Өнер • 29 Қараша, 2023

Халықтың кенептегі жылнамасы

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ қылқалам өнерінің бүгінгі бастауында тұрған көшбасшы тұлғаларының бірі Амандос Ақанаев буырқанған боялар әлемінде «көшпелілер жылнамашысы» атанған. Заманауи сурет өнеріндегі түрлі техниканы бір кенептің үстінде үйлесімді түйістіре білетін шебердің шығармашылығы ұлттық нақышқа бай бірегей стилімен ерекшеленеді.

Халықтың кенептегі жылнамасы

Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР

Аңыз бен дәстүрді, ғарыш кеңістігі мен бейнелеу өнерінің бүгінгі бағыт­тарын қа­быстыра, бір мезгілде бірнеше бағыт­та жұмыс істей алатын ол стиль, сурет сыншыларының пікірінде, «неодәстүр­шілдік» деген атауға ие. Бұл өз кезегінде көшпелілер мәдениетінің кең көлемді көркем жылнамасын жасауға жол ашады. Сондықтан болар, сурет өнеріндегі айтулы шебердің шығармалары Қазақстанда ғана емес, шетелде де аса танымал. Алуан бояу арбасқан оның туындыларында тарихи тақырыптар мен дәуірлер образы терең астасып жатады. Ұлттық рух есіп тұратын картиналары Қазақстанның Ұлттық музейінде, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Третьяков галереясында, Мәскеудегі Шығыс ха­лық­тары өнер музейінде, сондай-ақ биік өнерді бағалайтын әр елдегі әуес­қойлардың жеке коллекцияларында сақ­таулы. Түркі әлемінің көрнекті сурет­шісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Амандос Ақанаевтың 75 жасқа толуы­на орай және шығармашылық жолы­ның 55 жылдығына байланысты Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ашылған көрме талантты тұлғаның бей­­нелеу өнерінің биігін бағындыру жо­лындағы жан сырын жайып салып, жан­кешті еңбегін жүйелеп берген.

Кенепке салынған сурет жиегі алтын түсті қоршаумен қалыпталса да, суретші қиялының шексіздігі бұзып-жарып шығып, кеңістіктің өзіне із салады. А.Ақанаевтың мистикалық сиқырлы әлемінің кейіпкерлері адамдардың өмірге келу мақсаты мен тіршілік, табиғат алдындағы міндетін еске салып, ойлануға шақырады. Оның «Сансардың дөңгелегі», «Ұмай Тәңірі», «Талғар шыңының қожайыны», «Бақсы» шығармалары киелі мәнге малынып тұр. Бұларда бақыттың жұмбағы жасырулы тұрғандай тереңірек үңіліп қарауға шақырады. Мұнда мемлекет қайраткерлерінің портретінен бастап, көшпелі халық мәдениетінен жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтардың өзегі іспетті салт-дәстүрді паш еткен парасат туындыларының мол шоғыры бар. Көрмеде түрлі техникада орындалған, өміршең, өзекті идеяны қаузаған 70-ке жуық көркем туынды топтастырылған, олардың дені кейінгі жылдары жазылған жаңа шығарма болғандықтан көпшілік қауым жылы қабылдап жатты.

Амандос Ақанаевтың ұлттық бейнелеу өнеріндегі жарты ғасырдан астам уақытқа жалғасқан еңбегі бір әулеттен тұтас суретшілер династиясының өсіп шығуына себепкер болды. Бауырлары, балалары, тіпті немерелеріне дейін бояу сиқырына арбалып, аңызға айналған тұлғаның ісін жалғастырып, ізін басты. Бүгінде кілең дарындар мен таланттар топтасқан Ақанаевтар бейнелеу өнері әлемінде кеңінен танымал үлкен әулетке айналған. Жақында ғана еліміздің ең жоғарғы марапатының бірі «Отан» орденін иеленген мерейтой иесі жеке көрмесінің ашылу салтанатында өзін емес, анасын басымырақ атады. «Шығармашылық өнер анамнан бұйырған қасиет деп ойлаймын. Көздің жауын алар кесте тоқып, құрақ құрап, сәнді киім тігіп алатын талғамы биік анам аса талантты болатын. Түстерді ғажап үйлестіретін. Қарапайым нәрсенің өзінен сұлулық көретін. Анамнан қан арқылы келген өнер менің ұрпағымнан көрініс тапты, осыған қуанамын», дейді А.Ақанаев.

 

АЛМАТЫ