Үкімет • 29 Қараша, 2023

Жаңа электр желілері іске қосылды

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында Қазақстанның батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды. Ресми іске қосу рәсіміне телекөпір арқылы Премьер-министр Әлихан Смайылов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа электр желілері іске қосылды

Фото: primeminister.kz

«Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды. Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

ортага

Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылды: «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін; «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін. Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі екі есеге артып, апат ықтималдығы төмендеді», делінген хабарламада. Үкімет басшысы ауқымды жобаны іске қосу арқылы  батыс аймақтың энергия көзіне деген зәрулігін азайтып,  экономикалық дамуды нығайтуға болатынын айтты.

«Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.

Батыс аймақтың электр желісін нығайту, сонымен қатар оның әрі қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов құрылыс жұмыстары кезінде қолданылған заманауи электр желісі жабдықтары жоғары өнімділігімен ерекшеленетінін жеткізді. Электр желісін салу кезінде отандық металл және темірбетон тіректері, сымдар, оқшаулағыштар мен трансформаторлар қолданылды.