Қоғам • 04 Желтоқсан, 2023

Электронды жетекші

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысы Аягөз ауданының мұғалімдері көру қабілеті нашар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға пайдалы өнім ойлап тапты. «Электронды жетекші» деп аталатын құрылғы күнделікті өмірде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп, әртүрлі жарақаттардың алдын алады.

Электронды жетекші

«Электронды жетекші» – көзі нашар көретін жандардың жүріп-тұруына көмектесетін инновациялық құрылғы. Таяқтағы датчик пайдаланушының жо­лын­дағы кедергілерді алдын ала анық­тап отырады әрі дыбыстық нұсқаулар береді. Сондай-ақ пайдаланушыға қажетті орынды табуға көмектесетін мобильді қолданбалар да бар. Айналадағы әр­түрлі нысандарды және басқа да ма­ңызды бөлшектерді анықтауға кө­мектесетін компьютерлік көру технологиясы да қарастырылған. Бұған қоса қосымша мүмкіндіктерді пай­далану үшін құрылғыны смартфонға қосуға мүмкіндік бар.

Жобаны информатика пәні мұғалім­дері Алтынай Ыбыраева мен Арайлым Ысқа­қова, орыс тілі пәні мұғалімі Ай­жан Қуан­дықова, математика пәні мұ­ғалімі Данияр Надырбаев жасап шық­қан.

смит

«Ең бірінші Arduino мен уль­троды­быстық датчик арасында байланыс болу үшін оны сымдармен жалғадық. Бұл кедергілерді көреді. Келесі зуммер датчигін қосып, дыбысын қамтамасыз еттік. Қуат беру үшін батарея қажет болды. Arduino бағдарламасын пайдаланып, C++ тілінде бағдарлама жаздық. Компьютер мен жасаған машинаны USB шнурмен жалғап, жазған бағ­дарламаны электронды жетекшіге жүктедік», дейді жоба авторлары.

Мұғалімдер «Электронды жетекші» құрылғысына жұмсалатын шығын мен кірісті де ойластырған. Олардың айтуынша, бір таяқшаны жасап шығаруға 7 860 теңге қажет, ал оны нарықта 17 мың теңгеге сатуға болады. Елімізде мұн­­дай құ­рылғы жоқ, сондықтан бағасы да қолжетімді.

Алдағы уақытта жоба авторлары мү­гедектер қоғамымен келісіп, мем­лекеттік сатып алуға қатысуды жос­парлап отыр. Айта кетейік, мұға­лімдер жобасы қараша айында IT чемпионатқа қатысты.