Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

Курьерлер IT мамандыққа машықтанады

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Glovo компаниясының негізін қалаушылардың бірі Оскар Пьер Қазақстанға қонаққа келіп, Astana Hub халықаралық технопаркінде еліміздің IT қауым­дас­тығымен кездесті. IT саладағы мамандармен еркін пікір алмасқан ол өздері негізін қалаған ірі компанияның тарихы жайында баян­дады. Компания құрарда қандай сын-қатерге тап келгенін және стартап жобаны бастарда ескеретін жайттар турасында өз тәжірибесінен мысал келтірді.

Курьерлер IT мамандыққа машықтанады

Glovo-ның курьерлерін қала көше­лерінен көрген бо­лар­сыз­дар. Олар тапсырыс бер­ген адамның кез келген тауа­рын діттеген жеріне уақ­ты­лы жеткізіп бере алады. Онлайн бизнес деген – осы. Тауар­лар мо­бильді қосымша арқы­лы са­ты­лып, жеткізіледі. Glovo алға­шын­да мейрамхана тағам­да­рын жеткізумен танылса, бү­гін­де әлемнің 25 елінде жұ­мыс іс­тейді. Қосымшаның 10 мил­лион­­нан аса қолданушысы, 61 мың курьері бар.

Оскар Пьердің өзі АҚШ-тағы Джорджия мемлекеттік тех­но­логиялар институтында оқы­ған. Техникаға әуестігі бар ол студент кезінде екі он­лайн компания құрыпты. Бірін­ші­сі – Zikkomo.com деп аталатын Малавидегі 30 балаға арналған қайырымдылық платформасы. Екіншісі – жергілікті қол­өнер бизнесін дамытуға ар­налған LoveItLocal.es веб-сайты. Пьер 2012 жылы оқуды бітір­ген соң Тулузада аэро­ди­нами­ка инженері болып жұ­мыс іс­тейді. Демалыс күндері Сан-Францискоға барғанда «Postmates» деп аталатын та­уар жеткізуші курьерлер желісін бас­қаратын америкалық логис­ти­калық компанияның концеп­ция­сын көрген. Содан Саша Мишо есімді испандық техно­логиялық кәсіпкермен бірге Glovo-ны ашқысы келеді. Әри­не, олар мақсатына көп ұзамай-ақ жетеді. Бірақ компанияны ашқаннан кейінгі қиындықтар шаруаны біраз тұйыққа тірейді.

– Біз Glovo компаниясын 8 жыл бұрын құрдық. Ол кезде Бар­селонада бірде-бір стартап жоқ еді. Қалай ұмытайын, ол кез­де компанияда небәрі екі-ақ курьер жұмыс істеген еді. Ал қазір бізде жұмыс істейтін жас­ өте көп. Себебі икемді жұ­мыс кестесі бойынша курьер болу жастарға тиімді, – деді О.Пьер.

Тағы бір жағымды жаңа­лық, Glovo жеткізу қызме­тінің ТМД елдеріндегі курьер­лері Astana Hub-тың білім беру бағ­дарламалары бойын­ша IT-мамандықтарда оқып жатыр. Компания курьер­лер­ге арналған Freelance School, Startup Academy және No Code School курстарын қаржыландырған. Осылайша, басшылық жұмысшыларын инно­вациялық біліммен ынталандыруды көздеп отыр. Олар­дың Glovo-ның Astana Hub Education білім беру бағдар­ла­ма­ларын таңдауы да тегіннен-тегін емес деп түйдік.

Қырғызстандағы Glovo курь­ері Әзизбек Малатипов – бір курс­тан кейін екіншісін оқып, білі­мін шыңдап жүрген жастың бірі.

– Өзім осыған дейін No Code School курсын оқып бітірдім. Қазір Freelance School-да оқып жүрмін. Сайт пен мобильді қо­сымша жасауға бұрыннан қызы­ға­тынмын. Бірақ мүмкіндік бол­мады. Келешекте IT саланы меңгеріп, осы бағытта жаңа дүниелер жасасам деп іштей армандадым. Қазір сәулетші-дизайнер мамандығы бойынша оқып жүрмін, сызумен айналысамын. Курс кезінде қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі бар екенін білдім, – деді Әзизбек.

Astana Hub білім беру бағ­дар­ламалары кеңсесінің ди­ректоры Дәулет Беймур­зи­нов­тің айтуынша, Astana Hub пен Glovo-ның курьерлерді оқыту жөніндегі бірлескен жобасы 2 жылдан бері іске асып келеді. Нақтырақ айтар бол­сақ, Astana Hub пен Glovo ара­сындағы ынтымақтастық был­тыр Орталық Азиядағы ең ірі Digital Bridge-2022 ІТ форумында бекіген. Сол кезде қос тарап ІТ-стартаптарды дамыту және қолдау саласындағы ынты­мақ­тас­тық туралы меморан­думға қол қойған. Жыл соңына дейін Glovo-ның 450 қызметкері IT-мамандықтарда білімін шыңдап, сертификат алады. Бүгінгі курьерлер білім беру курстарынан кейін IT саладағы табыс­ты мамандардың қатарына қосы­лып жатса, мұның өзі жастарға үлкен олжа болары анық.