Теңге • 15 Қараша, 2023

Бағалы қағаз һәм банкнот

163 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1993 жылдың 15 қарашасында теңгенің айналымға енуі біздің елдің экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы болатын. Иә, кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін елдегі нарықтық экономиканы қайта құруға негізделген жұмыстар жүргізіліп, өзіміздің төл ақшамызды енгізу жолындағы барлық іс-қимыл қатаң әрі құпия жағдайда өтті. Қысқа мерзім ішінде ақша купюраларының нобайын әзірлейтін суретшілер тобы құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұлттық валютаны шетелде басып шығаруға шешім қабылданып, ақпараттың тиімсіз бағытта таралмауы қадағаланды. Сөйтіп, білікті мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында банкнот сапасы лайықты бағаланды. Тіпті кейбір купюралар елімізде сегіз айдың орнына бірнеше жылға дейін айналымда жүрді.

Бағалы қағаз һәм банкнот

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сонымен 1992 жылы мамырда «Қазақстан Республикасы Ұлттық бан­кі­нің Баспа фабрикасын құру туралы» Президент Жарлығымен тұңғыш рет, 1993 жылдың маусым айында бағалы қағаздар шығару цехы іске қосылды. Еліміздегі жал­ғыз мамандандырылған полиграфия компаниясы – Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы құры­луы­­­мен негіз­дел­ді.

1992-2000 жылдары Ұлттық банк­те­гі Банкнот фабрикасының алғашқы директоры Есет Қожамұратов бастаған «Кітап» өндірістік бірлестігінің бас директоры И.У. Ақбасов пен бір­лес­тіктің бас инженері И.И. Тұраев сынды азамат­тар Франциядағы құн­ды қағаздар шығаратын ең ірі кәсіп­орын­дардың бірі «Данель Ферри» фир­ма­сы­ның және голландық машина жасау «Дрент» фирмасының өкілдерімен кездесті.

Бағалы қағаздарды шығару технологиясы таныс болмағандықтан біздің мамандар полиграфиядағы жұмыс тәжірибесінің арқасында біраз мән-жайға қанық болды.Шетелдік фирмалар бізден барған адамдарға аса үздік технология мен жабдықтарды ұсынып, олар елге оралысымен Ұлт­тық банк басшылығына жобаның көзделген құны жайында баяндап, жекеленген технологиялық үдерістерді жетілдіру үшін негізгі баспа машинасын шығарушы зауыттармен танысуға кері аттанды. Мамандарымыз қатыс­қан Испаниядағы Монета мен баспа ұлттық фабрикасы орталық бан­кі­нің құрылымдық бөлімшесі Ан­глия­дағы фирмалардан асып түскен. Монеталар мен банкноттардан өзге бағалы қағаздар, төлқұжаттар, лотерея билеттерін шы­ғарды. Фабрика жанында дизайнер­лер мен банкнот оюшылары тек Испания ғана емес, Еуропаның көптеген мем­лекеті үшін дайындайтын көркем студия және бүкіл дүниежүзінің банкноттары мен монеталары жинақталған мұражай жұмыс істеді. 1992 жылдың аяғында елімізге құнды қағаздарды шығаруда құрал-жабдықтар, оның ішінде компьютерлер, принтерлер, сканерлер мен түрлі түсті ажыратушы құрылғылар келе бастады. Сол жылы «Данель Ферри» фирмасының оқыту орталығында біздің мамандардың алғашқы легі білімдерін шындағаны бар. Сонымен Үкіметтің шешіміне сәй­кес монета өндірісін қажетті инфра­­­­­құры­лыммен жабдықталған Өске­­­менде ұйым­дастыру ұйғарылып, оны ше­телде теңгені басып шығаруда атал­ған мамандармен иықтаса бірге жүрген, мән-жайға қанық «Өскемен машина жасау зауыты» бірлестігінің кәсіпорын директоры Юрий Забелин басқарды. 1993 жылдың күзінде тең­ге­ні айналымға енгізу туралы ше­шім қабылданып, банкноттар да­йын болған сәтте монеталарды көр­кем­деп өңдеу аяқталмағандықтан, 15 қарашада тиын­­дар­ды әзірлеуге үлгермей, Ұлттық банк тиынды қа­ғазға басу туралы ше­шім шығар­ды. Құнды қағаздар фаб­рикасы іске қосыл­ғанына бар-жоғы екі ай өткен­нен соң тиісті қадр жоқ, аз мөлшерде қалған арнаулы бояулармен қағаз­дар­ды басып шығаруға 30 күн уақыт берілген. Дизайнерлер тобы тиын­дар­ды суретке салуға материал әзір­леуде «Қар ұшқыны» қағазын Бе­лоруссиядан тапқан. Қағаз тиындар жасалып, төл валютамызды енгізуде ауқымды жұмыстар атқарылды. Көп ұзамай теңге енгізілгеннен кейін банк­ноттар тоза бастады. Бұдан бұрын Англиядан жеткізілетін ақша мәсе­ле­сін түбегейлі шешу үшін 1994 жылы сәуірде Ұлттық банк пен ағылшындық «Томас Делару» компаниясы арасында келіссөз жүргізіліп, біздегі банкноттық фабрикаға техника мен технология­ны жеткізу тура­лы келісімшартқа қол қойылды. Шарт жасалынғаннан кейін, кәсіпорын қай жерде салыну керек деген сауал туындап, Алматыда бес зауыт зерттелген. Ақыр аяғында «Гидромаш зауыты» АҚ цехына тоқтам жасалынды. Бас мердігер ретінде «Алматыоблауырқұрылыс» АҚ атанып, кеңесшісі «Томас Делару» компаниясы болды. Банкнот өндірісінде үш бағытта талап қойылып, онда температура, ылғалдылық, тұрақтылық пен тазалық басты негізге алынды. Тем­пе­ратура мен ылғалдылықты «Энер» фирмасының құрылғысы қам­та­масыз еткен.

