Денсаулық • 12 Желтоқсан, 2023

Қызылшадан вакцина ғана құтқарады

74 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазан айынан бері елдің барлық аймағында жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған науқас көбейген. Жыл сайын қыс қаһарына мінгенге дейін жұқпалы аурулар біраз әбігерге салатыны бар. Сол секілді биыл қызылшамен ауырған бала көп. Дәрігерлер күзде балалардың басым көпшілігі қызылшаға қарсы вакцина салмағаннан ауырғанын айтып, ескертті. Содан елемеген ауру азуын батырды. Біз Астанадағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына барғанда жағдайдың мәз емес екенін түсіндік.

Қызылшадан вакцина ғана құтқарады

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл жіті респираторлық вирустық инфекциялар қазаннан бастап қараша, желтоқсанда көп тіркелген. Жұқпалы аурулардың қатарындағы қызылшаның да беті қайтар емес. Өңірлерде де қызылша жұқтырғандар көп тіркелді. Бұл қатарда кеше ғана дүниеге келген, жасқа толмаған нәрестелер бар. Себебі күнтізбе бойынша балалар жасқа толғанда ғана вакцина алады. Неге десеңіздер, жасқа толмаған бала анасының сүтін еміп, басқа да екпелерді алып қорғанады екен. Әрине, жасқа толмаған балаларға да қызылша ауруы үйдегі ересектерден жұққан.

№3 көпбейінді қалалық балалар ауру­ханасындағы дәрігерлер қызылша жұқтырған бала келгенде науқастың жағдайын жіті бақылайды. Өйткені ауру­дың аты, түрі бір болғанымен салдары екі балада екі түрлі жағдайда өтуі мүмкін. Әр бала жағдайына қарай әртүрлі ем қа­былдайды. Балалар ауруханасында 300 төсектік орын шақталған. Бірақ күрделі эпидемиялық жағдайға байланысты орын саны 500-ге жеткен. Осыған қарамастан, ауруханадан күнделікті сауығып шыққан балалардың орны үздіксіз толығып отырады. Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында директордың орынбасары Роза Өтегеновамен жүздескенімізде, ол жағ­дайы ауыр балаларға қалай да бөлімшеден орын тауып беретінін айтты.

вар

– Ауруханаға туғанына бір ай бол­ған сәбиден 18 жасқа дейінгі балалар қабыл­данады. Қазіргі ахуал бойынша айтар бол­сам, қызылша жұқтырған балалардың жағдайы әртүрлі. Денсаулығы орта, ауыр, сосын қосалқы аурулары бар балалар көп. Бүгінде ауруханада 200-ден аса қы­зылшамен ауырған бала жатыр. Оның ішінде шамамен 65 бала жасқа толмаған. Ауруханаға күніне 70-80 бала қы­зылшамен ауырып келсе, орта есеп­пен соның жартысы бөлімшеге жатады. Басқалары қаралып, дәрігердің нұсқауын алып, мекенжайы бойынша емханалардағы дәрігерлердің бақы­лауында болады. Жансақтау бөлі­мінде қызылшамен ауырған 4 бала жатыр. Үшеуінің жағдайы өте ауыр. Олар жасанды өкпе аппаратына қосылған, – дейді Р.Өтегенова.

Алдыңғы апталарда балалар ауруха­насының жансақтау бөліміне 15 балаға дейін қабылданған. Тәубе, олардың көбі жазылып, бөлімшеге ауысқан. Мысалы, өте ауыр жағдайда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған 4 бала бірер күн бұрын отбасына аман-сау оралған. Осылайша, жансақтау бөлімінен шыққан балалар әуелі бөлімшеге ауысса, кейін уақыт сәтімен үйіне шығады. Қуанышқа қарай, өткен аптада күннің суытқаны жұқпалы аурулардың азаюына сәл де болса ықпал еткендей. Иә, оның үстіне қазір емханаларда балаларды қосымша иммундау жұмыстары жүріп жатқанын ескергейсіздер. Негізі вакцина туралы ақпараттандыруға көбіне-көп емханалар араласады. Ал қалалық балалар ауруханасының медициналық қызметкер­лері аурудың салдарымен күреседі.

