Руханият • 10 Желтоқсан, 2023

Өзағаң туралы өзгеше еңбек

806 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алаш арыстарының ақталуы, киелі тайқазанның елге қайтуы, қар астында қалғандай Наурыздың қайта тойлануы, Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуі, тағысын тағы. Осынау ұлттық өреде атқарылған қыруар істің басында Өзбекәлі Жәнібек тұр. Оның басқан қадамы мен жасаған әр ісі ұлт мерейіне айналып отырды. Ол туралы Астанадағы Ұлттық музейде өткен «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітаптың таныстырылымында жан-жақты айтылды.

Өзағаң туралы өзгеше еңбек

Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби бірлесе жазып, «Отбасы хрестоматия­сы» баспасынан шыққан кітап лентасын Парламент Мәжі­лісінің депута­ты Қазыбек Иса, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі коми­теті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, Прези­дент жанындағы мемлекеттік бас­қару академиясы Басқару инсти­ту­ты­ның директоры Зұлпыһар Ғайы­пов,­ «Қазақстан мәслихаттары де­пу­тат­­­тарының бірлестігі» РҚБ төр­а­ғасы Төлеубек Мұқашев, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген, қайраткердің шәкірттері, ҚазКСР еңбек сіңірген әртістері Мұхтархан Манапұлы мен Тойған Ізім және біртуар тұлғаның баласы Ниетжан Өзбекәліұлы қиып, сөз сөйледі. Жиынды белгілі журналист Зейін Әліпбек жүргізді.

МИ

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне халық көп жиналды. Ине шаншарлық орын жоқ десе болғандай. Тұлғаға деген халықтың ықыласы десті сөз сөйлегендер. «Осы кітаппен Өзбекәлінің жаңа дәуірі бас­талды. Әділетті Қазақстанның бас қаһарманы ретінде осындай тұлғалар саналуы керек. Өзағаң кеңес билігінің қылышынан қан тамып тұрған 1988 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы сынды Алаш арыстарын ақтаудың басында тұрды. Ол қандай күреспен, қандай айқаспен келгенін біле бермейміз. Тәуелсіздік алғанымызға бірталай жыл өтсе де, сол айқас әлі жалғасып келеді. Ал ол замандағы айқасты елестетудің өзі қиын. Сондықтан Өзбекәлі есімі Қазақстанның кез келген қаласында салтанат құруға тиіс», деді Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса.

«Зерттеушілер өнер туындысын горизонталь және вертикаль ұғымдарымен талдап жатады. Бұл ұғымдарды өнер және қоғам қайраткерлерінің атқарған істерін саралағанда да пайдалануға болады. Горизонталь тұлғалар көкжиекті кеңейткен, көлдей көсіліп, дариядай жайылған мұрасы бар, яғни өз заманымен, уақыт ағысымен бірге іргелі жұмыстар жасаған тұлғалар. Ал вертикаль тұлғалар заман қабаттары мен кеңістіктерін бәйтеректей тік өсіп, бұзып жарып, биіктетіп тастағандар. Қазақтың маңдайына біткен Өзбекәлі Жәнібек сондай тұлға. Тағдырлы кезде тарихи шешімдерді қабылдап, руханият тамырын дөп басқан бірегей тұлғаның ерен еңбегі өнер адамдарына ғана емес, әр мемлекеттік қызметкерге үлгі-өнеге. Мен осындағы жұртшылыққа Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Ғалым­қы­зының құттықтауын жеткізгім келеді. Осын­дай құнды еңбектің шығуына себеп­кер тұлғаларға, «Отбасы хрестома­тиясы» баспасына, авторларға мың алғыс», деді министрліктің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет.

