Балалар • 26 Желтоқсан, 2023

Балғындарға қуаныш сыйлаған мереке

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында білім басқармасының ұйымдас­тыруымен «Қош келдің, Жаңа жыл» атты президенттік жаңажылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды.

Балғындарға қуаныш сыйлаған мереке

Іс-шараға 9-13 жас аралығындағы оқуда үздік, спортта жетістікке жеткен 300-ге жуық бала қатысты. Оларды мектептегі қамқоршылық кеңес ата-аналарымен бірге таңдады. Сонымен бірге көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген оқушылар да жаңа­жыл­дық мерекенің қонағы болды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бала­ларды жаңа­ жыл мерекесімен құттықтады.

«Жаңа жыл жағымды жаңалықтарға, жаңа жеңістер мен толағай табыстарға бай жыл болсын! Кез келген жеңіс пен жетістік үлкен еңбекпен келеді. Ол үшін өзіңді жан-жақты дамыту керек. Сабаққа зейін қойып, көп кітап оқып, спортпен айналысып, өнерге ұмтылу қажет. Ұлы істер мен биік белестерді бағындыратын жас ұрпақ – сендерге сенім артамыз. Ата-ана­ларыңызды құрметтеңіздер, үнемі сендер үшін қуанып жүретін болсын. Кі­шіге қамқор болып, үлгі-өнеге көр­сетіп жүріңіздер», деді шаһар басшысы.

Мерекелік іс-шарада балалар ән шырқап, би биледі. Қызықты сахналық қойылымдар балғындардың көңіл күйін ерекше шаттыққа бөледі. Сонымен бірге «Мейір» балет тобының жас бишілері өз өнерлерін көрсетті. Оқушылар сарайының ұстаздары түрлі жануардың кейпінде ба­лалардың көңілін аулады, мектептен тыс үйірме тәрбиеленушілері, Саз мектебінің скрипкашы шәкірттері де өнерлерін оқушыларға паш етті.

Қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиеваның айтуынша, жылдағы дәстүр бойынша өтетін Президенттің жаңажылдық шырша мере­кесінде балалар 100 мың теңгенің сертификатына, үш тілде жазылған «Атамекен аңызы» кітабына, сондай-ақ тәттілері бар сыйлықтарға ие болды.

 

ШЫМКЕНТ