Әлем • 16 Қараша, 2023

Паулина Джонс: Мүмкіндіктерге жол ашқан көпвекторлы саясат

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның сыртқы саясатын зерттеп, халықаралық конференцияларда, сол сияқты түрлі жиындарда баяндама жасап жүрген ғалымдардың бірі – саясаттану ғылымдарының профессоры, Мичиган (АҚШ) университетіндегі цифрлық Исламтану бағдарламасының (DISC) директоры Паулина Джонс.

Паулина Джонс: Мүмкіндіктерге жол ашқан көпвекторлы саясат

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол қазақ елінің кеңес одағынан бөлініп шыққаннан бастап, осы күнге дейінгі аралығын қамтыған іргелі еңбек жазды. Қазір ғалым Қазақстанның Ресей және АҚШ-пен стратегиялық сая­сатын сырттан бақылап, жіті зерттеп жүр. Оның Америка басылымдарында жарияланған елдің сыртқы тыныс-тіршілігі туралы сұхбаты халықаралық сарапшылар мен тілшілерге біраз «азық» болды. Әсіресе Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғалы Қазақстанның кімге жақтас болатыны көбін қызықтырды. Паулина Джонстың осы жылы берген сұхбатына талдау жасасақ...

Әлем сарапшылары қаңтар оқиға­сынан кейін Қазақстан Ресейге тәуелді болып қалады де­ген пікірлерін алға тартты. Ға­лымға қойылған алғашқы сұрақ та осы жөнінде. «Қазақстан Пре­зиденті В.Путинді қолдауға мін­детті ме?». Ресей-Украина қақ­тығысына қатысты ұстанымы туралы зерттеуші-ғалым алғаш­қыда Қазақстан туралы теріс пікір­де болғанын жасырмады.

«Ресей әскерлері Қазақстан аума­ғында шамамен бес-алты күнге аялдады, көпшілігіміз, соның ішінде мен де бұл Қазақстанның Ресейге тәуелділігін арттырады деп ойладық. Бірақ сәл қателестік. Қазақстан Үкіметі сақтық танытты. Ол Ресейді қандай да бір жолмен қолдауда өте ұстамды болды», деді Паулина Джонс.

Ғалымның пікірінше, «Ресей эко­номикалық және саяси тұр­ғыдан күрделі кезеңде тұр. Оның қалпына келуіне көп уақыт кете­ді. Мәселен, Ресейден кеткен босқындардың көбі жоғары бі­лімді. Олар енді еліне ешқашан оралмайтын шығар. Ресей­лік кәсіпорындардың қаншамасы Қазақ­станға және басқа елдерге кетті, олар да мүмкін қайта кел­мейді». Әрі қарай автор: «Қазақстан өңір­де өте маңызды рөл атқарады. Мен үнемі Қазақстан Орталық Азиядағы Гер­манияға ұқсас ел екенін айтамын. Басқа елдерге Қазақстанның Ресейден алыстауына қарсы тұру қиын болар еді. Бұрын Ресейге ақша табуға барған Қырғызстан, Тәжікстан және тіпті Өзбекстаннан келген еңбек мигранттары қазір Қазақстанды айналшықтап жүр», деді.

Қазақстан Еуразиялық эко­но­мика­лық одақтағы рөлін тиімді пайдаланып жүр ме? Пау­лина Джонс Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мүм­кіндігі зор екенін айтады. Алайда ол ЕЭО-ны сынға алды. «Еуразиялық экономикалық одақтың негізінен саяси сипаты басым, одан экономикалық пайда көп емес. Шындығында, бұл Кеден одағы мен еркін сауда келісімі сияқты құжаттар болуы керек», дейді ол.

Ресейге келетін болсақ, ғалым Қа­зақстан мен Ресей бір-біріне тәуелді болып қала береді деген пікірде. Мәселен, Қытайға жіберілетін көптеген ресейлік тауар Қазақстан арқылы өтеді. Ал Қа­зақстан мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданады, ол Еуропаға және басқа жерлерге жету үшін Ресей арқылы өтеді. Ресейге негізінен сауда жолдары қажет, ал Қазақстанға мұнай экспорты қажет. Паулина Джонстың айтуынша, екі ел саяси жағынан алшақтауы мүмкін, бірақ экономикалық қатынастарды сақтап қалуы қажет, өйткені екеуі де осы сауда қатынастарына тәуелді.

Шетел журналистері Қазақ­стандағы орыстілді тұрғын­дардың Ресеймен қарым-қаты­насына қандай көзқараста екенін де сұрады. Өйткені елдегі ресми тілдің үстемдік құрғаны көпшілікке белгілі.

«1991 жылы кеңес одағынан тәуел­сіздік алғаннан кейін Қазақстанның титулдық ұлты, яғни қазақтар аз бол­ған жалғыз бұрынғы кеңестік рес­публика болды. Халықтың басым бө­­лігін орыстар құрады. Бірақ бұл жағ­­дай бірнеше себептерге байланыс­ты күрт өзгерді. Ресейліктер Ресейге қоныс аударды, сондай-ақ Қазақстанда туу көрсеткіші салыстырмалы түрде жо­ға­ры болды. Моңғолиядан көптеген халық Қазақстанға қоныс аударды. Де­­мографиялық өзгеріс болды. Бұ­рын қазақтар шамамен – 39, ал орыс­тар 45 пайыз болатын. Жоғарыдағы өзге­рістерден соң қазақтар шамамен 75 па­йыз, орыс­тар 30 пайызды құрады.

Алайда Солтүстікте Ресеймен шек­тесетін территорияларда орыс­тар­дың көбі бірнеше не­гізгі қалада тұра­ды. Қазақстан көрші мемлекетке өте қонақжай бола отырып, Ресеймен қарым-қатынасын орнатты. Мысалы, бұл елдің орыс және қазақ тілде­рін мемлекеттік деп танитын стратегия­сы бар. Бір қызығы, қақтығыстан кейін кел­ген ресейлік босқындар нау­рыз айын­да келе бастады, қазан айын­да тіпті одан да көп болды. Осылайша, жүз мыңдаған орыс Қазақстанға қашты және бірін­ші кезекте негізінен ресейлік аудан­дар­ға, сондай-ақ Астана мен Ал­ма­­ты­ға ағылды», деді Паулина Джонс.

Ғалымның айтуынша, Пре­зидент Қ.Тоқаев көпвекторлық саясатын жүр­гізе береді. Қазіргі уақытта Қытай ең үлкен бенефициар болып санала­ды, дегенмен Қазақстан Оңтүстік Кав­каз, Түр­кия және Еуропа елдерімен байла­ныс­ты нығайтуға ұмтылады.