Қоғам • 20 Желтоқсан, 2023

Сәбиді сауықтыратын бағдарлама

120 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында аутизм дертіне шалдыққан 600 бала бар. Олардың жас айырмашылықтары да әртүрлі. Осы балалардың ата-анасы біраз жылдан бері арнайы балабақша ашу қажеттігін күн тәртібіне көтеріп келеді. Өйткені сәбидің аутистік спектрі бұзылғаны неғұрлым ерте­рек анықталса, соғұрлым мамандар көмегімен қалыпты ортаға бейімдеу мүмкіндігі жоғарылайды. Бала қатарынан қалып қоймасын деп шырылдап жүрген ананың да тілегі осы.

Сәбиді сауықтыратын бағдарлама

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Әзірше дамуында ақау бай­қалған, әлеуметке бейімделуі қиын сәбилер Ақтөбедегі «Асыл Мирас» орталығында үш ай түзетілім сабақтарынан өтіп жүр. Бірақ бұл жерде дәрігердің жолдамасы болса да, кезек күтуге тура келеді. Жалпы, елімізде «Асыл Мирас» орталығы 2018 жылы Болат Өтемұратов қорының қол­дауы­мен ашылып, оның өңір­лер­дегі бөлімшелері 2021 жыл­дан бас­тап облыстық білім бас­қар­ма­ларына өткізілді. Ақтөбе об­лыс­тық білім басқармасы жа­нын­да коммуналдық мекеме­ ре­­тінде жұмыс істеп жатқан «Асыл Мирас» орталығында екі жыл ішінде 1-18 жас ара­лы­ғын­дағы 308 бала оңалту дәріс­тері­нен өтті. Орталық маманда­ры ресейлік нейрофизиолог А.Со­ро­­­кин, Дэвид Геффен медицина мектебі психиатрларының әдіс­темелерін, баланың сөйлеу тілін қалыптастыруда Джеймс Пар­тингтон бағдарламасын, ерте қол­дау бойынша С.Роджерс, Дж. Доусон, Дж. Висмардың тәжі­ри­белерін басшылыққа алады.

«Дәрігерлердің жолдамасы­мен келген балаға үш ай бойы үзі­ліссіз педагогикалық түзетілім жұ­мыстары жүргізіледі. Яғни бала аптасына үш рет бір сағат­тан дәріс алады. Былтыр дамуында тежеуі бар 293 бала­мен, биыл жартыжылдықта 176 баламен жұмыс істедік. Мамандарымыздың тиянақты жұмысының арқасында 12 баладан аутизм диагнозы алынып тас­тал­ды. Дамуында тежеуі бар балалар үшін «Денвердің ерте топтық ара­ласу үлгісі» нұсқаулығы тиімді. Былайша айтқанда, сәби дамуын­дағы өзгерісті ата-аналары ерте байқап коррекциялық көмекке жүгінсе, жақсы нәтижеге тез қол жеткізеді. Біздегі «Ерте қолдау» бағдарламасынан өткен 3-7 жастағы балалар кәдімгі бала­­бақ­­шалар мен мектептерге қабыл­­данды. Бірақ біраз уақыт кор­­рек­циялық түзетілімге келіп жүреді. Аутистік спектрі бұзыл­ған, дамуында тежелуі байқалған әр баланың, әр ананың өзіндік себебі бар. Дегенмен ата-ана мен мамандар бірлесе әрекет ет­кен­де баланы қалыпты ортаға қай­та­рамыз. Арнайы дәрістер осы балалардың ата-аналарына да жүр­гізіледі. Олар орталықта үй­рен­гендерін үйде қайта­лай­ды», дейді «Асыл Мирас» орта­лы­ғы­ның директоры Айгүл Испа­нова.

Орталықта төрт жастағы сәбиін он бесінші дәріске әкелген анамен сөйлестік. Адамға назары түс­пейтін, есімін атап шақырса жылап қашатын бала бірнеше дәріс­тен соң қатты өзгерген. Енді ол есімін атап шақырса, бұрылып қарайды, қойылған сұрақтарға «бар» не «жоқ» деп жауап береді. Үш жастан асқан Алексей де анасымен бірге орталыққа келіп жүр. Анасы екі жасқа келген бала­сының бірден тұйықталып, сөз­дік қорын жоғалтқанын айтады. Есімін атап шақырса, назар аудар­майтын болған.

