Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысы кездесудің негізгі арқауына айналғанын атап өткен орынды. Қаныш қаласы – кеншілер қаласы. Қала тұрғындарының 80%-дан астамы «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында жұмыс істейді. Негізгі бюджеттік түсім де «Қазақмыс» құрылымдарынан түседі. Статистикаға сүйенсек, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 75,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 9,4%-ға өсті. Ал Қаладағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 4 415. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті мерзімінен 21,3%-ға артық.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 47,3 млрд теңгені құрады немесе 2022 жылдың тиісті кезеңіне 23% өсімді көрсетті. Егер тарқатып айтар болсақ, «Жезқазғанцветмет» ӨБ – «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы бойынша – 39 млрд 365 млн теңге, бюджеттік инвестициялар – 2 млрд 029 млн теңге, қалған ұйымдар мен кәсіпорындар бойынша 5 млрд 933,1 млн теңге болды.
Қазіргі кезде қалада жалпы құны 75,6 млрд теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Солардың бірі – «Сәтбаев минералды және жеміс сулары зауыты» ЖШС «Ұлытау» минералды су өндірісін жаңғырту жобасы аясында лимонадтар мен шай құю желісін іске қосу. Бұл жобаның жалпы құны 420,7 млн теңгені құрайды. Жобаны іске қосу 2024 жылдың 1-тоқсанына жоспарланып отыр.
Тағы бір жоба «Құс етін өңдеу мақсатында сою цехы» іске қосылғанда жылына 5 мың тонна құс еті өндірілмек және 50 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Бұл жобаның пайдалануға берілуіне де көп қалған жоқ. Келер жылдың алғашқы тоқсанында жоба іске қосылады.
Кездесу барысында әртүрлі мәселе сөз болатыны белгілі. Халық тарапынан коммуналдық қызметке көңіл толмаушылық, тарифтердің жиі көтерілетіне деген қынжылыс байқалды. Денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер де назардан тыс қалмады. Сайып келгенде көп нәрсе экономикалық жағдайға байланысты. Мұны да түсіну керек. Моноқала мәртебесі бар қаланың бүгінінен гөрі ертеңі көбірек алаңдатады. Сондықтан да қалада шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашудың маңызы өте зор. Бұл ретте қолға алынып жатқан шаралар ертеңге деген сенімді нығайта түседі.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы