Жәдігер • 15 Қараша, 2023

Молдахмет ақынның бөркі

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі әлеуметтік желіге сол музей қорындағы Арқадағы сал-серілер дәстүрін жалғастырған әйгілі әнші, халық ақыны Молдахмет Тырбиевтің киген бөркі туралы құнды деректі жариялады.

Молдахмет ақынның бөркі

Музейдің аға ғылыми қыз­меткері Гүлзайра Сәбитованың жазуынша, бұл жәдігерді мұра­жайдың сол кездегі ғылыми қыз­меткері ақын, сазгер Кәрім Ілиястегі тапсырған. Бөріктің төбесі төрт сай болып келеді. Арасына жүн салып, төбесін сұр түсті матамен қап­таған. Жиегі пұшпақ терімен көмкерілген.

Халық ақыны Молдахмет Тыр­биевтің есімі көзіқарақты қауымға таныс. Ол 1881 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы Тулақ ауылын­да туған. Бұл ауыл кеңес дәуірін­де «Қызылту» кеңшары, кейін «Ең­бек» ауылы деп аталған. Мол­дахмет атамыз – атақты ақын, әнші Үкілі Ыбырайдың туған жиені ғана емес, өнерін қуған шәкір­ті. Сондай-ақ көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың немере туысқаны.

Молдекең Кәкімбекті бала кү­нінен өнерге баулып, домбыра үйретеді. Тәлім -тәрбиесін береді. Кәкімбек ағамыз атасы туралы бір естелігінде: «Молдекең молда да, болыс та болған әйгілі ақын, суы­рып салма айтыскер һәм үздік әнші, тамаша домбырашы. Өлең үйретудегі тәсілі – әу дегеннен бә­рімізге өлеңнің сөзін жаздырады, содан соң өзі әдемілеп тұрып үш рет айтып береді. Ал әрі қа­рай кәдімгі байқау өткізетін профессор сияқты бәрімізді тыңдай­тын, ең жақсы айтқанымызды алып қалып, оңаша үйрететін», деп жазыпты.

М.Тырбиевтің Жанақ, Орын­бай, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан шолақ, Үкілі Ыбы­рай секілді Арқадағы ақын-жыр­шылар мен сал-серілердің дәс­түрін жалғастырып, солардың шы­ғармаларын кейінгі ұрпаққа жет­кізудегі еңбегі өте зор. Соны­мен бірге айтыс өнерінің де дамуына зор үлес қосты. Ақынның өзі де өлең жазып, ән шығарған. Оның «Жеңіс» және «Терме» атты әндері кезінде халық арасына кең тараған.