Мирас • 29 Қараша, 2023

Көп мұра қоймада шаң басып жатыр

162 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қолөнерді коммерцияландыру, ұлт мұ­расын көшпелілер өркениетінің жетістігі әрі табыс көзі ретінде на­рық­­қа шы­ғару ісі кенжелеп келеді. Маман­­дар зерттеулеріне сүйенсек, еліміз­дің бірқатар өңірі бо­йын­ша қол­данбалы өнердің то­лық картинасын көре алмай отырмыз. Қолөнер бұйымдарын жасау технологиясы, мал терісін илеу, жүн түту, жіп иірудің ерекшелік­тері, тіпті алаша тоқып, сыр­мақ басқан ісмерлер ісі ұмыт бола бастаған.

Көп мұра қоймада шаң басып жатыр

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Мұраны әлемдік нарыққа шығарудың маңызы

Салада мемлекеттік саясаттың жоқ­тығынан өңірлердегі бірқатар музей өз коллекциясын сыйға тартылған жәді­герлер немесе қосымша қаржы есебі­нен толықтырып келеді. Уақыт өте жәді­герлер де тозады. Ал атакәсіпті да­мыту заң деңгейінде қолға алынуы қажет-ақ. Бүгінде әлемнің көптеген елінде қол­данбалы декоративті өнер туындылары эко­но­миканың маңыз­ды секторы ретінде табыс көзіне айналып отыр. Дәстүрлі кәсіп пен жаңа технологиялардың үйлесімі өнеркәсіп тауарларының бәсекелестігіне, жоғары сапалы өнімдер өндірісінің дамуына ықпал етіп келеді. Қолөнер бұйымдарына сұраныстың артуын сарапшылар жаңа экономикалық-әлеуметтік құбылыс деп бағамдайды.

Қазақ халқы өзінің тұрмыс салтына қажетті жабдықтардың экологиялық, гигиеналық талаптарына аса мән берген. Кілем, текемет, сырмақ сынды қолөнер бұйымдар сәндік стильде ғана емес, сыз өткізбейтін, жылу сақтайтын, тіптен шаршауды басатын қасиетімен ерекшеленген. Ал теріден жасалған ыдыстарда күнделікті тағамдар мен қымыз-шұбаттың табиғи дәмінің сақталатыны ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген.

Азия-Тынық мұxит аймағы Қол­өнер­шілер кеңесінің кеңесшісі әрі құрметті мүшесі, «Қазақстан қолөнершілер ода­ғы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айжан Бекқұлова бүгінде дәстүрлі қол еңбегінің құны төмендеп кеткендігін айтады. Оның айтуынша, соңғы жылдары одақ тарапынан қолға алынған бастамалар нәтижесінде ғана өңірлердегі қолөнершілермен байланыс орнай бастаған. Атакәсіптің беделін арттырып, ел экономикасының қозғау­шы кү­шіне айналдыру үшін «қолөнер­ші» ма­мандығын заңмен бекіту қажет. Олар­ды жәрмеңкелерге қатыстыру, са­лық жеңілдіктерін қарастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазіргі кезде сала жа­нашырларының табандылығының арқа­сында атакәсіптің бірқатар түрлерін заң­дастыру ісіне мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастапты. Алайда креативті индустрия аясында экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторына зергерлер мен музыка аспаптарын жасаушылардан өзге шеберлер санаты енбей қалған. Одақ тарапынан айтылған ұсыныстардан кейін бұл тізім біршама толығып отыр. Өкінішке қарай, елімізде өңірлердегі шеберлер статистикасының өзі нақтыланбаған екен.

 

