Аймақтар • 15 Қараша, 2023

155 жыл: Кешегі лазарет – бүгінгі заманауи клиника

125 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерейтойына орай «Ғасырлық дәстүрлер мен жаңа технология­лар – пациенттердің денсаулығы мен сеніміне апаратын жол» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Германия, Ресей және Қазақстанның жетекші ғылыми-медициналық орталықтарынан жалпы 350-ден аса дәрігер қатысты.

155 жыл: Кешегі лазарет – бүгінгі заманауи клиника

Түркістанда ұйымдас­ты­рыл­ған конференцияның ашылу рәсі­мінде облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауру­ха­наның тарихына тоқталып, өңір­­дегі денсаулық саласының бүгінгі ахуа­лы­н­­­ баяндады. Оның ай­туынша, бүгінде облыстың 2 мил­лионнан аса халқына 754 меди­циналық ұйым қызмет етіп жатыр. Облыс бойынша 25 мың медициналық қызметкер тұр­ғындар денсаулығын түзеу жо­лында еңбектеніп келеді. Өңір халқының 80 пайызға жуығы ауылда тұрады. Оларды меди­ци­налық көмекпен қамту үшін жылжымалы медициналық кешендер алынып, аурулардың алдын алу үшін профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Кейінгі үш жылда облыста ана өлімінің көрсеткіші 70 пайызға, нәресте өлімі көрсеткіші 11 пайыз­ға­ төмендеді. Биыл «Ауылда ден­саулық сақтауды жаңғырту» Ұлт­тық қанатқақты жобасы аясында Сарыағаш аудандық ауру­ха­насын күрделі жөндеуден өт­кі­зуге республикалық бюджеттен – 1,6 млрд теңге, Жетісай ау­дан­дық ауруханасын күрделі жөн­деуден өткізуге 1,3 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша 123 елді мекенде медициналық ны­сан­дардың тозығы жеткен. Соның 49 денсаулық сақтау нысаны келесі жылы Ұлттық жоба аясында салынатын болса, қалған 73 медициналық нысан 2025-2026 жылдары пайдалануға бері­леді. Облыс халқына жедел меди­циналық жәрдем көмегін уақ­тылы көрсету мақсатында 75 жедел жәрдем көлік алуға 1,3 млрд теңге бөлінді. Өңірде дәрі­гер­лер тапшылығы 258 бірлікті құ­райды, оның барлығы – бейінді мамандықтар. Бұл орайда жер­гі­лікті бюджет есебінен биыл 60 грант бөлінген және ал­дағы үш жылда резидентураға бөлі­нетін грант санын 70 пайызға арт­тыру жоспарланып отыр. Ауыл­да жұмысқа орналасқан меди­цина қызметкерлерін қолдау мақ­са­тын­да 21 жас маманға 1,5 млн тең­ге көлеміндегі әлеуметтік қол­­дау көрсетілді. Келесі жылға бұл мақсатта 10 млн теңге көле­мін­де әлеуметтік қолдау көрсе­тіл­мек. Сонымен қатар осы жылы облыс­ әкім­дігінен жалпы медицина ма­ман­­дығы бойынша бакалаврға 15 грант бөлінді.

Халықаралық ғылыми-прак­ти­калық конференция аясында шетелдік медицина орталықтары өкілдерінің қатысуымен облыс­тық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирур­гиялық және терапиялық бағыттар бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген үздік медицина қызметкерлері марапатталып, ерекше құрметке ие болды.

«Біздің қарашаңырағымыз – облыстық клиникалық ауруханасы заманауи медициналық техникалармен жабдықталып, облыс тұрғындарына сапалы, жоғары технологиялық дәрігерлік көмек көрсетіп келеді. Әріптестерімізді шетел­дердегі медицинасы озық орта­лықтарға жіберіп, кәсі­би білік­­тіліктерін арттыруда­мыз. Облыс әкімі Дархан Саты­бал­ды­ның қолдауымен «Дені сау ұлт» ұлт­­тық жобасында айтылғандай, әр азаматқа сапалы медициналық қыз­­меттің қолжетімділігін арттыру, ден­са­у­лық сақтау саласын да­мыту­ мақсатындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады», деді облыстық денсаулық сақтау бас­­қармасының басшысы Асхан Бай­­дуәлиев.

