды. Халықаралық туризм және мей­мандостық университеті ашылды, «Керуен сарай» туристік кешені саяхатшыларға қызмет көрсетуде. Ке­луші туристер санын арттыру мақ­сатында биыл Түркістан – Ташкент – Нурафшан бағытында халықаралық автобус рейсі ашылды. Алдағы қаңтар айынан бастап Біріккен Араб Әмір­ліктеріне Түркістан – Абу Даби ха­лықаралық тұрақты әуе рейсі іске қо­сылады. Облыста туризм саласында жұмыс атқаратын адамдар саны 17 мыңға жеткен. Түркістан қаласының түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай келер жылы басқарма тарапынан 30-дан аса оқиғалық іс-шара өткізу жос­парланып отыр.

Айта кетелік, жуырда Астана қала­сында өткен іс-шарада Түркістан об­лысының үш бірдей туристік қыз­мет көрсету ұйымы «Сапа белгісі» бағдарламасы талаптарына сай келгені үшін ерекшелік белгісімен марапатталды. Атап айтқанда, «Rixos Turkistan» қонақүйі, «Top Tobe Grand Hall» кешені және «Turan Tour» ЖК туризм индустриясындағы ерекше мәртебе иегері атанды. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының да мамандары арнайы Алғысхатқа ие болды.

 

Түркістан облысы