Ауыр атлетика • 26 Қараша, 2023

Мексикада екі жүлде бұйырды

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мексиканың Гвадалахара қаласында ауыр атлетикадан жас­тар арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. Бұл жарыста өнер көрсеткен бес жерлесіміздің екеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Алғашқы медаль Едіге Ембердінің мойнында жарқырады. 81 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 336 кг (145+191) зілтемірді еңсерді. Сөйтіп, ер мінезді Едіге ежелгі Ацтек елінде Қазақстанның әнұранын шырқатты.

Мексикада екі жүлде бұйырды

Жарыстың соңғы күні +87 кг салмақ­та сынға түскен Айсамал Сансыз­баева өз жанкүйерлерін қуантты. Ол 250 кг (107+143) көр­сеткішпен күміс медаль­ді иеленді. Қазақ зілтеміршісі тек Ван Лин Ченнен қалып қойды. Тайпей­лік спортшы Айсамалдан небәрі 2 кг артық салмақты көтерді. Үшінші орында – бра­зилиялық Тайане Жустино де Лима.

вап

Бұған дейін де А.Сансызбаева­­ның жасөспірімдер мен жас­тар арасындағы байрақты бәсе­келерде толағай табысқа қол жеткізгені белгілі. Атап айтсақ, ол 2020-2023 жылдар аралығында Лимада online форматы бойын­ша ұйымдас­тырылған әлем ку­богінде, Ташкентте жалауы жел­­біреген әлем және Азия бі­рін­ші­ліктерінде алтыннан алқа тақты.

Өкінішке қарай, өзге ауыр ат­лет­теріміз сенім үдесінен шыға алмады. Аталған жарыста Егор Шерер (89 кг) жетінші орынды қа­нағат тұтса, Юлия Трош­кина (49 кг) мен Петр Хребтов

(67 кг) оныншы саты­ға жайғасты. Былтыр Гре­­кия­­ның Ираклион қаласында ұйым­дастырылған дүниежүзілік до­даға Қазақстанның жеті зілте­міршісі қатысып, қос жүлдені қор­жынға салған еді. Ол кезде Алексей Чуркин (73 кг) кү­міс алса, Айсамал Сансызбаев (+78 кг) қолаға қол созды.

Гвадалахарада ерлер ара­сын­дағы – бәсекеде Иранға тең келер команда табылмады. Пар­сы елінің апайтөстері 2 ал­тын мен 3 күмісті олжалап, жалпы командалық есепте көш бастады. Екінші орынды АҚШ-тың толғайлары иеленді. Аме­ри­калықтар 2 алтын мен 1 күмісті еншіледі. Үшінші сатыға Ар­мения жайғасты. Қап тауының қы­рандыры бас жүлденің екеуін иемденді. Үздік бестікті Украина мен Венесуэла (1+0+1) түйін­деді. Одан кейінгі сатыларға Қа­зақстан мен Мексика (1+0+0) тұрақ­тады. Ал әйелдер сайысында сенсациялық нәтиже тіркелді. Мексика құрамасы өз тарихында тұңғыш рет үздіктер көшін бастады. Жарыс қожайындары 2 алтын мен 1 қоланы олжалады. Өзге мықты командалардың нәтижелерін мынадай: Тайпей (2+0+0), АҚШ (1+2+0), Эквадор (1+1+0), Түркия мен Украина (1+0+1) және Армения мен Грузия (1+0+0).