Медицина • 21 Желтоқсан, 2023

Өңір медицинасындағы оң өзгеріс

75 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері денсау­лық сақтау саласында ауыз толтырып айтарлық жаңа­лық жетерлік. Әдет­тегідей бірнеше медицина ұйымдарының базасы озық үлгідегі технологиямен жабдықталса, ауыл-аймақтарда медицина нысандары бой көтерді. Сала мамандары біліктілігін арттырып, шыңдалудан шет қалмады.

Өңір медицинасындағы оң өзгеріс

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Шынтуайтында, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі денсаулық сақтау саласын дамытуға септесті деп айтуға толық негіз бар. Сөзімізге медицина саласын қаржылан­дыру сомасы биыл 2,5 трлн теңгеге өскені дәлел. Мысалы, 2019 жылы қаржыландыру көлемі 1,3 трлн теңгенің шамасында болса, 2021 жылы – 1,8 трлн, ал былтыр 2,2 трлн теңгеге жетіпті. Меди­цинаны қаржыландыруға көп көңіл бөлгеннің есесіне денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасы кеңейіп, осы жаңашылдық қызмет көрсету сапасына әсер ететіні айтпай-ақ түсінікті. Санаулы жылда салаға бөлінген қаржының еселеп өсуіне елдегі демографиялық жағдай да әсер етсе керек. Атап айтқанда, биыл елдің әрбір тұрғынына жұм­салған шығыстар 131 мың теңгені құраған. Өмір сүру ұзақтығы 73,1-ден 74,4 жасқа жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 10 ай ішінде өлім-жіті­мінің көрсеткіші 5,7%-ға, қан айна­лы­мы жүйесі ауруларынан өлім-жітім – 6,9%, қатерлі ісіктерден – 0,6%, тыныс алу органдары ауру­ларынан – 4,7%-ға, туберкулез­ден 22,1%-ға төмендеген. 11 айда нәресте өлімі – 9,6%-ға, ана өлі­мі 24,4%-ға азайды. Бұл – па­циент­тер­ге көрсетілетін қызмет спектрі­нің ке­ңейгенін, халықтың таби­ғи өсі­мі­не қарай медицина сала­сын­дағы жағ­дайдың жақсара түскенін көрсе­тетін маңызды фактор саналады.

ыпар

Медицинада пациенттерге көрсе­ті­ле­тін қызмет түрі көбейгені байқа­ла­ды. Тарқатып айтар болсақ, ал­ғаш­қы медициналық-санитарлық кө­мек – 10%-ға, консультациялық-диагнос­тика­лық қызметтер – 2,5 есе, ал меди­цина­лық оңалтуды қаржыландыру 13 есе ұлғайған. Халықтың алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық көмекке жүгінуі былтырмен салыстырғанда 10%-ға ұлғайып, ұзын-саны 96,3 млн қызметті құраған. Мұны нақ қазір еліміздегі әр­бір тұрғынға шаққанда 4,8 қызметтен келеді. Орайы келгенде алғашқы ме­ди­ци­налық-санитарлық көмектің 57%-ы – мемлекеттік, 43%-ы жеке меди­ци­на­­лық ұйымдар көрсететінін де айта кетке­німіз жөн болар.

Биыл консультациялық-диагностика­лық қызметтер саны 2,5 есе көбейген. 1,1 млн тұрғынға қымбат диагностикалық қызмет (КТ/МРТ) көрсетілген. Қашықтан көрсетілген медициналық қызметтің саны – 687 мың. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7 есе көп. Сол секілді медициналық оңалтуға да айтарлықтай көңіл бөлініп, қаржыландыру көлемі 13 есе ұлғайған. Осы бағытқа 2019 жылы 6 млрд теңге қаралса, биыл 78,1 млрд теңге бөлінген. Бұдан еліміздің 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізуге талпынысын байқаймыз. Биыл амбулаториялық деңгейде 200-ге жуық медициналық оңалту қызметі көрсетілген. 48 амбулаториялық-емхана­лық көмек ұйымдарында үздік тәжірибе орталықтары ашылған. Аталған орта­лықтардың 160-тан аса маманы арнайы оқудан өткен. Тағы бір айта кетерлік жайт, ересек пациенттерге 8 ауру түрін (артериялық гипертония, жүректің ише­миялық ауруы, қант диабеті, глаукома, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, колоректальды обыр, вирустық гепатит) ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама іске асып жатыр. Биыл скри­нингтік тексерулермен қамту 2022 жылмен салыстырғанда 19,7%-ға артып, 8,5 млн адамды құрады. Ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу органдары және қуықасты без обыры ауруларын ерте анықтауға арналған скрининг кеңейтілді. Жалпы, профилактикалық тексерулермен шамамен 2,6 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Сондай-ақ шалғай ауылдардың 50 мың­нан аса тұрғыны медициналық пойыз­дардың қызметімен қамтылса, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 58% артық екен.

