Байқау • 20 Қараша, 2023

«Күлтегін» жырын жатқа біледі

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ақпараттық технологиялар факультетінің 1-курс студенті Серік Қалдан көне «Күлтегін» жырын жатқа айту байқауының жеңімпазы болды.

«Күлтегін» жырын жатқа біледі

Бұл байқау аталған жоғары оқу орнында осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Оған университеттегі барлық факультеттен 30-ға тарта студент қа­тысты. Солардың ішінен жүзге тар­та туындыны жатқа оқитын Серік Қалданның бағы жанып, үздік деп танылды.

«Байқау өтеді дегеннен кейін бірден қатысуға бел будым. Шынымды айтсам, «Күлтегін» эпосын екі жарым апта ішінде жаттап алдым. Қиындығы да болды. Өйткені шығармада ежелгі түркі атаулары мен географиялық терминдер көп кездеседі. Сондай-ақ бұл эпостың басқа жырларға қарағанда ерекшеліктері де бар», деді ол.

Дарынды жас «Қобыланды батыр» мен Марабай ақынның дастандарын да жатқа біледі. Сонымен бірге ол 150 өлең, 11 қарасөзбен бірге, Абай атамыздан бастап, Ілияс Жансүгіров, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов өлеңдерін мүдірмей оқиды. Ол бір сөзінде қазір көркем шығармаларды жатқа оқитын жастардың көп емес екенін жеткізді.

«Осындай байқауларға қатысқан жігіттерді сирек көремін. Аға буын өкілдерімен салыстырғанда қазіргі жас­тар көркем туындыны жатқа айтуға онша қызықпайды. Одан гөрі біз қысқа бейнежазбаларды көріп, шағын мәтіндерді оқуға үйренгенбіз», дейді С.Қалдан.

Айта кетейік, байқауға белгілі түр­кітанушы ғалым Қаржаубай Сарт­қожаұлы, Мемлекеттік Елтаңба авторы, профессор Жандарбек Мәлі­беков, опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Кенжеғали Мыржықбай се­кілді елімізге танымал азаматтар қазы­лық жасады.