Алматы • 27 Желтоқсан, 2023

Жатақхана мен стадион – студенттер игілігінде

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде күрделі жөндеуден өткен №3 студенттік жатақхана мен оқу орнының аумағындағы орталық стадион пайдалануға берілді. Бүгінде білім ордасы өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен Алматыдағы бірден-бір оқу орны атанып отыр.

Жатақхана мен стадион – студенттер игілігінде

Суретті түсірген – Юрий Беккер

Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев қазіргі уақытта жекемен­шікке өтіп кеткен университет активте­рін кері қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Бұған дейін №6 студенттік жатақхана тұрғын үй қоры­на қайтарылып, 280 студент баспаналы болғаны белгілі. Ендігі кезекте «Шаһ» мейрамханасы мен офис ретінде жеке кәсіпкер пайдаланып келген №3 студенттік жатақхана да кері қайтарылып, толықтай күрделі жөн­деуден өтті. Бұл мақсатқа универ­ситеттің бюджетінен 160 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ректордың айтуынша, мұндай ауқымды жөн­деу жұмыстары кейінгі 20 жылда жүр­гізілмеген. «Ритм Строй ЭК» ком­паниясының қолдауымен жатақ­хананың сыртқы жағы және ішкі бөлмелері, ас үйлер мен дәліздер, та­за­лық орындары жаңаша дизайнмен өрнектеліп, қажетті жиһаздар, мұз­датқыштар, кір жуғыш машиналары мен газ плиткаларымен жабдықталды. Нәтижесінде, заманауи 200 бөлмеге студенттер, 100 бөлмеге магистранттар мен жас ғалымдар қоныстанды.

Аталған іс-шараға қатысқан ел фут­болының ардагері Құралбек Ордабаев, Олимпиада чемпионы Ер­махан Ибраимов, бокстан бірінші жартылай орта салмақтағы IBO чем­пионы Жанқош Тұраров, инвес­тор компаниялардың өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы саласына маман­­данып жатқан студенттерге сәтті­лік тілеп, күрес, бокс сияқты спорт түрлерінен жетістікке жетіп, респуб­ликалық додада оқу орны намы­сын қорғап жүрген жастардың қата­ры орта­лық стадионның ашылуымен тағы да толыға түсетіндігіне сенім біл­­дір­­ді. Жаңартылған стадионға «Аtlant Systems» серіктестігі тарапынан 130 млн теңге тартылып, құрылыс жұмыс­­тарын «Korkeм» компаниясы жүргізген.

Проректор Қ.Сұлтанғазиевтің ай­туынша, оқу орнында пластик терезе және есік шығаратын, тігін, сондай-ақ мебель цехы ашылып, жатақханаларды жабдықтау ісі қолға алынған. Мұндағы цехтарда арнайы мамандармен қатар өндірістік тәжірибе жинау мақсатында студенттер де жұмыс істейді. Қазіргі кезде жаңадан ашылған жатақханалар осы өндірістік цехтарда жасалған жиһаз­дармен қамтамасыз етіліп отыр. Ендігі кезекте университетке тиесі­лі барлық жатақхананы жиһазбен жаб­дықтау ісі жалғасын тауып, 2 мың­ға жуық орын қажеттілікпен қамта­масыз етілмек.

Оқу орны студенттері үшін тағы бір жағымды жаңалық – «Қазақ-Строй» серіктестігімен ынтымақтастық шарт негізінде 9 қабатты 450 орынға ар­налған студенттік жатақхананың құ­рылысы басталды. Оған тартылған инвестиция көлемі 2,3 млрд теңгеден асады. Жатақхана жанынан студенттер үшін Медициналық орталық тұрғызу да жоспарда бар.

Бүгінде университет құрамына 6 ірі ғылыми-зерттеу институты мен бір тә­жірибелік шаруашылық кіреді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес, «ғылым – білім – өндіріс» жүйесі енгізіліп, тиімділігін көрсетіп келеді. Оқу орны биыл 4 ха­лық­аралық және ұлттық рейтингте лайықты орындарға ие болды. Сонымен қатар университет базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалы ашылып, шетелдің 7 жоғары оқу орнымен екі диплом алу бағдарламасы енгізілді. Ал Варшава Жаратылыстану ғылымдары университетімен «IT-технологияларды қолдану арқылы су ресурстарын басқару» магистратура бағдарламасы бойынша үш жыл қатарынан түлектер бітіріп шықты. Сондай-ақ Қытай ауыл шаруашылығы университетімен, Литва денсаулық ғылымдары университетімен екі дип­лом­дық оқыту ісі қолға алынып жатыр.

 

АЛМАТЫ