Сұхбат • 21 Желтоқсан, 2023

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – негізгі мақсат

140 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Ордабасы ауданының Жусансай, Ақ қойлы, Төре­арық, Жетісай ауданының Алмалы және Мақтаарал ауда­ны­ның Жеңіс елді мекендерінде ішімдік атаулы сатылмайды. Тұр­ғын­дардың бастамасымен. Жоғарыда аталған елді мекен­дер­де алкоголь өнімдерін сатпаудың нәтижесінде қыл­мыс­тар мен­ құқық бұзушылықтардың саны азайған. Полиция депар­та­мен­тінің бастығы, полиция генералы Мұрат Қабденов атал­ған­ оң бастаманы облыстың басқа да елді мекендерінде тарату бойын­ша жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейтсе, отба­сы­лық-тұрмыстық қылмыстардың азаюына ықпал ететінін айтады.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – негізгі мақсат

– Мұрат Талапұлы, отба­сын­дағы тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу жұмы­сының тиімділігін арттыру қа­жет­­тілігі соңғы жылдары жиі ай­тылып келеді. Оған себеп те жоқ емес. Жағдайды түзеу, алдын алу шараларын кешенді түр­­де жүргізуде учаскелік инс­пек­тор­лар шешуші рөл атқа­ра­ты­ны мәлім. Осы орайда өңірде қан­дай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керектігін тапсырған болатын. Осы мақсатта учаскелік полицейлерге өз міндеттерін мінсіз орындауда талап күшейтілген. Өкінішке қарай, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі орын алып отыр. Отбасындағы жанжалдан зәбір көре­тіндердің басым бөлігі – әйел­дер мен балалар. Биыл азаматтардың шағымдары бо­йынша 4 мыңдай қорғау нұс­қа­масы шығарылды. Қорғау нұс­қа­масын бұзғаны үшін 106 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл 1 шілдеден бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы әрекеттерге өзгерістер енгізілуіне байланысты жауапкершілік қатаңдатылды. Тұр­мыс­тағы зомбылықтың кө­бі мас күйінде жасалады. Осы­ған бай­ланысты, спирттік ішім­­­дік­­тен мәжбүрлеп емдеу меке­ме­сіне 60 тұлға жолданды. Алко­голь­дік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 6 032 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартыл­ды. Өңіріміздің бірқатар елді меке­н­інде тұрғындар тарапынан ішім­дік­сіз ауыл сынды игі бастамалар қолға алынып, оң нәтиже беруде. Сол бастама өзге ауылдарға үлгі болып, кеңірек таралса, отба­сы­лық зорлық-зомбылық мүлде азаяр еді.

– Жалпы, облыста қоғамдық тәр­­­­тіпті қам­та­масыз етуге тағы қан­­дай шараларды қолға алу немесе күшейту қажет деп есеп­тей­сіз?

– Өздеріңізге мәлім, Президент Жолдауында заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымыз, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әре­кетке қатаң тосқауыл қою қа­жет­­тігі айтылды. Яғни негізгі мақ­сатымыз – заңды қатаң сақ­тау, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Облыста қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін патрульдік полиция қызметкерлерінің штат санын ұлғайту қажет. Бұл қызметкерлер бірінші кезекте азаматтарға дер кезінде көмекке барады. Сонымен қатар қоғамдық және жол қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады. Ал уақытша бейімдеу және детоксикация орталығын ашу құқық бұзушының қайталап қылмыс жасамауының алдын алады. Сондай-ақ облыстың әрбір ауданында қосымша дағдарыс орталықтарының санын арттыру қажет. Себебі орталық ауыр өмірлік жағдайға тап болған әйел­дер мен балалы аналарға психо­логиялық қолдау көрсетеді, тұр­ғын үй, тамақ, дәрі-дәрмек және киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Отбасы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық құрбандарының санын азай­тады. Сонымен қатар оңалту орта­лықтарын ашу, жолдарды реттеу, бейнебақылау камераларының санын кезең-кезеңімен көбейту қажет. Бұл құқық бұзушылықтың алдын алады, қылмыстардың ашы­луына және тағы да басқа жағ­дай­ларға көмегін тигізеді. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтеді.

Ерекше айта кететін мәселе, биылдан бастап Ұлттық ұлан әскери бөлінісі Түркістан қала­сында қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету бағытында қызмет атқа­руда. Бұл – қала тарихындағы өте маңызды жетістік. Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға 120 әскери сарбаз қызмет етуде. Сонымен қатар қоғам­дық тәртіпті сақтауға 1 405 бейне­бақы­лау камералары қолданылады, күнделікті 100-ге жуық қызметтік автокөлік пен 400-ден аса қыз­меткер, Ұлттық ұлан сарбаздары шығып, жүйелі түрде рейдтік профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Нәтижесінде, қоғам­дық орында жасалған қылмыс­тар – 30,1%-ға, соның ішінде көшеде жасалғандар –20,8%-ға төмендеді.