Сонымен қатар Сенат спикері Мәу­лен Әшім­баев, Түркістан облысы әкімі­нің орын­­басары Бейсен Тәжібаев, Түр­кіс­тан­ облыстық мәслихатының төра­ға­сы Нұра­­лы Әбішев, Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құт­тық­тау хат­та­ры оқылды. Астана қаласы әкімі­нің орын­­­басары Есет Байкен сөз алып, қала басшысы Жеңіс Қасымбектің құттық­тауын жет­­к­­ізді.

Жиын барысында Өзбекәлінің елден келген ағайыны Керімқұл Пірімқұлұлы кі­тап авторлары Санжар Керімбай мен Әділбек Нəбиге шапан жауып, мерей­ін асырды.

Қайраткердің көзін көрген замандасы, «Қазақстан мәслихаттары депу­тат­тарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев сөзінде авторлар тара­пынан тамаша жұмыс жасалғанын айрық­ша атады.

«Айтулы тұлға туралы естеліктер мен оқиғалар, мəдениет саласындағы іс-қимылы терең зерделенген. Мемлекет құру мен ұлттық идеология жасаудағы рөлі де кеңінен талданып, адами болмысына экзистенциялық талдау жасалған. Біз білген Өзағаң да осы кітапта сипат­тал­ғандай қайратты да іскер жан болатын. Жай іскер емес, рухани іскер басшылар қатарынан еді», деді ол.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында: «Өзбекәлі ағамыз қай қызметте жүрсе де ұлтымыздың тарихын, төлтума мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғыртуға және қорғауға зор еңбек сіңірді. Алаш рухы қалықтаған Торғай өңірін қайта түлетуге күш салды. Алаш арыстарын ақтау ісіне тікелей араласты. Көне жәдігерлерімізді жинақтау арқылы ұлтымыздың мәдени әлеуетін жар­қырата көрсетуге сүбелі үлес қосты. Кітап мемлекет қайраткерінің осы аталған және өзге де еңбектерін жан-жақты зерделеу арқылы Өзбекәлі Жәні­бе­к­тің азаматтық, саяси тұлғасын жақ­сы аша білген. Бұл жинақ жалпы оқыр­ман, оның ішінде өскелең ұрпақ үшін үлгілі бағдар болады деп сенеміз», делінген.

«Әкеміздің елге сіңірген еңбегі баспа арқылы қайта жаңғырып жатқаны отбасымызды қанаттандырды. Осыншама көз майын тауыса ізденіп еңбек еткен авторларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өз дәуірінің ұлт үшін күресінің жарқын символы болған әкем жаңа заманның да идеологиялық, тәлімдік қажеттілігіне жарағалы тұр», деді Ниетжан Өзбекәліұлы.

Қазақ тарихы мен мәдениетін жаң­ғыр­туға, ұлттың бай мұрасын келешек ұр­паққа жеткізуге орасан еңбек сіңір­ген мемлекет және қоғам қайраткері қа­зақ тілін дамыту бағдарламасының мем­­ле­кеттік тұжырымдамасын жасауға қа­тыс­ты. Елдегі көптеген музей мен театр­, мә­дениет орындарын ашқаны өз алдына бө­лек әңгіме.

Авторлар Атырау, Қостанай, Арқалық, Астана, Семей, Шымкент, Павлодарға экспедиция жасап, қайраткердің көзін көрген, онымен қызметтес болған кісілермен сұхбаттасқанын айтты. Бұрын беймәлім болып келген есте­ліктер арқылы тұлғаны сан қырынан танытқаны байқалады. Мәселен, Торғай облысының қалай ашылғаны, оның кейін қандай саяси себеппен жабылғаны туралы нақты деректерді алға тартты. Кітап Өзбекәлідей тұлға өміріне тоқталу арқылы кеңестік кезеңдегі қазақ халқының елдік санасы мен бостандыққа ұмтылыстары туралы жаңа көзқарас қалыптастыратынын баса айтқан жөн.

Жиын соңында Санжар Керімбай мен Әділбек Нəби осы бағытта мәдени-танымдық жобаларын жалғастыратынын хабарлады.