Пікір • 28 Желтоқсан, 2023

Ең үлкен капитал

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тірнектеп жиған-терген дүние – өбектеп тапқан-баққан бала-шағаның қамы. Солар­дың жарқын болашағы үшін бейнеткеш ата-ана ештеңеден де аянып қалмайды. «Ертең рақатты осы балалардан көреміз» дейтін аяу­­лы үміттің өзі тау қопарардай алапат күш береді. Жиі айтылатын «Бала – ең үлкен капитал» тәмсілінің мәні де осында жатыр.

Иә, желкілдеп өсіп келе жатқан жеткін­шектерін жеткізу, ел қатарына қосу үшін бар­­лық ата-ана барынша күш салады. Мұн­дағы күш деп отырғанымыздың бір сипаты – қаражат. Яғни балалардың бақытты шағын қамтамасыз ету, жан-жақты дамыту әупірімдеп болсын әжептәуір қаржы құюды қажет етеді. Осылайша, олардың болашағының да іргетасы қаланады. Әрине, мұның бәрі – қайтарымды қарыз ретінде емес, алғаусыз парыз деп жасалатын әке-шешенің міндеті. Бірақ «Не ексең, соны орасың» дегендей, балаң өмірде табысқа жетіп, тұлға болып қалыптаса алса, еңбегіңнің жанғаны, еккеніңнің жеміс салғаны.

Бұл жерде біз балаға береріміздің материал­дық жағын сөз етпекпіз. Халық санасын­да тапқан-таянған нәпақасының бәрін бала-шағасының несібесі деп біліп, барлығын солар­дың болашағы үшін жасап жатырмыз дейтін түсініктің басым екені белгілі. Дегенмен деректерге сүйенсек, балалардың болашағына деп ақша жинайтын ата-аналардың үлесі өте аз. Сарапшылардың бағамдауынша, елімізде халықтың шамамен 10%-ынан астамы ғана баласына инвестиция салуды құп көреді. Ал негізінде 60%-ға жуық жұрттың бала капиталына үлес қосатындай жағдайы бар екен. Сонда бұл халқымыздың бала болашағына инвестиция құюды құнттамайтынының көрінісі ме, әлде қаржылық сауатының әлі де төмендігінен бе? Жалпы, балаға капитал жинау дәстүрімізде бар ма еді?

Осындай сауалдардың жетегінде отырғанда төрт жыл бұрын тұңғышым дүниеге келгенде шешемнің немересінің атына депозит ашып, ақша салғаны есіме түсті. Қызығы, сол салынған қаржы – нағашы атамның менің балам туғанда атаған танасының пұлы. Сонда шешем: «Ол тананы қоса қоятын қораң да жоқ. Одан да оны сатып, қаражатын қорға салайық. Үстіне пайыз да қосылып тұрады, біз де, өзің де ақша салып отырамыз», деп ақыл айтты. Кейін ойлап қарасам, қазақта бала дүниеге келгенде өз жұртынан да, нағашы жұртынан да қара атайтын дәстүрдің неше атасы бар екен. Ондай аталған малдарға ен салынып, оның басы бірнеше жылда біршама көбейген де жағдайлар болған. Яғни балаға инвестиция салу – қазаққа жат дүние емес. Оның үстіне ұл ержетіп үйленгенде еншісін бөлетін, қыз бойжетіп ұзатылғанда жасауын беретін дәстүріміз де осы бала капиталы деген ұғымнан алыс емес сияқты. Тек заман ағымына қарай өлшемдер өзгерген. Жоғарыда келтіргендей, малдың орнын пұл, қораның орнын қор басты. Айналып келгенде, бұрынғының балаға деп мал жинауы бүгінгінің қор жинауы болып тұр. Құдды, қосылғыштардың орны ауысқаны­мен, мәні өзгермеген қосынды іспетті. Енді осы ауысудың мәнін түсініп, замана көшіне ілесетін ата-аналардың қатары артқаны маңызды.

Бұл бағытта ілгерілеушілік те бар сияқты. Өйткені барған сайын жұрттың қаржылық сауаты артып, қаражатын тиімді ұқсату жағынан оң әсер байқалады. Мысалы, 2023 жылдың қарашасындағы дерек бойынша, елімізде 300 мыңға жуық баланың атына банктерде депозиттер ашылыпты. «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жасына толмаған балаларға 12 721 депозит ашылған. Ал 5 жасқа дейінгі балаларда 50 140 депозит бар.

Осы «Отбасы банкінің» өзінде бала капиталына бағытталған екі депозит түрі бар. Бұл – «Қарапайым балалар» депозиті және «Арнау» депозиті. Екеуінің аздаған айырмашылығы болғанымен, қаржы құйған сайын үстіне па­йызы мен мемлекеттік сыйлықақы қосылып, жинақ молая түсетін артықтықшылықтары баршылық. Балалар депозиттерінің тиімді шарттары бала 18 жасқа толғаннан бастап-ақ баспана алуына мүмкіндік береді. Яғни есейгенде бөлінетін еншісі дайын. Осылайша, бұрынғының өлшеміне салсақ, бала капиталы еншіге деп мал жинау болып шығады.

Балалардың болашақта баспаналы болуына бастайтыны сияқты білім алуына да жағдай жасайтын жинақтар бар. Соның бірі – «Aqyl» депозиті. Бұл жинақпен еліміздегі жоғары оқу орнындарында, сондай-ақ шетелдерде кез келген білім алу түрінің ақысын төлеуге болады. Ал егер бала грантқа түссе, депозиттегі ақшаны басқа баланың атына аудару қарастырылған. Аталған депозит түрі еліміздегі екінші деңгейлі бірнеше банкте бар.

Осы орайда Президенттің бастамасымен мемлекеттен барлық баланың атына ақша ­аударыла бастауы жаңа жылдың жаршы­сы болып тұр. Бұл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – елдің ен байлығынан бала­лардың болашағына бөлінген енші. Енді осы игі бастамаға ғана иек артып қоймай, бұған қоса ата-аналар тарапы да балаларының атына ­жаппай депозит ашып қойса, қанекей? Осылай­ша, жаңа жыл жарылқап, әр баланың несібесі еселене түссе, нұр үстіне нұр.