1995 жылы мамырда Қазақстан Президенті бастаған республиканың жоғары басшылары және «Томас Делару» компаниясының президенті Джереми Маршаллдың қатысуымен өндірістің ашылуы салтанатты түрде өтті. Содан бері теңге елімізде басылып келеді. Алғашқы банкноттың ең ірі атауы 1000 теңгелік, одан кейін 2000 теңгелік екінші банкноттық номинал, содан соң 5000 теңгелік банкнотпен жұмыс істеді. Банкноттардан өзге бірнеше дәрежелі қорғанышы бар акциз маркалары, дипломдар, аттестат пен ба­ғалы қағаздар басылды.

Банкноттарды шығаруда өнді­ріс­тік базаның құрылуы қажырлы еңбек пен мамандардың үздіксіз ізденісінің нәтижесінде «1», «3», «5», «10», «20», «50» теңгелік номиналдар айналымға енді.

Қазіргі таңда Банкнот фабрикасы баспа өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарып, арнайы өндірістік жабдықта жүр­гізіледі. Фабриканың іскерлік әлем­дегі беделі артып, «Aguarius Eart­macer» компаниясының 2003 жылғы зерттеме қорытындысы бо­йынша «Сала көшбасшысы» аталымымен «Eartmacer» (еркін аударма жасағанда: «әлемді танытатын адам») сыйлығын, 2004 жылы Женева қала­сында өткен «Бизнестегі жоғары сапа» ІV Халықаралық Форумында «Ақаусыз іскерлік беделі үшін» «Да­нель Ферри» фирмасының алтын медалін жеңіп алды. 2008 жылы Мәс­кеуде өткен III Халықаралық Сапа ассамблеясында «Алтын сапа» сертификатымен марапатталды.

Банкнот – ұлттық валютаның ди­зай­нында бейнеленген өнер туын­дысы, фабриканың жетістігі және мақтанышы деуге болады. Ел азамат­тарының өз құқықтары мен бос­тан­­дықтарын жүзеге асырудағы қа­жетті белгілердің бірі – жеке басын куә­лан­ды­ратын құжаттың болуы, өнімдер белгіленген жұмыстың шарт­тары мен мерзімдеріне сәйкес элек­трон­дық ақпарат тасымалдаушылар­ды пайдалана отырып, қорғаныс ке­ше­ні­мен жабдықталған.