– Дегенмен балаларын ауруханаға алып келген ата-аналармен біз де тілде­семіз. Жалпы, вакцинаға қарсы болған ата-ананы ешкім қинай алмайды. Олардың өз құқы бар. Қал-қадерімізше түсіндіру жұмысын жүр­гіземіз. Вакцинаның пайдасын айтамыз. Бірақ менің ойымша, қазір ата-аналар балалары қатты ауырып жатқанда вакцинаны неге уақтылы алмағанын еске алатын сияқты. Уақтылы вакцина салдыру керек еді дейтіндер кездеседі. Басқа ауруымен алысып жүрген балалардың ата-анасы сол дертінен айыққан соң вакцина салдырамыз деп жүргенде қызылша жұқтырып жатады. Өкініштісі, кейбірі жаңсақ әңгіме, жел сөзге ереді. Ал шын мәнісінде, вакциналардың септігімен талай инфекциялық аурулар ауыздықталды ғой. Бұған ғылыммен дәлелденген фактілер жетіп артылады. Есте болса, 2018 жылдың соңы, 2019 жылдың бас кезінде қызылша асқынған. Осы жолы анемиясы бар, неврологиялық жүйесі ауыратын, талмасы бар балалар көбіне қызылшамен ауырып жатқанын байқауға болады. Вирус осал жерден ұстайды, – дейді Р.Өтегенова.

Балалар ауруханасында біз алдымен вирус инфекциясының блогіне өтіп, одан әрі дәрігерлермен бірге анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне беттедік. Қызылшамен ауыр­ған балалардың жансақтау бөлімі бөлек орналасқан екен. Мұнда қазан айында эпидахуал күрделеніп, науқастар көбейген тұста қызылшамен ауырған балаларды қабылдайтын бөлек бөлім ашылыпты. Қысқасы, ғимараттың осы бөлігінде тек қызылшамен ауырғандар жатады. Олардың басым көпшілігі – 7 жасқа толмаған балалар. 7 жастан асқан балалар шамамен қызылшамен ауырғандардың 10 пайызын ғана құрайды. Жансақтау бөліміне барғанда мамандар жағдайы ауыр 4 балаға қарайласып жатқанын аңғардық. Балалардың палатасы – толған монитор. Бұл аппараттар әр минут сайы­н қанды, баланың жүрек соғысын, тыныс алуын, қызуын қадағалайды. Палатада қызылша ауруы асқынған екі жасар бала бар. Оған қызылшаның салдары өкпеге, нерв жүйесіне ғана емес, бүйрекке де әсер еткен. Жағдайы өте ауыр. Өкпесі қатты қабынған соң әзірге өздігінен тыныс алуға әлі келмейді. Ба­лалардың хал-ахуалын сұрастырып жүр­генімізде реанимация бөліміне дәрігерлер бесінші баланы әкеліп жатты. Жұмыс қауырт. Дәрігерлер балаларды аман алып қалудың барлық қам-қарекетін жасап бағып отыр. Біз де балалардың көп ұза­май сауығып кетуін тілеп, жансақтау бөлімінен шықтық.

Қызылша ауруы – қауіпті. Дәрі­гер­лердің айтуынша, қызылша ас­қынғанда балалар­дың жоғары, төменгі тыныс жолдары за­қымданып, дем алуы қиындайды. Ен­тігіп, ауа жетпейді. Сол мезгілде бала­ның жүрегі, миына ауа жетпегеннен сыр беруі мүмкін. Қызылша ауруы­ның өзі құрғақ жөтелден басталады. Бала­ның көзі ісіп, қызара бастайды. Ауру­­дың бастапқы белгілерінің жедел респи­раторлы жұқпалы аурулардан еш айыр­машылығы жоқ. Тұмауға ұқсайды. Дәрігерлер мұндайда баланың ұртын қарап, тексереді. Үй жағдайында ересектер баланың ауыз қуысындағы бөртпені көрмеуі мүмкін. Осыдан болса керек, біз барған ауруханада ем алып жатқан балалардың 90 пайызы вакцина алмаған. Демалыс күндері балалар ауруханасының қабылдау бөліміне қаладағы басқа ем­ханалардың дәрігерлері көмекке келеді екен. Аурухана басшылығы қызылшамен ауырған бала көбейген соң осындай қадамға барып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, қызылшамен ауырған бір адам 15-20 адамға вирус жұқтыруы әбден мүм­кін. Вак­цина алдыруға қарсы болып жүрген ата-ана­лардың осыдан хабары болса керек...

 

АСТАНА