Еліміздің медициналық орталықта­рында жыл басынан бері 244 трансплан­тация жасалған. Ал орталық жүйке жүйесінің ауруларын радиохирургиялық емдеумен айналысатын Ұлттық нейрохирургия орталығының гамма-пышақ орталығында осы күнге дейін 1 037 опе­рация жасалған. Ал биыл жасалған опе­рациялар саны 233-ке жеткен. Қуан­тарлығы, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында елімізде 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөнін­дегі кешенді жоспар бекітілді.

Қыркүйекте Қазақстанның тең төраға­­­лы­ғымен БҰҰ Бас Ассамблея­сы­ның 78-сессиясында МСАК бойын­ша панельдік сессия өтті. 24-26 қазан күндері елордада Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірлік комитетінің 73-сессиясы ұйымдастырылды.

Медицина саласын дамытудың та­ғы бір бағыты «Қазақстан халқына» қо­ғам­дық қорымен қатар мемлекет қа­ра­жаты есебінен медицина мекеме­лерінің материалдық-техникалық базасын жаңартып, фармацевтикалық өнімді молайтуға, салаға білікті кадрларды тарту­ға негізделген. Биыл «Қазақстан хал­­қы­н­а» қоғамдық қорының қаражаты есе­бінен 30 млрд теңгеге орфандық дәрі­лік заттар сатып алынған. Бұған қоса 58,8 млрд теңгеге 514 медициналық техни­ка алынды. Бұл ретте медициналық ұйым­дардың жарақтандырылуы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып отыр.

Дәрігерлерге, оның ішінде аса тап­шы мамандықтар бойынша қажетті­лік­ті қамтамасыз ету үшін биыл респуб­­ли­ка­лық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім гранты бөлінген. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен биыл 16,5 мың маман біліктілігін арттырса, оның ішінде 108 маман шетелде тәжірибе жиған. Елдегі медициналық жоғары оқу орындарын биыл 6 940 түлек тәмамдаса, 601 маманға көтерме жәрдемақы бөлініп, 384 маман тұрғын үймен қамтылған. Сол секілді 74 маманға өзге де қолдау шаралары көрсетіліпті.

Биыл ел Үкіметі қала, аудандарды медициналық инфрақұрылыммен қам­­тамасыз етуге ерекше көңіл бөліп отыр­ғанын байқадық. Мысалы, қаңтар айы­нан бүгінге дейін ел бойынша 78 денсау­лық сақтау нысаны пайдалануға берілген. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 47 нысан салынып, 80 нысан жөндеуден өткен. Тағы бір маңызды деректерге тоқталсақ, елде 79 инсульт орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтарда биыл 38 мыңнан аса адам емделген. Жедел коронарлық синдром кезінде ел тұрғындарына маман­дандырылған медициналық көмекті 44 коронарлық араласу орталығы көрсетсе, биыл мұндай орталықтарда 33 мыңға жуық науқас емделді.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ел аумағындағы 6 климаттық және сейсмикалық аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, қайта қолдануға арнал­ған 16 эталондық жоба әзірленген. Бұл қатарда Ақмола, Батыс Қазақстан, Түр­кістан, Алматы, Жамбыл, Қара­ған­ды облыстары бар. Аталған аймақ­тарда дәрігерлік амбулаториялар, фельд­шерлік-акушерлік және меди­циналық пункттер назарда болды. 42 МСАК объектісінің құрылысы, 4 көп­бейінді орталық аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жаңарып жатыр. Қазірде 47 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны бой көтерген. Бұған қоса жеке инвестиция есебінен денсаулық сақтау объектілерін салу және жарақтандыру бойынша шаруалар үйлесім тапты. Мысалы, биыл де­меушілік көмек есебінен Атырау қала­сының «Береке» шағын ауданында дә­рігерлік амбулатория салынған. Алма­ты облысында «Dolce» серіктестігі оңтүстік кореялық «SGP» компаниясымен бірлесіп, Оңтүстік Корея технология­сы бойынша озық шприц өндіру бойынша жобаны іске асыра бастады. «Clever Medical» серіктестігі Алматы облысында операциялық бөлмелерге арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісін ашқан. Алматыда Оңтүстік Кореялық «Samsung Madison» компаниясы жоғары және сараптамалық клас­ты ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелерін шығаруды жолға қойса, «AiSonic» серіктестігі Маңғыстау облысында алғашқы отан­дық «Айшық» есту аппараттарының өн­дірісін қолға алды. Осы секілді Сол­түстік Қазақстан облысында, Шымкент қаласында, Жамбыл облысында іске асып жатқан сәтті бастамалар баршылық. Бұл көл-көсір жұмыстың барлығы сайып келгенде денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға жол ашады.