«Ең үздік банкнот» марапаты үз­дік жетістіктерге, банкноттың немесе банкнот сериясының жоғары тех­нологиялық қорғаныс деңгейіне бе­рілетін болса, аталған купюраны шы­ғаруда оның елі мен мәдени мұра­сы­на, жалпы банкнотты безен­ді­ру­де көрсетілген символикасына ерекше көңіл бөлінетіндігі бар. Осы ретте 2015 жылдың 1 желтоқсанында 20 мың теңге номиналды банкноты айналымға шы­ғарылды. Онда сұр-көк түске ба­сым­дылық берілгендігі, алдыңғы жа­ғында басты кескін монумент «Қазақ елі», қанатты ат және Мәңгілік Ел сал­танатты дарбазасы орналастырылды. Сырт жағында банкноттың ортасында негізгі суреттеме ел карта­сы­ның контуры мен Конституция бойынша белгіленген Үкімет тарамын, Астананың Ақорда, Парламент және Үкімет ғимараттарының көрі­ні­сі енді. Бұл банкнот еліміздегі тең­ге­нің ең қорғалған купюрасы болса, дүние­жүзіндегі ең бір қорғалған ақша түрі болып табылады. Қорғаныс үшін қолдан жасаудан бастап қорғау индус­триясындағы соңғы иннова­ция­­лар да пайдаланып, жалған ақша жасаушыларға қарсы әрекеттің клас­си­калық тәсілдері түрлендірілген және күшейтілген. Көру қабілеті нашар адамдар үшін банкноттың оң жақ ше­тінде қармалауда айырмалы жеті жо­ға­ры бедерлі үшбұрыш бар.

Бүгінгі күні Банкнот фабрикасы елі­міз­дің қаржылық тәуел­сіз­діктің тіре­гін­дей болып, ұлттық валю­та­мыз­дың қа­лыпты жұмыс істеуін қам­та­масыз етіп отыр­ған­ды­ғын айтып өтуіміз қа­жет.

Осы ширек ғасырдан асып, жарты ғасырға таяу тарихы бар ұлт­тық ва­лю­т­амыздың мерейтойына орай, жа­қында Ұлттық банк «Көшпен­д­і­­лердің тотемдері» сериясынан KÓKBÓRI инвестициялық монеталарын ай­налымға шығарды. Онда «Көш­пенділердің ғибадат жануарлары – то­тем­дері» сериясындағы монета­лар­дың стилистикасы қолданылған. Бұл монеталар тек инвестициялық тұрғыдан ғана емес, жинауға және сыйға тартуға да болады.

Инвестициялық монеталар алғаш рет бірнеше нұсқада proof және uncirculated сапасында алтыннан да­йын­далған номиналдар – 10, 20, 50, 100, 200 және 500 теңге, күмістен дайын­далған номиналдар – 1, 2, 5 және 10 теңгеліктер бар.

Бас банктің инвестициялық мо­нета­ларды шығарудағы негізгі мақ­саты – халықты бағалы металдар жи­нақ­тауға немесе инвестициялаудың ба­лама құралына айналдырып пайда табуға бағытталған. Олардағы ерек­ше­ліктер, ұзақмерзімді перспек­тивада инвестициялық табыс табуға және монеталарды сатып алу кезінде қосымша құн салығы салынбайтындығы тағы бар.

Бағалы металдың құрамы 99,99%-ды құ­райды (сынамасы 999,9). Атал­ған барлық номиналдағы инвес­ти­ция­лық монеталар еліміздің бүкіл аума­ғында өзінің белгіленген құнына сай төлемнің бар­лық түрі бойынша қабылдануға және кез келген банк­те банк шоттарына есепке алынуға, ауда­рылуға, шектеусіз ұсақталуға және айырбасталуға тиіс. Банк өкіл­де­рі ҰБ филиалдары ин­вес­ти­циялық моне­талардың химиялық таза бағалы ме­талдың салмағына қа­рай есептелген бағасы бойынша, сон­дай-ақ LBMA (Лондон құймалар на­рығы қауымдастығы) бағалы метал­дар­дың баға белгілеу тәртібімен кері сатып алуға мүмкіндіктер қарас­ты­рыл­ға­нынан хабардар етті.