Конференцияның екінші күні облыстық клиникалық ауруханасында Германия, Ресей және Қазақстанның жетекші ғылыми-медициналық орталықтары дәрі­гер­лерінің қатысуымен 20-ға жуық күрделі операция жасалды. Шеберлік дәрістерінде халықаралық деңгейде танылған білікті дәрігерлер түркістандық әріптестерімен бариатриялық және метаболизмдік хирургия, нейрохирургия, терапия және басқа да бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Шеберлік дәрістерінің барысы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі және шетелдердегі дәрігерлерге онлайн-трансляция арқылы көрсетілді. Сондай-ақ өңірге арнайы келген мамандар облыстың дәрігерлері мен медицина саласының студент­те­рі­не бірнеше маңызды тақырыпта лек­циялар оқыды.

«Мемлекет басшысы «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деп бекер айтқан жоқ. Біздің де той тойлап жүретін уақытымыз жоқ. 155 жылдықты атап өтіп жатқан себебіміздің бірі – ауруханада жұмыс істеп жатқан ұжымның еңбегін елге танытып, абырой-мәртебесін көтерсек деген мақсат. Және жаңадан келіп жатқан жас мамандарға бұл аурухананың тарихы қаншалықты тереңде екенін, қаншалықты маңызды мекеме екенін көрсету. Меке­менің тарихында дертіне дауа іздеген мыңдаған науқасқа шипа сыйлаған ақ халатты абзал жандардың есімі алтын әріппен жазылған. Дәрігерлер қазіргі таңда ми, жүрек қан-тамырларындағы ақауларды еркін анықтап, емдей алады. Сонымен қатар адамның ағзасын ауыстырып, науқастың өмірін ұзартуға септесуге қабілетті. Ал аурухананың заманауи техникалық базасы жұмыстарымызды кедер­гі­сіз жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Біз үшін адам өмірі мен оның саулығы – бас­ты орында. Қазіргі таңда 800 төсектік орын ауру­­ханада 1 700-ден аса қызметкер облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп жатыр. Олардың арасында республикалық деңгейде мойындалған мықты мамандар бар. Білікті дәрігерлеріміз жыл са­йын 34 мыңдай пациентке ста­цио­нарлық ем жүргізсе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа операция жаса­лады», дейді облыстық клини­ка­лық ауруханасының басшысы Жан­болат Ділдәбеков.