– Өңірде тіркелген құқық бұзу­­­­шы­­­лықтардың басым бөлі­гін қан­дай қыл­мыс­тар құрай­ды?

– Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде, былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылық саны 8,2 %-ға төмендеуіне қол жеткіздік. Негізгі көрсеткіштерді айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар 19,0%-ға, орта және ауырлығы орташа қылмыстар 5,0%-ға тө­мен­деді. Ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тардың ашылымы 78,3%-ды, орта және ауырлығы орташа қылмыстардың ашылымы 69,6%-ды құрап, республикалық көрсеткіштерден жоғары тұрмыз. Негізінде тіркелген қылмыстардың басым бөлігін мүліктік қылмыстар құрайды – ұрлық пен алаяқтықтар.

– Ұрлық демекші, мал ұрлы­­ғы­на қа­тыс­ты жазаның қатай­ты­­луы жағдайға қан­­шалықты әсер етті? Мал иелеріне кел­­тіріл­­ген шығын қаншалықты өте­­луде?

– Иә, қазіргі таңда өңірімізде мал ұрлығы – өзекті мәселенің бірі. Дегенмен жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде, облыс көлемінде мал ұрлығы 25,6%-ға төмендеп, ашылуы 65%-ды құрады. Мал ұрлығы қылмыстарымен айналысқан 18 қылмыстық топ құрықталып, нәтижесінде, 42 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Азаматтарға мал ұрлық­тарымен келтірілген шығын 21 млн 258 мың теңгені құрады, қазіргі кезде оның 87,2%-ы немесе 18 млн 546 мың теңгесі мал иелеріне қайтарылды. Жалпы, 169 тіркелген мал ұрлығының 121 фактісі жа­йылымнан (71,6%), ал 48-і қорадан ұрланған (28,4%). Бұл фактілер азаматтарымыздың малдарын жайылымда қараусыз қалдырып, ұрлыққа қолайлы жағдайлар жасайтынын аңғартады. Осы орайда, мал иелері мен мүліктеріне өздері қарау немесе бақташы жалдау, сондай-ақ чип орнату бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Жалпы, азаматтардың өз мүлкін қорғауға деген жауапкершілігін арттыру керек. Бұл мәселені аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, халық арасында кеңінен насихаттау қажет. Барлық орын алған мал ұрлықтарына біз төтенше жағдай ретінде қарап, ізін суытпай ашуға бағытталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырудамыз. Аталған қылмыстар бойынша ұсталған күдікті қылмыскерлер міндетті түрде қамауға алынады.

Келесі өзекті мәселе – пәтер ұрлық­тары, бұл қылмыстар 45,6%-ға төмендеген, ашылымы 59%-ды құрады. Пәтер ұрлығы қыл­мыс­тарымен айналысқан 13 қыл­мыстық топ құрықталып, нәти­же­сінде, 31 адам қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылды. Өзіңіз білесіз, облысымызда жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің саны артуда. Сол себепті, пәтер ұрлықтарының алдын алу мақсатында, құрылыс ком­па­нияларына салынып жатқан үйлерге домофон, кодты құлыптар және бейнебақылау камераларын бастапқы кезде орнатуды мін­дет­теу қажеттілігі туындап отыр.

– Бүгінде елімізде алаяқтық қыл­мыс­тардың өршігені жасырын емес. Оның алдын алу бағытында қандай жұ­мыстар атқарылуда?

– Иә, алаяқтық – қазіргі заманда ең көп орын алатын қылмыстардың бірі. Алаяқтық қылмыстарының саны облыста 1,4%-ға төмендеді, ашылуы 87,3%-ды құрап отыр. Мұның ішінде, интернет-алаяқтық қылмысы, яғни жоғары технология­ларды қолдану арқылы жасалған қылмыстардың ашылуы 40,1%-ды құрады. Аталған қылмыстардың алдын алу және ашу бойынша биыл маусым айында «Киберпол» арнайы тобы құрылды. Бұл топ құрамына білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен ІТ мамандары жұмылдырылған. Алаяқтық қылмыстарымен айна­лысқан 25 тұлғадан тұратын, 1 312 жәбірленушіге 931 млн теңгеден аса материалдық шығын кел­­тірген, ұйымдасқан қыл­мыс­­тық топ мүшелері ұсталды. Қазір­гі таңда, азаматтарымыз алаяқ­тар­дың құрбаны болмауы үшін, қыз­мет­керлермен бұқа­ралық ақпа­рат құрал­дарында, әлеуметтік желі­­лер­де, жоғары оқу орындарын­да, базарлар мен сауда орта­лық­­та­рын­да кеңінен профи­лак­тика­­лық түсін­дірме жұмыс­та­ры­ жүр­гі­зілуде.

