Пікір • 27 Қараша, 2023

Тектілік туралы

16315 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта көптен таныс әрі үнемі жақын жүретін ауылдасым жолықты. Әдеттегідей амандық-саулықтан кейін тұңғыш қызын ұзатқанын көтеріңкі көңіл күймен жеткізді. Біз де қарап қалмай «барған жерінде бағы ашылсын!» дедік. Рахметтен кейін танысым: «Құдаларым текті тұқымнан», деді. Ойланып қалдым. Күдігімді сейілтейін дегендей ауылдасым: «Құдамның әкесі өнер қайраткері екен, ал қайын атасы – халық әртісі», деді. Аттарын айтты. Шынында аса танымал тұлғалар, бірақ... «Құдаңыз қазақша біле ме?» деп сұрадым. Ол басын шайқады.

Әңгіме желісі осы жерден үзілді. Әрі қарай басқа тақырыпты қаузап кеттік. Көкейімде «Осы тектілік дегеніміз не?», «Текті адам деп кімді айтамыз?» дейтін сұрақтар пайда болды. Осы сұраққа хал-қадерімізше жауап беріп көрейік. Әуелі бұрын-соңғы әлем ойшылдары «тектілік», яғни «текті адам» жайлы не айтқан, соған аз-кем назар аударсақ.

Біздің заманымызға дейінгі 551-479 жылдары өмір сүрген қытай халқының ұлы ойшылы Конфуций текті адамның үш сипаты болады депті. «Бірінші сипаты бойындағы даналығы себепті ешқашан асып-таспайды, екінші сипаты кемелдігі себепті күй талғамайды, үшінші сипаты батылдығы, сондықтан ол орынсыз алаңдап, қорықпайды», десе, ІV ғасырда өмір сүрген тағы бір қытай ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан Цзы: «Текті адамда үш қасиет болады. Бірінші қасиеті арғы тегінен ажырамайды, екінші қасиеті рухани бастауы­нан бөлінбейді, үшінші қасиеті шындықпен бірге өмір сүреді», деген екен.

Ал Еуропа ойшылдары адамның тектілік қасиетін тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени қатынастар арқылы бағалаған. Мысалы, немістің атақты философы Артур Шопенгауэр текті адамды – туа бекзада, қалталылар аристократиясы, талантының биіктігі деп үшке бөлген. Сол сияқты орыс жазушысы Лев Толстой да «Пенде баласын тектілікке жеткізетін үш жол бар: біріншісі – ой арқылы, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол», деген па­йым айтыпты.

Ал қазақтың тектілік туралы танымы қандай? Атақты Ақтамберді жырау: «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған, Қымбатты гауһар бағасы...» деп тектіліктің асыл қасиеттері туралы толғанса, Сыпыра жырау: «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар, Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар» деп қазақы тектілік сипаттарын түйіндепті.

Демек қазақтың танымында тектіліктің өзегі жоғарыда жыраулар айтқандай, темірдей тәрбие. Яғни ұрпақ ұядан не көреді – ұшқанда соны іледінің нақты көрінісі. Бұл тәмсілдің тәпсірі: ұрпақ отбасында қандай тәрбие алады, ержеткенде дәл сондай болады.

Бірақ қазіргі түсінігімізде «тектілік» ұғымының өлшемі ауысып кеткен. Жоғарыда айтқанымыздай, өнер қайраткерлерін немесе үлкен ғалымдарды, одан қалды дәулетті адамдарды тектілер қатарына жатқызып жүрміз. Басын ашып алайық, өнер қайраткерлері – өз саласының талантты маманы, ғалым дегеніміз – бір саланың көп оқып-тоқыған білім иесі және сол оқыған-тоқыған еңбегі үшін атақ, даңққа ие болушы адамдар тобы. Дәулетті адам – жай ғана меншік иесі. Бұлар білімді, мәдениетті, кербез болуы мүмкін, бірақ текті болу – басқа нәрсе.

Демек қазақтың текті адам дегендегі өлшемі қандай? Ол – жоғарыда жырау бабаларымыз айтқандай, ұлттық тәрбиенің алтын қайнарынан суарылған, бесікте жатқанда анасының омыра­уын бісмілләсіз ембеген, арам аспен ешқашан ауызданбаған, жан баласының ала жібін аттамау, хақысын жемеу ұғымы бойына терең сіңірілген, үлкендердің алдын кесе өтпейтін, өз ұлтының дәстүрі мен тілін қадір тұтатын, атам қазақтың «өлімнен ұят күшті» қағидасын қатаң ұстанған, ағайынға қайырымды, жатқа жағымды, уәдеге берік, аманатқа адал, мінезі көркем, ең бастысы құстың қос қанаты сияқты адамгершілік және имандылық қасиеті бір басына терең тоғысқан адам.

Жоғарыда айтқан сын-сипаттың бірі кем болса, ол – текті адам емес, жай бір үлкен оқы­мыс­ты немесе талант иесі, одан қалды дәулетін ұқсата білетін кәсіпкер.

Абай атамыз да бұл тақырыпты айналып өтпеген. Ол кісі тектіліктің деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қарасөзінде: «Толық мұсылман болмай, толық адам болмайды», дегені толық иманды болмай, текті болмайды дегені. Бұндай пайым Әл-Фараби бабамыздың трактаттарында бар. Бұл кісі адамның тектілігін – тәрбие мен білім бір адамның бойына терең тоғысуы деп білген. Нәтижесінде «Тәрбиесіз берілген білім – зиян» деген тұжырым жасаған.