Театр • 10 Желтоқсан, 2023

Ілиястың аманаты

193 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрында ақын-драматург Ақылбек Шаяхметтің «Министр» атты деректі драмасының премьерасы өтті. Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт руханиятының жанашыры Ілияс Омаровтың өмір кезеңдерінен сыр шертетін қойылымды қаламгердің «Культурбақан немесе өтелген парыз» пьесасы бойынша режиссер Фархад Қанапин сахналап шыққан. Басты рөлді сомдаған – актер Бақытжан Құрмансейітов.

Ілиястың аманаты

Орыс режиссері Наталия Сац «Менің өмірімнің новелласы» кітабында 1944 жылы заңғар тұлғамен алғаш кездескенде алған әсерін «Мен Ілияс Омарұлымен он бес минут сөйлестім. Содан кейін-ақ күллі қазақ халқын жақсы көріп кеттім. Не деген мәдениет, не деген мәнер, не деген сенім!» деп суреттеген екен. Небәрі бір сағаттың көлеміне сиятын «Министрдің» алғашқы қойылымы да көпшілікті дәл осындай әсерге бөлегендей. Біртуар қайраткердің қайталанбас тұлғасы, адами ерек болмысы көрерменнің көз алдында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке жасаған қамқорлығы, Қасым Аманжоловқа баспана алып беруі, кейін ұлт мәдениеті мен театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан бір шоғыр жас дарынның Мәскеуге барып білім алуына жағдай жасауы арқылы бірте-бірте биіктей береді.

Ілияс Омаров өткен ғасырдың қырқыншы жыл­дарының аяғында Қазақстан КП ОК-нің хатшысы лауазымында жүріп, республикадағы идеология, насихат, мәдениет, ғылым және білім мәселелеріне жетекшілік етеді. 1949 жылы идеология жөніндегі хатшы Мәскеуден – академик Анна Панкратовадан «Тарихшылардың қатарында қазақ тарихын неғұрлым қасаң етіп көрсетуге тырысушылар бар. Грузин патшалары немесе өзбек хандары өз кезеңінің прогрессивті қайраткері ретінде мо­йын­далып жатқанда, қазақ тарихшылары неліктен Абылай мен Кенесарыны қаралауға тиіс? Мен осыған түсінбеймін!» деген мазмұнда хат алады. Осыдан кейін идеология хатшысы екі томдық «Қазақ КСР тарихы» еңбегіне бас редактор болып, Ермұхан Бекмахановтың Абылай мен Кенесарыны дәріптеуіне ұйтқы болады. Мұның арты не болғаны белгілі, қазақтың шынайы тарихын жазып шыққан Ермұхан Бекмаханов ұлтшыл атанып, лагерге айдалды. Тарихшы тергеу барысында Ілияс Омаров пен Анна Панкратова туралы жақ ашпайды.

Драмада біртуар тарихшы Ермұхан Бекма­ха­нов­ты, ғалым жазған тарих ақиқатын қызғыштай қор­ғап жанталасқа түскен қайраткер бейнесі, ұлт тарихын ұлтараққа айналдырған қасаң жүйе жай­лаған дәуір шындығы Ілияс Омаров пен сол кезеңде республиканы басқарып тұрған Жұмабай Шаяхметовтің арасындағы диалог арқылы айқын көрі­неді. Ілиястың ішкі назасы мен жан күйзелісі мюзикл элементі арқылы өтімді берілген. Мұны режи­с­сер Фархад Қанапин көрерменге ақ және қара киген бишілердің ақ пен қараның, ақиқат пен әділет­сіздіктің арпалысын елестететін қым-қуыт қимыл­ға толы биі арқылы тілсіз-ақ шебер жеткізе білді.

Қойылымның соңғы жағы тіпті ауыр. Сахнада қажыған, әбден дерт меңдеп, төсек тартып жатып қалған қайраткер ғұмырының соңғы сәттері көрініс береді. Дегенмен бас кейіпкердің үнінде қуат, жігер, үміт басым. «Мен туған халқымның мәдениетін жанымдай жақсы көрген адаммын. Халық бар жерде мәдениет бар. Мәдениетті ұшқындататын, оны маздататын мәдениетке деген махаббат болмаса, бәрі бекер. Қадірлі, дос­тар! Мен ажалмен бір адамдай күресудей-ақ күрестім. Бірақ аңшының иті сияқты бұл ауру соңымнан қалмай, мені жеңіп барады. Кейінгі кезде қатты ойланып жүргенім – қазақтың ән, өлең мәдениеті болатын. Анау толып жатқан эпос, тарихи дастандарда қаншалықты ірі, оның ішінде қаһарман бейнелер кездеседі. Осының барлығы ән-күйлердің жан тебірентер кейіпкері болмады дегенге сенбеймін. Осы тақырыпқа еңбек жазам деп ем, үлгермей кетіп барамын. «Жас келді. Заман өзгерді» демекші, осы тақырып әруақыт есте сақталса, оны орындау келер ұрпақтың борышы!» деген заңғар тұлға ақтық сөзін кейінгі ұрпаққа арнап, өз аманатын қалдырады.

Премьера аяқталған соң, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов көпшілікті театр қоржынына қосылған жаңа қойылыммен құттықтап, қайраткердің есімін ту етіп алып жүрген театр сахнасында ұлт әдебиеті мен мәдениетінің қамқоры болған, ұлт мүддесін қорғап өткен ірі тұлға Ілияс Омаровқа арналған спектакльдің қойылуы заңды екенін айтты. Пьеса авторы Ақылбек Шаяхмет ағамыз театр ұжымына алғыс білдірді. «Жамал Омарова апай туралы, Ілияс­тың жазушы Зейнелғабыл Иманбаевқа жаса­ған жақсылығы, «Сырбайдың сырлы әлемі» деген мақала жазғаны, Ғафу Қайырбековке, Наталья Сацқа жазған хаттары туралы біршама дүние бар еді, бұл қойылым ықшамдалып, қысқарып қалды. Дегенмен өңір театры Ілекеңнің бейнесін жан-жақты аша білді», деді Ақылбек Шаяхмет.

Тұңғыш қойылымға Ілияс Омаровтың туыс­тары да келгенін айта кеткен жөн. Сахнаға шы­ғып театр ұжымына, авторларға алғыс айтқан қайрат­кер­дің туысы Мұрат Шаймерденов «Бұл спектакль осы театрдың төлқұжаты болады ғой деп ойлаймын» деген баға берді.

Театрға келгендердің ішінде студенттер де көп болды. Соның бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 2 курс студенті Аружан Мұратқызы.

«Театрға жиі келіп жүрген жастар Ілияс Ома­ров­­тың есімін жақсы біледі. Бірақ ол кісінің осыншама ұлт сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт мәдениетіне еңбек сіңіргенін, көп ақын-жазушыға қамқорлық жасап, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы сынды ұлылармен сыйласқанын білмейді екенбіз. Бүгін көзіміз ашылғандай жаңа бір дүниені көрдік. Деректі драма, расымен де, тарихи дерекке толы. Жалпы, Қостанай өңірі бүкіл қазаққа қадірлі ұлы тұлғаларды тудырған мекен ғой. Театр сахнасында осы ұлы аталарымыз туралы туындылар жиі қойылып тұрса деген тілегім бар. Мұның, әсіресе жастарға тиер пайдасы көп болар еді. Бүгін бір тұлғатану сабағынан шыққандай әсер алдым», дейді Аружан.

Театр ұжымы алдағы уақытта шалғай ауылдарды аралауды жоспарлап отыр. Гастрольдік сапардың репертуарына аталған драма да кіреді.

 

Қостанай облысы