Денсаулық • 20 Желтоқсан, 2023

Жүйедегі жүйелі жұмыстар

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицина саласын қаржыландыру көлемі жыл сайын өсетіні түсінікті. Әйткенмен, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылғанға дейін медициналық қызметтерге шамамен 1 трлн теңгенің төңірегінде қаржы бөлінсе, келер жылға сатып алу жоспары 2,8 трлн теңгені құрап отыр. Былтырдың өзінде МӘМС жүйесінде 11,4 млн адамға медициналық көмек көрсетіліпті.

Жүйедегі жүйелі жұмыстар

Денсаулық сақтау саласына қаралған қаражат қалай игеріледі, қай бағытқа ба­сымдық беріледі деген сауал қоғамды, со­ның ішінде медицина мамандарын тол­ғандырса керек. Негізі Денсаулық сақ­тау бюджетін жоспарлау кезінде ең әуе­лі медициналық көмекке қажеттілік, өңір­лер бөлінісінде сырқаттанушылық дең­гейі, демографиялық көрсеткіштер, инфра­құрылым, дәрігерге сұраныс және басқа да мәселелер ескеріледі екен. Бұл ретте стратегиялық жоспарлар, даму бағдар­ламалары, әлеуметтік-экономи­калық даму болжамдарына және өңірлердің ныса­налы индикаторларына сәйкес басым­дықтар назардан тыс қалмайды. Бұл тура­лы бізге Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорының жоспарлау және бол­жау департаментінің басқарма басшысы Сайран Оспанова тарқатып айтып берген еді.

– Аймақтардан түскен өтініштерді жергілікті атқарушы органдар жинап, қор­ға жібереді. Әрі қарай бюджеттік заң­намаға сәйкес бюджеттік өтінім құрылып, ол белгілі бір мерзімде уәкілетті орган­мен МӘМС жүйесіндегі бюджет қара­жаты мен түсімдер лимиті шегінде пысық­талады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесі шеңберіндегі қаражат көлемі уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген медициналық көмек түрлері бо­йынша қолданыстағы тарифтерді еске­ре отырып есептеледі. Орайы келгенде айта кетер болсам, келер жылы Ден­сау­лық сақтау саласына қаралған қара­жат көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде ТМККК – 1,6 трлн теңге, ал МӘМС жүйесінде 1,2 трлн теңге көздел­ген. Келер жылғы қаржы 2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен. Оның ішін­де консультациялық-диагностикалық қыз­меттерге жолдама 25%-ға артты. Соны­мен қатар стационарлық көмек пен жо­ғары технологиялық қызметтерді қаржы­ландыру 9%-ға, медициналық оңалтуды қар­жы­ландыру 7%-ға ұлғайды, – дейді С.Оспа­нова.

Білсеңіздер, медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі. Тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі республи­калық бюджет қаражаты есебінен қар­жыландырылады. Мемлекет 15 жеңілде­тілген санаттағы азаматтар үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейді және бұл шы­ғындар шектеулі. Егер келер жылға арнал­ған республикалық бюджеттен ТМККК шеңберінде медициналық көмекке 1,6 трлн теңге бөлінсе, онда қор ТМККК-ға медициналық қызметтерді төлеуге арнал­ған шығыстарды осы сомадан асыра алмайды. Сонымен МӘМС жүйесіндегі ме­ди­циналық көмек үшін қор активінен қа­ра­жат бөлінетінін және келер жылға 1,2 трлн теңге қаралатынын айттық. Сонымен қатар жыл ішінде басқа да қажеттіліктер ес­керіліп, бюджетке түзетулер енгізіледі екен.

Медицина саласына қаралған қаржы­ның жыл санап өсіп жатқанына қарамастан, кейбір бағыттарға қаржы жетпей жатқаны байқалады. Осы сұраққа кеңірек тоқталсақ, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақ­тау шығындары ішкі жалпы өнімнен 2019 жыл­дан бері 2,8%-ден 3,7%-ға өске­ні бай­қалады. Мемлекет басшысы бұл көрсет­кішті 2027 жылға қарай 5%-ға дейін арттыруды тапсырды. Ал Еуропалық эконо­ми­ка­лық ынтымақтастық ұйымы елде­рінде ден­саулық сақтаудың ағымдағы шығын­дары ішкі жалпы өнімнің шамамен 10,2%-ын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы экономикасы дамыған елдер денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақты­лығы үшін ішкі жалпы өнімнің 5%-дан 8%-ға дейін, ал дамыған елдерде кемінде 9% халықтың денсаулығын қорғауға бөлуді ұсынады. Біздің жайды осымен салыстырсақ, қаржыландыру көлемі аз екенін аңғарамыз. Қала берді медициналық көмекке жұмсалатын шығындар жыл сайын артып келеді. Азаматтар жоға­ры тех­нологиялық қызметтерге көбі­рек жү­гі­не­т­ін болған. Сол үшін де Әлеу­мет­тік ме­дициналық сақтандыру қо­ры­ның бас­шы­лығы қаржыны жоспарлау әдіс­теме­сін жетілдіруге келгенде цифрландыру, автоматтандыруға көбірек иек артуды көздеп отыр.