Ою-өрнектің мол қорына сілтеме

Биыл Қазақстан қолөнершілер одағы бастамасымен қазақтың қолданбалы декоративті өнер порталы іске қосылды. Қолөнерді қолдауға бағытталған игі шара аясында қажетті материалдардың дені еліміз өңірлерінен жинақталып, онлайн ресурста ою-өрнектер базасы түзілді. Бұйымдардың, ою-өрнектердің аймақтық белгілері, жасалу техникасы мен қолданылған материалдар базасын жинауды көптен бері жоспарлап жүрген Айжан Әбдіманапқызы жадында дәстүрлі бұйымдардың жасалу әдістері, техникасы мен құпиялары сақталып қалған шеберлердің білімін қолдан келгенше жазып алып, сақтап қалу негізгі мақсат болғанын жеткізді. Ақтөбе, Шымкент, Павлодар, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Алматы қалаларын аралап, осы іссапарда еліміздің көптеген мұражайларына зерттеулер жасай жүріп, бірегей технология­лармен жұмыс жасайтын шеберлердің шеберханасына барып, бірқатар деректерге қол жеткен. Осылайша Қазақстан қолөнершілер одағының www.crafts.kz сайтындағы оюлар базасы еліміздің өңірлері мен музейлерінен жинақталған ақпараттар негізінде толығып отыр. Жобаның алғашқы бөлімі негізінен тоқыма бұйымдарында қолданылатын дәстүрлі оюларды материалдық емес мұраның бөлшегі ретінде құжаттауға арналды. Осыған орай 60 шақты ою-өрнек түрлері түгенделіп, сипаттамасы, әдебиеттер қоры, библиографиясы жасалды. Жобаны насихаттау үшін еліміздің Орал, Атырау, Ақтау қалаларына, Америка, Қытай, Өзбекстанға, сондай-ақ Ресейге бірнеше мәрте сапарлаған сала жанашырларының бұл ісіне бүгінде қолдау білдіріп жатқандар көп. Осыған қарап олар жобаның сұранысқа ие екеніне көз жеткізіп отыр.

п

Дегенмен Айжан Бекқұлова атап өткендей, іссапар барысында көз жеткен бірқатар деректер көңілге қаяу түсіреді. Себебі, қолөнер үлгілерінің көпшілігі жо­йылып кеткен. «Ресей басылымдарының бірінен Ресей музейіне аққу мамығынан тігілген қамқа тонның біздің еліміз тарапынан сыйға тартылғандығы жайында ақпарат оқып қалған едім. Мұнда аққудың қанаты тонның сырты жағына қаратып тігілген. Бүгінде мұндай тонның тігілу техникасы мүлде ұмыт қалды. Күдері өңдеу, жұқа теріге өрнек салу техникалары да жадыдан шыға бастаған. Киіз басу дәстүрінен де алыстап барамыз. Қазақтың дәстүрлі кәсібі оның ұлттық коды екенін қаперге алып, салаға түбегейлі өзгеріс жасайтын кез келді», деп қынжылысын білдірді сала жанашыры.

 

«Қазақтың қолданбалы өнері» қайта шықса

Мамандар қазақ халқының ою-өрнектерін жинау, зерттеу, оларды сайтқа орналастыруға қатысты жоба аясында академик Әлкей Марғұланның үш томдық еңбегін негізге алған. Академик еңбектеріндегі оюлардың құрылымы мен ерекшелігі бүгінгі қолданыстағы ұлттық нақыштағы бұйымдарда қаншалықты дұрыс қолданыс тауып отырғандығы – аса мән беретін мәселе. Айжан Әбдіманап­қызы атап өткендей, «Қазақтың қолдан­балы өнері» туралы Әлкей Марғұлан­ның еңбегі кез келген шебердің, суретші­нің кітап сөресінде тұруы қажет. Алай­да бұл еңбекке екінің-бірінің қолы жете бермейді. Бүгінде қолөнершілерге жөн сілтейтін мұндай базалық еңбек жоқ­тың қасы. Шеберлер үшін таптырмайтын материалдар осы еңбекте жазылған. Мұнда өте үлкен иллюстративті материал­дар қоры жинақталған. Қандай да бір бұйымның аймаққа қатысты сілтемелері, ою-өрнектердің қысқаша сипаттамасы берілген. Академик өкінішке қарай бұл еңбегін толық аяқтай алмай кетті. Себебі 3-томында иллюстрациялар ғана қамтылып, жазбаша деректер келтірілмей қалды. Осы орайда академик жазған Қазақстан тарихының 5 томдығы мен аталған еңбек қайта жарыққа шығып жатса, нұр үстіне нұр.

