Экспорт • 15 Қараша, 2023

«Химфарм» Еуропаға дәрі-дәрмек экспорттайды

136 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Польшаның фармацевтикалық компаниясы Polfarma тобына кіретін «Химфарм» АҚ – Santo сауда белгісімен дәрі-дәрмек шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорынның бірі.

«Химфарм» Еуропаға дәрі-дәрмек экспорттайды

2011 жылы польшалық инвестордың келуімен зауыт қайта түледі. Инвес­ти­циялық жоба іске асырылып, қон­дыр­ғылар жаңғыртудан өтті. Жаңа өндірістік же­лілер іске қосылды. Инвестор зауытты аяғына тұрғызу үшін 108 млн дол­лар инвес­ти­ция құйған. Үдемелі-индус­триялды ин­но­вациялық даму бағдар­ла­масымен қатты таб­летка, ампула, ұнтақ түрінде дәрі шыға­ратын жаңа өнді­ріс­тік кешен салынды. Зауытқа Италия, Германия, Оңтүстік Корея елдерінің заманауи озық технология­лары орнатылды. «Химфарм» компаниясы Қазақстандағы ең озық ғылыми-зерттеу орталығына ие. Бұл кәсіпорынға жаңа дәрілерді ойлап табуға мүмкіндік береді. Сондықтан Santo дәрілік препараттарды өзі жасап, саудаға қойып, Қазақстан мен Орта Азияға қолжетімді бағада экспорттайды.

Компанияның өндірісі жыл сайын­ 708 млн таблетка, 255 млн капсула, 46,7 млн цефалоспорин, 15,5 млн мицина тобындағы антибиотик құтыларын, 8,4 млн құтыдағы стерильді емес сұйық дәрілерді шығаруға қуатты. «Химфарм» – әртүрлі ауруға арналған 250-ден аса дәрі түрін өндіретін Қазақстандағы ең үлкен фармокологиялық компания. Кәсіпорын нарық сұранысына қарай жыл сайын дәрі түрлерін көбейтіп келеді. Дәрілік препараттарының басым бөлігін инъекциялық, инфузионды ерітінділер мен таблеткалар құрайды. Santo тек Қазақстан нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей мен Моңғолия елдеріне өнімдерін жөнелтеді. Қырғызстан мен Өзбекстанда компанияның өкілдіктері жұмыс істейді. Компанияда әртүрлі антибиотик шығаруға, дәрілік заттарды сақтауға рұқсат беретін халықаралық GMP, GDP сертификаттары бар.

2019 жылы Polfarma тобы компаниясы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мақұлданған дәрілер тізбегінің қатарына енді. Santo қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі. Мәселен, компания Santo academy онлайн-тұғырнамасын іске қосты. Сол арқылы үш елдің фармологтері онлайн-тұғырнамаға кіріп, қажетті деңгейде білім ала алады. Компания қызметкерлеріне интернет өнімнің мобильді қосымшасы да қарастырылған. 2021 жылдан бастап Santo онлайн оқуға арналған Laba курсын ашты. Мұнда қолданушылар қаржы, сату, талдау, маркетинг, PR, басқару және бизнес бағыттары бойынша 20 түрлі дәріс тыңдай алады. Компания инновациялық идеяларды дамытуға арналған Leonardo жобасын да қолға алды. Бұл жобаға сәйкес кез келген адам компания жұмы­сын жақсартуға байланыс­ты өзінің инно­ва­циялық идеясын жүзеге асыруына бола­ды. Leonardo жобасында көп дауыс жинаған 5 қызметкердің идеясы жеңімпаз деп танылып, қазір оларды нақты іске асыруға жұмыстар атқарылып жатыр.

Компания зауыт айналасында тұрып жатқан жағдайы төмен отбасыларға әлеу­­меттік көмек көрсетіп отырады. Кәсіп­­орын «GO WEST!» жобасын бас­тады. Соның көмегімен Орта Азияда фар­­ма­­цев­тикалық хабтың құрылуына, ғылыми-зерттеу, сынақ алаңын ашып, Еуропалық одақтың сапа сертификатын алуына жағдай жасады. Негізгі жоспар – дәрілік препараттарды Еуропалық одақ нарығына экспорттау. Santo Polfarma тобына кіретін басқа да компаниямен бірге Еуропалық одақтың уәкілетті органынан рұқсат алып, Қазақстанда ситаглиптин дәрілік өнімнің өндірісін бастамақ. Бұл дәрілік препаратты қоймада сақтау, тасымалдау да біздің елімізде жүзеге асады. Тиісті құжат 2024 жылы қолға тиеді. Осылайша, «Химфарм» Орта Азияның фармацевтика тарихында бірінші рет Еуропалық одақтың инспекциясынан өтіп, сапа сертификатына ие болған кәсіпорын атанып отыр.

Зауыттың шежіресіне қысқаша тоқ­тал­сақ, орыс генералы М.Черняев елі­міз­дің оңтүстігін жаулап алған соң Шым­кент қаласы Түркістан генерал-губер­на­тор­лы­ғының Сырдария облысына қарайды. Сол тұста оңтүстік атыраптың шұрайлы жері мен ауа райына қызығып орыс пере­се­лен­дері қоныс аудара бастайды. Ол кезде Шымшаһардағы өзен бойында жусан көп өсетін. Оның емдік қасиетін жақсы білген орыс көпесі Н.Иванов орынборлық көпес П.Савенковпен бірге 1882 жылы тұңғыш рет ішекқұртқа қарсы сантонин дәрісін шығаратын зауыт тұрғызады. Зауыт құрылысында көпестер күйген кірпішті қолданған. Ал төбесін темір қаңылтырмен жапқан. Бұл зауыт осы күйінде бір ғасыр бойы сақталып тұрған. Сантонин дәрісін өндіретін кәсіпорын бірнеше ғимараттан құралды. «Путевые очерки» еңбегінің авторы П.Шрейдер зауытта 50 шақты адам жұмыс істегенін айтады. Олар негізінен жергілікті қазақтар болған. «Олар түйені қалай оңай басқарса, кәсіпорындағы түрлі машинаны да сондай епшілдікпен жүргізетін», деді автор. Бір қызығы сол дәуірде оңтүстік өлке­сінде шығарылған тауарлар тек жергі­лікті тұтынушыларға арналған. Тек сантонин дәрісі қазақ даласынан тыс елдерге экспортталған. Кәсіпорында жы­лына химиялық таза 2 мың пұт сантонин­ өндірілген. Шымкенттің дәрісінің сапасы жоғары болғаны соншалық, ол Жапония, Үндістан, Германия, Англия елдеріне дейін жөнелтілетін. Соның нәти­жесінде зауыт ондаған жылдар бойы үздік­сіз жұмыс істеп тұрды. Ал кеңестік дәуір­де кәсіпорында негізінен өсімдіктен жасал­ған­ дәрілер мен есірткі препараттары шы­ға­рылды.

1993 жылы «Химфарм» акционерлік қоғам­ға өзгеріп, тәуелсіз Қазақстанның тұсын­дағы алғашқы отандық фармоко­ло­гиялық зауыт болды. 2011 жылы поль­ша­лық Polfarma компаниясының тобына еніп, инвестицияның күшімен заманауи үлгі­дегі жаңғыртуды басынан өткереді.

 

ШЫМКЕНТ