Есірткіге қатысты қылмыс­тар­дың алдын алу да біздің назары­мыздағы мәселе. Бұл латентті, яғни жеке іздеумен анықталатын қылмыстар. Жалпы, осы уақытқа дейін есірткі қылмыстарының 507 жайты анықталған, былтырғымен салыстырғанда 31,0%-ға көп анық­тап отырмыз. Заңсыз айналымнан 1 тонна 322 кило есірткі заттары, сондай-ақ 35 мың 912 түп есірткі өсімдіктері тәркіленді. Биылғы жылдың сәуірінен бас­тап «Трамодол» дәрісін заңсыз сату және сақтауға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаннан кейін, 34 дерек анықталып, 1 149 пластина, 1362 таблетка, 26 капсула тәркіленді. Есірткі және нашақорлықты үгіттейтін ақпараттар мен жарнамаларды анықтау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Интернет мони­торинг жұмыстарының нәтижесінде, синтетикалық есірт­кі тарататын 66 ақпараттық сайт анықталып, Ішкі істер министр­лігі­нің «Киберқадағалау» бағдар­ла­масымен тоқтатылды.

– Өңірде жол-көлік оқи­­ғ­а­­лары жиі орын алуда. Қалай ой­лайсыз, оған басты себеп жол­дың сапасыздығы ма, әлде жүр­гізу­шінің жауап­сыз­ды­ғы­ ма?

– Жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары жиі орын алғаны рас. Дегенмен республикалық ма­ңызы бар жолдарда ЖКО – 35,6%-ға, қаза тапқандар – 39,1%-ға, зардап шеккендердің саны – 19,3%-ға төмендегенін айта кеткен жөн. Ал облыстық маңызы бар жол­дарда ЖКО – 46,8% (171–ден 251–ге дейін), зардап шеккен­дер – 32,4% (238-ден 315-ке дейін) өскен, қаза тап­қандар саны – 13,9% (101-ден 87-ге дейін) төмендеген. Елді мекен­­дерде бұл көрсеткіштер бір­ша­ма төмендеген. Яғни біздің облыс республика бойынша апат­ты­­лығы жоғары деңгейлі өңір­лер­дің біріне жатады. Себебі облы­сы­мыз­дың халық саны 2 миллион­нан астам адамды құрайды. Ха­лық­­тың тығыздығы жоғары және 400 мыңға жуық автокөлік тір­кел­ген, транзиттік түрде өтетін авто­көліктердің саны да аз емес. Сон­дай-ақ жолдардың және оның инфра­­құрылымының жай-күйі де апатқа ұшырайтын маңызды себеп­тердің бірі.

Полиция департаменті облыс­тың жолдарына 3 710 тексерулер жүргізіліп, 12 062 кемшіліктерді анықтады. Олар­ды жою бо­­йынша 3 726 нұсқама беріл­ді. Патрульдік автомобильдерінде орнатылған жылдамдық режімін автоматты тіркеудің 11 мобильді «Автоураган», «Кибер-Шериф» және «Кордон ПроМ» кешендерін алуға қол жеткіздік. Олармен жыл басынан бастап 100 424 құ­қық бұзушылық анықталды. Ал­дағы уақытта 5 дана осындай кешендерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Осы техникалық құралдардың барлығы жүргізуші тәртібін және жазадан құтылмау қағидатын арттыруда өз тиімділігін көр­сетіп отыр. Сонымен қоса «Қор­ғау – қауіпті жүргізуші!» бағ­­­дар­ламасының көмегімен 1 400 авто­­көлік айыппұл тұрағына қо­­йы­­лып, барлық жүргізуші жауап­кер­шілікке тартылды.

Өңір полиция қызметкерлері өз құзы­реті шеңберінде, өздеріне жүктелген мін­деттерді мінсіз атқа­ру мақсатында жұ­мыс істеуде. Де­ген­­мен біз үшін аза­мат­тары­мыз­­дың заңдылықты нығайту жо­лын­­да жұдырықтай жұмылуы да аса маңызды.

 

Әңгімелескен –

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы