Президент • 01 Желтоқсан, 2023

Біз жекелеген «жасыл» бастамаларды қолдаймыз - Президент

99 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Қазақстан жекелеген «жасыл» бастамаларды қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біз жекелеген «жасыл» бастамаларды қолдаймыз - Президент

«Шын мәнінде, алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады. Қазақстан өтпелі кезеңде осындай минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын. Сонымен қатар біз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдаймыз. Мысалы, Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр. Климатты қорғау үшін экономикасы дамып келе жатқан елдерден ұлттық өркендеуі мен жаңғыруын құрбан етуді талап етпеген жөн. Бұл принципті әрі әділетті ұстаным деп санаймын. Керісінше, аталған мақсаттар қатар жүруі және бір-біріне дем беруі керек. Осы орайда батыл қадамдар жасау қажет», деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте ол метан қалдықтарын азайту – жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл екенін айтты.

«Қазақстанның Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға шешім қабылдағанын зор қуанышпен мәлімдеймін. Сонымен қатар біздің аймақтағы елдердің көмірге қатысты түйткілді проблемалары бар. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан өңірде бірінші болып Әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын (JETP) іске асыруға ұмтылыс жасап отыр. Аталған екі бастама табысты орындалуы үшін достарымыз бен серіктестерімізді қолдау көрсетуге шақырамыз.

Кеңірек айтқанда, халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен, Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремальды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады. Сондықтан мұндай қиын жағдайдан қашып құтыла алмаймыз және оған бейімделуге мәжбүрміз», деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң ол Қазақстан Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақыратынын айтты.

«Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыратын диалог алаңы бола алады», деді Қ.Тоқаев.