 

Өнер туындыларының санаулы коллекциясы

«Елімізде толыққанды қолданбалы декоративті өнер мұражайы жоқ. Олар бірқатар музейлер жанында жекелеген бөлім ретінде ғана жұмыс істеп келеді», дейді Айжан Бекқұлова. Оның айтуынша, ұлттық және аймақтық мұражайлардың негізгі қорларында дәстүрлі өнердің жекелеген түрлері бойынша санаулы ғана коллекция сақталған. Өкінішке қарай, бұл бөлімдер өзі қызметін толыққанды атқарып отырған жоқ. Музейлердің басым көпшілігінің экспозициялық залдары шағын. Мұнымен қоса мамандар, ғылыми қызметкерлер отыратын залдар жеткіліксіз. Бірқатар музейлерде көрме алаңдарының, экспозициялауға, сақтау­ға орынның жетіспеушілігінен материал­дық емес мұрамыздың басым көпші­­лі­гі қоймаларда жатыр. Кезінде қолөнер орталығы ретінде қарқынды дамыған өңір­лер ұлттық дәстүрден алшақтап кеткен. Сондықтан қолөнер дамыған өңірлер­ге мәртебе беру қажет. Ал бұл мәселе қо­ғамдық ұйымдар емес, мемлекет тарапынан қолға алынатын игі іс. «Дегенмен музей қорларымен таныса жүріп, сол өңірге ғана тән айырмашылықтарды байқау­ға болады. Мысалы, Павлодар музейінен сирек кездесетін, өрнектері еш жерде қайталанбайтын кестені көруге болады. Киімдерді, төсек жабдықтарын кес­телеу техникасына да ерекше назар аудардық. Кесте үлгілеріне қарап, бұл бірді-екілі ғана емес, осы кесте түрінің толық­қан­ды бағыты бар екеніне көз жеткізуге бо­лады. Қызылорда музейінде ғажайып техникамен дайындалған басқұр бар. Меніңше, бұл – ақбасқұр. Негізі басқұр түгінің қалыңдығы 40-50 см болып келсе, біздер көрген ақбасқұр өте тығыз әрі 10-15 см қалыңдықпен тоқылған. Мұ­ны қазақ қолданбалы өнер туындысы­ның қайталанбас үлгісі деуге негіз бар. Маңғыстауға тән киіз басу өнерінің жекелеген стилистикасы тартымды. Бірде киіз басудан тренинг өткізу барысында Атырау облысының Мақат ауданында жергі­лікті шеберлерден осы облыста кездесе­тін киіз түрлерінің суретін жіберуді сұра­ған едім. Олар жіберген фотоматериалдар ішінде тығыз, оюы қанық әрі жуан жүннен басылған, оюы талдырмадан ойылған киіздер бар екен», дейді Айжан Әбдіманапқызы. Осы сапар барысы­нан мәлім болғандай, Таразда кездесетін қыш бұйымдардың ерекше түрлері дала өркениеті жәдігерлерін тереңірек зерттеу қажеттігіне меңзеп тұрғандай. Мұндай қыш бұйымдарды еліміздің өңірлеріндегі бірқатар музейлерден де кездестіруге болады.

 

Шетелдегі жәдігерлер де зерттелуі керек

Бүгінде әлем музейлерінде тұрған көшпелілер өркениетінің жәдігерлерін қайта сипаттау, ғылыми айналымға ен­гізу ісі уақыт күттірмейді. Күні бүгінге дейін қазақ ғалымдары әлем музейлері­нің коллекциясын зерттеумен түпкі­лік­ті айналысқан жоқ. Ендігі кезекте бел­гілі бір ғалымдар тобы белсенділік танытпаса, осынау байлығымызды жоғал­тып алатынымыз анық. Бұл бағытта Өзбек­стан үкіметі арнайы бағдарлама қабыл­дап, шетелдердегі қайталанбас, баға жетпес туындыларды жинастырып, арнайы каталогтер шығарып жатыр. Ал бізде ке­­­рісінше оқу орындарында қолдан­ба­лы өнерге қатысты ақпараттар азайып ­кеткен. Кейінгі жылдары көркемөнер­мен байланысты жоғары оқу орындарын­да дизайн мамандығының ашылуы негіз­гі мамандықтарды атауымен қатар болмысын да қолданыстан ысырып тастады. Жастарға декоративті қолданбалы өнердің мәнін, ағаш өңдеу дегенді түсінген­нен гөрі «дизайн» ұғымы жақын болып кетті. «Егер бұл жағымсыз үрдіс жалғасын таба беретін болса, біраз жылдан кейін шеберлерімізді де жоғалтып алатынымыз анық. Ол үшін мектептерде, техника­лық оқу орындарында арнайы инкубаторлар ісін жандандыру қажет. Жәдігерлер сөрелерде тұру үшін музейлер ашу керек», дейді Айжан Әбдіманапқызы. Осы орайда Қытай сапарынан бірер мысал келтірген ол Dongyang, Hangzhou қалаларындағы кірсе шыққысыз, интерактивті, еңсесі биік, алаңдары үлкен музейлердің ерекшелігін алға тартты. Hangzhou-да шай музейі, Dongyang-та ағаш өңдеу музейі өзіндік нақышымен баурайды. Мұнда әрбір шебер өз өнерін көрсетіп, келушілерді шеберлігімен тәнті етеді екен. Осы орайда аспан асты елінің қолөнерді бағалау ісінен үлгі алатын тұстары бар екеніне көз жеткізген делегация мүшелері қазақ шеберлерінің де әлемдік бәсекеде бәсі жоғары екенін мақтан етеді. Қытай елінде олардың қолынан шыққан бұйымдар жоғары бағаланып, осы сапар барысында кесте тігетін шебер Құлжай Хұсман мен зергер Серік Рысбековке «Азия-Тынық мұxит аймағының айтулы шебері» атағы бұйырыпты.

