Қоғам • 15 Қараша, 2023

Экс-шенеуніктің ісі қоғамда алаңдаушылық туғызды. Қатаң заң қабылдайтын уақыт жетті – депутат

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар қабылдау жөнінде Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Экс-шенеуніктің ісі қоғамда алаңдаушылық туғызды. Қатаң заң қабылдайтын уақыт жетті – депутат

Фото: Ашық дереккөз

«Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеуніктің өз әйелін өлтіргені туралы жантүршігерлік ашық ақпараттар қоғамда алаңдаушылық туғызды. Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгездік, патриархаттық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті», деді Мәжіліс депутаты.

Ж.Сүлейменованың айтуынша, 2020 жылдан бері депутаттардың ұсыныстарымен заңнамада бірнеше қатаң өзгерістер енгізілген. Бір ғана мысал: Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда хаттама жасау үшін қазір куәгерлердің айғақтарына және бейнебақылауға сүйене отырып, зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша жәбірленушінің арызынсыз да іс қозғау қарастырылған. Бірақ бұған қарамастан зорлық-зомбылықтың толастамауы – әйелдердің құқығын қорғау мен балалар қауіпсіздігін сақтау заңнамасын қатаңдатумен қоса, қоғамда қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» принципі мен заң-тәртіптің қатаң сақталуы дәріптеуді-насихаттауды қажет етеді. Сол кезде ғана қабылданған заңдар сапалы орындалатын болады.

«Мемлекет басшысы отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді, мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын деген болатын. «AMANAT» партиясы фракциясы осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығын қорғау және балалардың  қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң жобасын шұғыл түрде әзірледі. Заң тұжырымдамасында түзетулер: зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану, педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесу, жалпы жаза мен жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастырған», деді депутат.

Депутаттың сөзінше, өкінішке қарай, түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске енген жоқ. Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеулерінше 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен, ал олардың 39 пайызы 2 сағаттан 3 тәулікке дейінгі әкімшілік жазамен құтылып кеткен.

Қазақ әйелінің болашағы, бүгінгі тағдыры барша қоғамға тікелей байланысты деген Жұлдыз Сүлейменова «AMANAT» партиясының депутаттары атынан мынадай ұсыныстарын алға тартты.

  1. Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық – қылмыс деп танылуы қажет. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап, өлтіруге қақы жоқ, қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз.
  2. Заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алатын һәм қатаң шаралар қабылдайтын жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті. Үкіметтен әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша, сонымен қатар, ажырасқан әйелдерге алиментті уақтылы төлеуге бағытталған нақты механизмдерді айқындайтын мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз.
  3. Отбасылық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен криминализиясы қарастырылған бірнеше депутаттардың бастамасымен әзірленген Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң тұжырымдамасын Мәжіліске тез арада енгізуін сұраймыз.

«Мемлекет басшысы атап айтқандай, заң мен тәртіп ішкі тұрақтылықтың кепілі. Заң үстемдігі қағидаты біздің ең басты бағдарымыз болуы тиіс», деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.