Денсаулық • 20 Қараша, 2023

Қордың орталыққа көмегі

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордадағы облыстық онкология орталығына «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы алынған жылжымалы медициналық кешен табыс­талды. Мұндай медициналық кешен республика бойынша 3 өңірде ғана іске қосылыпты.

Қордың орталыққа көмегі

«Қазақстан халқына» қоғам­дық қоры екі жылда аймақтың денсаулық сақ­тау саласына 2 млрд теңге қаржы бөліп­ті. Бұл қаржыға облыстық бала­лар ауруханасында «Қамқорлық» оңал­ту орталығы ашылып, қымбат дәрі-дәрмектер алын­ған. Ал скрининг­ жүргізуге арнал­ған­ ­­жылжымалы медициналық кешеннің құны – 1,1 млрд теңге.

Қор директорының орынбасары­ Ләззат Шыңғысбаева об­лыстық онкология орта­лы­ғы­ның ұжымына жылжымалы меди­циналық кешеннің кілтін табыс­тап, құрылғы шалғай елді мекен­дердегі тұрғындарды жоғары мамандандырылған меди­циналық көмекпен қамту көрсеткішін арттырып, орташа өмір сүру жасын ұзартуға мүм­кіндік беретінін атап өтті. Жапо­нияда жасалған екі кө­лік­­тен тұратын жылжымалы ме­дициналық кешен томосин­тез функциясы бар цифрлы мам­мо­гра­фиялық жабдықпен, сарап­шылық деңгейдегі ультра­ды­быстық жүйемен және жо­ғары дәлдікпен зерттейтін ком­пью­терлік томографпен жаб­дық­талған.

Мамандар ел өңірлері ішінен арнайы таңдалған Алматы, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында «QH Денсаулық жолы» жобасының іске асырылуы онкологиялық ауруға шалдық­қан­дарды ерте сатыда анықтауға мүм­кін­дік беретінін айтады. Халықты онко­ло­гиялық скринингпен қамтудың қазіргі жоспарлы көрсеткіші 60% болса, жоба арқылы оны 70%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

 

Қызылорда