Иә, аурухана о баста әскери бөлім жанындағы шағын емхана болып ашылған. Шымкент Сыр­да­рия облысының уездік қаласы болып қайта құрылғаннан кейін ла­за­ретке уездік дәрігер лауазымы және оған қосымша фельдшер және акушер бөлінді. 17 жылдан кейін 21 төсектік аурухана үшін жаңа ғимарат салынды. Онда жеті төсек жергілікті тұрғындарға арнал­ған еді. 1907 жылдың жазында госпиталь ауруханаға ай­нал­­ған. Бірнеше бөлімше пайда­ бол­ды, төсектік орын саны артты. Штатта екі дәрігер, фельд­шер және фельдшерлік білімі бар акушер болды. Бірақ бұл ха­лық­ты медициналық қызметпен толық қамту үшін жеткіліксіз еді. Конс­тан­тин Олифин бас дәрігер болып тұрған 1925 жылы бұрынғы лазареттің жөнделген ғимаратында 100 орындық губерниялық аурухана ашылды. Мәртебесі бойынша 1947 жылға дейін қалалық аурухана болса да, бүкіл облыстың пациент­терін қабылдады. Тек П.Бучац­кий бас дәрігер болған 1948 жыл­дан бастап қалалық емханамен біріктіріліп, облыстық деп аталды. Онда 125 төсектік орын бар еді. Профессор, меди­цина ғылымдарының докторы Вахид Әлиев басшылық жасаған жылдары облыстық аурухана кең палаталары мен кабинеттері бар, сол кезгі заманауи құрылғылармен жаб­дық­талған көпқабатты ғимараттар кешені болды. Мұндағы төсектік орын саны 1980 жылдары мыңнан асты. КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Юрий Пахомов бас дәрігерлік еткен жылдары аурухана облыстың колопроктологиялық қызметін дамытудың бастауында тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарында Қазақстандағы «ал­тын скальпельдің» алғашқы иегер­ле­рі­нің бірі, профессор, медици­на ғы­лым­дарының докторы Дер­бі­сәлі Сексенбаев жетекшілік еткен кезеңде облыста алғаш рет лапа­ро­ско­пиялық операциялар енгізіле бас­тады. Урологиялық науқастарды емдеу үшін қашықтан литотриптор сатып алынды. Осы жылдары хирургиялық бөлімше­лер­де емдеудің жаңа жедел әдіс­тері енгізіле бастады. Болатхан Сағым­беков бас дәрігерлік еткен жылдары шеберлік сабақтарын өткізу және облыс дәрігерлерін аурухана базасында оқыту үшін ғылыми-зерттеу институттарының мамандарын тарту қолға алынды. Одан әрі емдеу ісін жандандыруды бас дәрігер болған «алтын скальпель» иегері Мәди Биғалиев жалғастырды. Нұрлан Қасымов басшылық жасаған тұста дәрігерлердің кәсіби деңгейін арттыру тәжірибесі Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Украинаның астанасы Киевте жал­ғас­ты. Облыстық телемедицина орта­лығы ашылды. Денсаулық сақ­тау саласының үздігі және үздік менеджері, академик Мұқан Егіз­баев басқарған жылдары күр­де­лі жөн­деуден өткен ауру­хананың мате­­риалдық-техникалық базасы жақ­сарып, жаңаруға бет бұрды. Марат Пашимов бас дәрігер болған кезеңде, аурухана республикада алғашқылардың бірі болып жоғары санатты тағайындаумен аккредиттелді. Елдос Сұлтановтың басшылығымен 2021 жылы ауру­хана өзінің жоғары санатын растады. 2022 жылы «Altyn shipager» сыйлығының номинанты болды. Облыстың бас трансплантолог-хирургі Жанболат Ділдабеков облыстық клиникалық ауруханасына басшы болып тағайындалған. Биылғы қаңтардан бастап онда түбе­гей­лі өзгерістер жүріп жатыр. Төсек қоры оңтайландырылды. МӘМС қатысуымен тиімсіз болып қалған ақылы бөлімшелер таратылып, олардың төсектері бейінді бөлімшелердің құрамына кірді. Сұранысқа ие бөлімшелер кеңейтілді. Нейроинсульт бөлім­шесінде 6 нейрореанимация тө­сегі ашылды. Жалпы, реани­мация бөлім­шесінде транс­план­то­ло­гия­­ның дамуын ескере отырып, қо­сымша төсектер, гинекология бөлім­­шесінің құрамында балалар гине­кологиясының 2 төсегі орна­ластырылған. Асқазан-ішек жол­дары және эндокриндік орган­дар хирургиясы бөлімшесі, хирур­гия­лық инфекциялар бөлімшесі, нефро­логиялық орталық, гепатопанкреатобилиарлы хирургия және ағзаларды трансплантациялау бөлімшесі құрылды. Бүгінгі таңда аурухана құрамында 25 клиникалық бөлімше, 3 анес­те­зио­логия және реанимация бөлім­шесі, 4 консультациялық-диаг­­нос­­ти­калық емхана, 16 парак­лини­ка­лық және көмекші бөлімше бар. Орын­далатын күрделі, қымбат опе­ра­циялардың саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, жылына 15 мыңнан аса хирургиялық жедел ара­ласулар жасалса, оның 4 мың­нан­ астамы қымбат операциялар.

Айта кетелік, халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында дәрігерлердің жаңа буы­нын қалыптастыруға көп көңіл бөліп, әрқашан озық емдеу әдіс­­терін енгізуге ұмтылған акаде­мик Мұқан Егізбаев атындағы бай­қау­дың жеңімпаздары мен жүлде­гер­лері марапатталды. Денсаулық сақ­тау басқармасы мен профессор Мырзакерім Алшын­баев төра­­­ға­­лық ететін ұйымдастыру ко­митеті жариялаған Мұқан Егіз­баев атындағы конкурс­тың­ бас жүл­де­сі – лауреат дипломы, естелік сый­лық және 1 миллион теңге жүк­ті әйелге жатырдың жарылуы және геморрагиялық шок ая­сын­да шұғыл кесарь тілігі опе­ра­­ция­сын жасап, ана мен бала­ның өмі­рін сақ­тап қалғаны үшін №1 об­лыс­тық­ перинаталдық орта­лық­­­тың аку­шер-гинекологтері мен анес­­­те­зиолог-реаниматологтер бри­­­­­га­­­да­­сына тапсырылды.

 

Түркістан облысы