Энергетика • 16 Қараша, 2023

Мажарстан профессоры энергетиканы интеграциялау бойынша дәріс өткізді

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Globalia» компаниясының бас директоры, Мажарстан профессоры Габор Шаги «Қазақстанның энергия тізбегіне жаңартылатын энергетиканы интеграциялау мүмкіндіктері» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Мажарстан профессоры энергетиканы интеграциялау бойынша дәріс өткізді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жамила Айтжанованың айтуынша, биыл 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесті. Кездесуде маңызды келісімдерге қол қойылды. Келісімге сәйкес «Globalia» компаниясы Қазақстанның бірнеше өңірінде күн энергиясы стансаларын салатын болады. Қазіргі кезде Габор Шагидің басшылығымен Қазақстанда «Күн парктері», «Кәсіп және IT-консалтинг», «Банктік сүйемелдеу» және басқа да бірқатар жоба жүзеге асып келеді.

Э.Серікқызы.

Профессор Габор Шаги Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты. Профессор тұрақты даму мақсаттарының күн тәртібі тұрғысынан өзекті болып отырған жаңартылатын энергетиканы интеграциялау мәселесінің өзекті екенін алға тартты. Оның айтуынша,«Globalia» компаниясы Қазақстан аумағында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Былтыр маусым айында Globalia Kft. Қазақстанда «Астана» ХҚО аумағында қоршаған ортаны қорғауға байланысты қызметтер көрсететін KAZ global Ltd компаниясының кеңсесін ашқан болатын. Ал Атырау облысында жаңартылатын энергетиканы дамытудың кешенді өңірлік бағдарламасы енгізілді. 1200 тұрғыны бар елді мекендерді электрмен жабдықтауды Арал режімінде күн батареялары паркі қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол Киото хаттамасын ратификациялау барысында Қазақстан жаңартылатын энергия көздері есебінен елдің электр энергиясының едәуір үлесін өндіру бойынша маңызды міндет алғанын атап өтті. Алға қойылған мақсаттарға сүйене отырып, Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері есебінен электр энергиясын өндірудің 30 пайызына қол жеткізуге ниетті. «2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуі тиіс. Қазақстан пайдалы қазбаларға бай ел ғана емес, сонымен қатар күн энергиясының көмегімен электр энергиясын өндіру үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Географиялық және экологиялық жағдайларға сүйене отырып, Қазақстан экономикасында, оның энергетикалық секторында маңызды рөл атқара алатын күн энергиясының әлеуеті кең, бірақ әлі де дұрыс пайдаланылмаған тұстары бар», деді профессор Габор Шаги.

Сонымен бірге ол энергетика секторына кері әсер ететін және жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін қуаттардың динамикалық таралуына кедергі келтіретін негізгі мәселелерді атап өтті. Сондықтан Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін барынша пайдалануы керек, сондай-ақ мемлекет бюджетіне түсетін жүктемені, сыртқы тасымалдаушыларға тәуелділікті азайтып, энергетикалық қауіпсіздігін арттыра отырып, өңірде көшбасшылық рөлге ие болуы тиіс.

АЛМАТЫ