Қоғам • 17 Қараша, 2023

Қазақ тілін қазақтарға да үйретемін – неміс қызы

455 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алина Кан – қазақ  тілін үйретуші маман. Өзге ұлттың өкілі Қазақстанда туған, мектепті де орысша тауысқан. Бірақ қазақшаға судай, мақалдың майын тамызып айтқанда өзіңді сүріндіреді. Ол өзіне  қазақ тілін үйретуде бағыттаушы болған бақанастық бала күнгі достарын ерекше құрметтейді. Ата-анасы да орысша сөйлейтін Алинаның тілін сындырып, қазақша сайратып жіберген сол балалар бұл күнде азамат атанды. Ал Канның қызы қазақ тілінен шәкірт баулып жүр.

Қазақ тілін қазақтарға да үйретемін – неміс қызы

Фото: _alina.kan

– Қазақ тілін қалай тез меңгеріп алдыңыз, әлде қазақ мектебінде білім алдыңыз ба? Өзіңізді кеңірек таныстырсаңыз, қай жақта тудыңыз, қайда оқыдыңыз?

– Менің ұлтым неміс. Қазақ тілін үш жасымнан бастап меңгердім. Өйткені Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылындағы біздің көршілеріміз түгел қазақтар еді, аулаға шығып ойнаймыз, балалардың бәрі де қазақша сөйлейді. Мен түсінбеймін, себебі аудармашы жоқ. Олардың айтқан сөзін қайталап, қасынан бір елі қалмай еріп жүремін. Осылай бірте-бірте қазақ тілін меңгеріп, сөздерді жаттап, сөйлей алатын деңгейге жеттім. Мен орыс мектебінде оқыдым. Бірақ 1-сыныпқа барғанда қазақ тілін әжептәуір меңгеріп, сөздік қорым да молайып қалған еді. Орыс сыныбында оқысам да, қазақ тіліне деген құрметім, қызығушылығым арта берді. 4-сыныптан бастап қазақ тілі пәні қосылды, Гүлдан Асанбаева апайымыз оқытты. Өте көркем мінезді, балажан, сабақты бар ынтасымен түсіндіретін. Апайымыз екеуміз сыралғы құрбыдай сырласып, жақын болдық. Сол кісінің де менің еркін, таза сөйлеуіме, қазақ тілін терең меңгеруіме орасан септігі тиді. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілінен пәндік олимпиадаға қатыстым. Жоғары оқу орнына инженер мамандығы бойынша қазақ бөліміне оқуға түстім. Алғашында оқудан қиналғаным рас, техникалық бағытты қазақ тілінде оқу оңай болмады.

арасына

– Қазақ тілін оқытып, үйретіп жүрсіз, мемлекеттік тілімізді үйренгісі келетін, ықыласы жоғары өзге ұлт өкілдері көп пе?

– Өзім қазақ тілін үйрететін шәкірттерімнің 80%-ы өзге ұлттың өкілдері, қалған 20%-ы ана тілін үйренгісі келетін қазақтар. Мемлекеттік тілді меңгеріп, құрметтеуге өзге ұлт өкілдерінің құрметі жоғары деп айта аламын.

– Қазақ  әдебиетінен қандай шығармаларды оқисыз, қай ақын, жазушының туындысы  қызықтырады?

– Хәкім Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен ғибрат аламын. Ыбырай Алтынсариннің шығармасын мектеп қабырғасында жата-жастана оқыдым десем, артық айтқаным емес. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы әдеби көркем шығармаларын, «Алаш ту астында күн сөнгенше сөнбей» атқарған еңбектерін тебіренбей қабылдау мүмкін емес. Әсері өте керемет. Еліңе қызмет етудің ғажап үлгісін сезінесің. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалған, поэзия мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері өте ыстық. Оқыған сайын өзгеше күйге бөлейді. 

– Қазақ тілін жетік білгеніңіз көп жерде пайдасын тигізетін шығар өзіңізге?

– Жаратқанның  маған дарытқан үлкен нығметі, сыйы деп білемін. Қазақ тілін меңгергенім менің жолыма бағдаршамның жасыл түсін жағып берді деп мақтанышпен айта аламын. Қазақтандағы әр азаматқа мемлекеттік тілді білу парыз деп санаймын. Осы елде өмір сүргеннен кейін сол мемлекеттің тілін меңгергенің алдымен өзіңе артықшылық сыйлайды. Кез-келген ортада өзіңді еркін сезінесің.

– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  тіл мәселесіне қатысты түйткілді көтеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға  қоғам болып күш салу қажеттігін айтты.  Осыған өзіңіз қандай ой қосасыз?

– Қоғамның патриоттық сезімі оянғанда, мемлекеттік тілге деген құрметі артқанда біз қазақ тілінің мәртебесін көтереміз. Қазақ тілінің мамандары, ғалымдар, тіл жанашырлары ғана шырылдағанымен түйткіл бірден шешілмейді. Әркім өзінің үлесін қосу керек. Қазақ тілінде шұбарламай таза, анық  сөйлесе, айналасына өзінің ісімен үлгі болып  қазақша сөйлете алса сол орасан үлес болып саналады. 

– Тілді үйрену тек  жалаң ұран, науқандық дүние болып қалмас үшін қайтпек керек? Өзіңіз де қазақ тілін үйретіп жүрсіз.

– Қазақ тілін үйренгісі келетін, меңгеруге ықылас танытқан жандардың құштарлығын көргенде  қуанамын. Сондықтан тіл жұтылып жойылып кетеді деп уайымдауға негіз жоқ. Рас, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту әркімнің өз қолында. Айналаң өзге тілде сөйлесе, сен де соның ығында кетуге мәжбүр боласың. Өмір сүретін мемлекетіңнің тіліне деген сезімің оянғанда меңгеру қиынға соқпайды.