 

Қолөнершілер электрондық  нарықты игереді

Еліміздегі шеберлер ісі одақ тарапынан тұрақты насихатталып келеді. Оған дәлел ретінде бірқатар жобалар жайында айтып өткенді жөн көрдік. Биыл жазда Вашингтонда өткен халықаралық фестивальге қатысып қайтқан қазақ шеберлері «Тәңір әлемі» павильонында өз туындыларын таныстырды. Бес күн бойы кесте тігу, киіз басу ағаш өңдеуден шеберлік сағаттарын өткізіп, қобыз, домбырада ойнап, интерактивті көріністер қойды. А.Бекқұлова, ақтаулық шебер Айжан Жағадай және басқалар халықаралық нарықта өз өнімдерін таныстырды. Айжан Бекқұлованың айтуынша, фестивальдер шеберлер үшін өз өнімдерінің сапасын арттырып, әлемдік трендтермен танысуға, өздерін шебер ретінде танытуға мүмкіндік беретін кәсіби алаңға айналып келеді. Осы тұста Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тараз қаласында және биыл Алматыда киіз басудан өткен халықаралық фестивальге мұрындық болғанын айта кеткен абзал. Ал этномәдени тарихымыздың орталығы саналған Тараз қаласы жүннен жасалған өнімдер және киіз басудан «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесіне иеленген. Соңғы кезде Түркістан облысында республикаға музейімен танылған Шәуілдір кесте тігу мен зергерліктен халықаралық фестиваль өткізуді тұрақты қолға алып келеді. Мұнымен қоса республика өңірлерінде тренингтер өткізу дәстүрге айналған. Одақ мүшелері, сондай-ақ аймақтардағы шеберлер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қолөнершілерді жаңа кәсіпке баулып, біліктілігін арттырып отырады. Ақтауда көнекөз шеберлердің бірі Әуес Сағынаева киіз басу, қыш бұйымдар жасау кәсібіне баулу бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп келеді.

Сонымен қатар Қазақстан қолөнер­шілер одағы бастамасымен Швейцария­ның ИТС компаниясы екі жыл қатары­нан электронды коммерция нарығына шығуға қолдау көрсетсе, британдық компания ішкі, сыртқы нарыққа шығару үшін презентациялардың толыққанды серия­­сын жасады. Сонымен бірге Дубайда өткен «Ready4Trade Орталық Азия» жобасы осы бағытта жасалған іс-шаралардың бірі ретінде белгілі. Онда Орталық Азия­дағы электронды коммерцияны дамыту мәселесі талқыланып, отандық қол­өнер­шілердің NOVICA хабына қосылу мүм­кіндіктері қарастырылған болатын. Бұл Қазақстан шеберлерінің халықаралық сауда кеңістігіне шығуымен қатар, сауда алаңдарын кеңейтуге, Орталық Азиядағы инклюзивті экономиканы дамытуға мүм­кіндік беретіні сөзсіз.

 

АЛМАТЫ