«Сегіз айлығында еңбектеп, бір жасында аяғын басып, сөздерді айта бастаған ұлымды жоғал­тып алғандай бойымды қор­қыныш билеп, кімнен ақыл сұрарымды білмедім. Дәрігер­лер­дің жолдамасымен «Асыл Мирас» орта­лы­ғына келіп, үш ай оңалту курс­­тарынан өткен соң баламды қайта тапқандай бол­дым. Қазір Лешка есімін атап шақырса, жауап­ қа­тады, тия­нақ­ты және сабырлы бола түсті. Оған дейін бір орында отырмайтын еді. Баламды қа­лыпты өмір­ге қайтарған орта­лық­­тың мұға­лімдері Назгүл мен Гау­­һарға алғы­сым шексіз», дейді Алек­сейдің анасы.

Дені сау болып дүниеге келіп, жасына сай дамып келе жатқан тағы бір бүлдіршін екі жасқа келгенде тамақтан бас тартып, сәбилерге арналған қоспаны қайта сұрай бастайды. Анасы алғашқыда онысын еркелік ретінде қарап, аса мән бермейді. Кезекті дәрігерлік тексерістен өтуге келгенде балаға аутизм диагнозы қойылады. Оңалту сабақтарынан өтуге «Асыл Мирас» орталығына келгенде бірін­ші күні сәби көзін қолымен жауып, сұраққа жауап қатпайды. Осы жердегі балалардың бірі айқайласа, жылап қалатын. Үш айдан соң баланың бойында ерекше өзгерістер пайда болған. Ол жылауды доғарды, қажет нәрсені сұқ саусағымен көрсетіп сұрап алды, балалармен ойнап, сөзді толық айтпаса да, жаңа дыбыстар шығарған. Сабақ кезінде балалармен қосылып ән айтқан.

«Үйде Мирон белсенді бола түсті. Ұйықтауға жатамыз десем, терезе пердесін өзі жа­уып, жарықты сөндіріп, төсегіне барып жатады. Мультфильм көргісі келсе, пультті маған алып келеді. Кішкентай ойын­шық­тарды өзі құрастырады. Әрине, алдымызда көп жұмыс тұр. Соған қарамастан үш айда көп жетістіктерге жеткенімізді түсін­дім. Төрт жастағы баламды әлеуметке бейімдеуде осы орта­лық мамандарының еңбегі күшті», дейді Миронның анасы.

Үш жастағы Ерсұлтанның анасы да түзетілім сабақтарының пайдасы зор болғанын айтады. Бір жасында жүріп, жеке сөздерді айта бастаған бүлдіршіннің екі жасында тежелуі байқалған. Дауыс­қа назар аудармай, өзі­нен-өзі мазасызданып жылай­ бер­ген. Қонаққа барғанда бір орында отырмай, далаға шыға­рып ойнатқанда балалардан қаш­қан. Анасының қасында бар-жоғы бәрібір екен. Екі жас­тан асқанда психологиялық тежелуі анықталып, оған қоса бойында ашу-ызасы бар деген дәрігерлік қорытындымен «Асыл Мирас» орталығына жіберілген. Орындыққа отыра алмайтын, «кел, жүр, тұр» деген сөздерге мән бермейтін, есімін атап шақырса, үнсіз қалатын бала қазір қатты өзгерген. Ұшқалақтығы басы­лып, сабырлы бола түскен, ойын­шық­тар­мен ұзақ ойнайды.

«Алыстан келе жатсам тани­тын болды. Үйде үш жас ересек аға­сымен ойнайды. Қасынан ке­тіп бара жатсам, жылайды. Қыс­қа­сы, үш жастағы балам қалыпты өмір­ге қайтып оралды», дейді Ерсұл­тан­ның анасы.

Аутизм диагнозымен әлеу­мет­ке ерте бейімделу курсынан өткен бірнеше сәби осылай­ша­ өз қатарластарын қуып жет­ті. Олар қазір мемлекеттік бала­бақ­шаларға барып жүр.

Жыл сайын өңірде психо­ло­гия­лық дамуында кемістігі бар бала­лар көбейіп келе жатқанын назар­ға алсақ, 900 мыңға жуық тұрғыны бар облыста аутизм дер­тіне шалдыққан сәбилерге арнал­ған жалғыз түзетілім орталығы аз­дық ететіні анық. Сәби өз әлеміне тығы­лып қалса, оның әлеуметтен өгей­ленуі ерте бас­талады. Осы кезде дамуында тежелуі бар деген үкім кесіледі. Сол үшін де ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтар мен балабақшалардың жұмысын жақсы жолға қою керек. Өйткені инклюзивті ортадағы баланың қажеттіліктерін түсінетін кәсіби мамандар ғана сәбиді тұйықтан алып шыға алады.

 

Ақтөбе облысы