Білім • 27 Желтоқсан, 2023

Бауырлас елдерді байланыстырған орталық

92 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Жұмабек Тәшенов атындағы университет пен Өзбекстандағы Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институты арасында меморандумға қол қойылып, Ж.Тәшенов жоғары оқу орнында өзбек тілі және мәдениеті орталығы ашылды. Бұл іс-шара биыл Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі тілдес елдердің арасын жақындастыратын гуманитарлық, мәдени байланыстарды нығайту қажет деген бастамасынан кейін қолға алынып отыр.

Бауырлас елдерді байланыстырған орталық

Меморандумға қол қою барысында Ж.Тәшенов университетінің ректоры Қанат Байболов орталық Президенттің жоғарыдағы тапсырмасы негізінде ашылып жатқанын жеткізді.

– Ж.Тәшенов университетіндегі өзбек тілі мен мәдениеті орталығы жоғары оқу орындары арасында ашылған алғашқы орталық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйы­мының саммитінде түркі елдерін бір-бірімен жақындастыру, байланысын арттыру мақсатында мәдени орталықтар ашу, бірлескен білім бағдарламаларын жасау, академиялық ұтқырлық аясында студенттермен алмасу, ғылыми жұмыстарды бірлесе атқару керек деген болатын. Президенттің осы тапсырмасын іске асыру үшін Ж.Тә­шенов университеті орталық ашу идеясын бірінші болып қолға алды. Бұл жоғары оқу орнында түркі елдерінің тілі мен мәдениеті білім берудің бакалавриат, магистратура деңгейінде оқы­тылады. Жалпы, университеттерде білім берудің үш деңгейі бар болса, соның екі деңгейінде өзбек тілінде болашақ пе­дагогтерді даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – осы Ж.Тәшенов университеті. Білім ордасының ұстанатын қағидасы, стратегиялық бағыт-бағдары – «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» идея­сы, – деді Қанат Байболов.

Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Бахтиер Расулов қазақ пен өзбек тілі бір, діні бір, мазары мен базары бір, ет пен тырнақтай бөлінбейтін туыс­қан халық екенін айтты. Сонымен бір­ге талай ғасыр бірге өмір сүрген бауыр­лас қос халық бүгінгі заманда тәуел­сіз ел атанып, халықаралық саясат сах­насында бір-бірін қолдап-қуаттап жүр­ген нағыз ағайынды мемлекеттер еке­­­­нін мақтанышпен жеткізді. Оның жар­­­­қын мысалы ретінде Самарқандта өт­кен Түркі мемлекеттері ұйымының сам­ми­тін­­­дегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шав­кат Мерзиёевтің түркі халықтарының мә­дени-гуманитарлық қарым-қатынасын ны­ғай­туға байланыс­ты айтқан тың идея, ұсы­ныс-пікірлерін алға тартты. Соның негі­зінде Ж.Тәшенов университетінде өзбек тілі мен мәдениеті орталығының ашыл­ғанын мәлімдеп, бұл идеяның іске асуына мұрындық болған ел басшыларына, университет ректоратына алғысын білдірді. Осы жағдайды пайдаланып, бауырлас елдер ғылыми, мәдени байланыстарды күшейте беру ке­ректігін алға тартты. Бұдан бөлек Өзбек­стан да кейінгі жылдары бүгінгі заман­ның ғылымы мен білімін дамытуға ден қойғанын, инновацияға бет бұрғанын баяндады. Осы жолда екі мемлекет те бір-бірінен ажырамай, ғылым жолында алға қойылған мақсаттарды бірге бағын­ды­руға шақырды. Өз кезегінде Әнді­жан мемлекеттік педагогикалық инс­ти­ту­­тында дәл осындай қазақ тілі мен мә­­де­­ниеті­нің орталығын ашуға алдағы уақытта жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті.

Жоғары оқу орнындағы өзбек тілі мен мәдениеті орталығының тұсаукесері универ­ситеттің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы айтулы мерекеге орай уни­верситетте салтанатты іс-шара ұйым­дас­тырылды. Онда Шымкенттегі жоға­ры оқу орындары студенттерінің қолы­мен жасалған дүниелерден көрме өткізілді. Оған ағаштан, сүйектен ойылып жасалған бұйымдар, теріні өңдеу арқылы жасаған қазақтың көне тұрмыстық заттары мен киім үлгілері, қарапайым қағаздан керемет дүниелер тудырған оригами, аппликация, квилинг секілді қолөнер заттары, түрлі металдан соғылған зергерлік әшекейлер, сан-алуан тоқымалар, қыл­қалам өнерінің шеберлері салған әдемі картиналар мен портреттер қойылды. Сонымен бірге студенттер қазақтың ұлт­тық киімдерін бүгінгі заман стилінде өз қол­дарымен қайта жаңғыртқан жаңа топ­тамадағы сәнді киім үлгілерінің көрсе­тілімін ұйымдастырды. Бұған қоса уни­вер­ситеттің 25 жылдығына орай әрі мәдени орталықтың ашылуымен бауыр­лас қос елдің ғылыми-гуманитарлық һәм рухани саладағы байланыстарын нығай­туды көздеген ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

– Ғылыми конференцияға Өзбекстан, Қырғызстан университеттерінің ректорлары, еліміздегі жоғары оқу орында­рының ғалымдары шақырылды. Басқо­суда білімді дамыту, академиялық ұтқыр­лық аясында студенттермен алмасу, бас­қа да жоғары білім беру мәселелері тал­қыланды. Өзбекстанда да қазақ тілі мен мәдениетінің орталықтары бар. Көрші елдің Шыршық аймағында қазақ балалары қазақ мектебінде оқиды. Мектеп түлектерін жоғары оқу орнында қазақша оқыту үшін академиялық ұтқырлық бо­йынша Қазақстанға жіберуге болады немесе біздің оқытушылар Өзбекстанға барып сабақ бере алады. Университеттің 25 жылдығын атап өту қыркүйек айы­нан басталды. Содан бері көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Қолөнер, ән, биден жоғары оқу орындарының студенттері өзара байқау өткізді. Соның қорытындысы бүгінгі ғылыми конференция аясындағы іс-шарада белгілі болды. «Тәшенов хабаршысы» деген республикалық ғылыми журнал ашып отырмыз. Бұл да университеттің ширек ғасырда жеткен жетістігінің бірі. Оның алғашқы нөмірі алдағы наурыз айында жарық көреді. Шетелдік жоға­ры оқу орындарымен байланысып, қо­сар­ланған білім беру бағдарламасын бекі­тіп жатыр. Сондай-ақ педагогика, пси­хо­логия ма­мандықтары бойынша док­торан­тура аштық. Жуырда ғана «Пси­хо­ло­гия­лық эмпатия» орталығын іске қос­­тық. Онда студенттер өмірде кездес­кен түрлі қиын­дықтан рухани-психо­логия­лық қол­дау табады. Ал жастармен болған сырласулар құпия түрде жүреді, – деді Ж.Тәшенов университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры Шолпан Арзымбетова.

 

ШЫМКЕНТ