Технология • 13 Қараша, 2023

Роботтар асық атып, арқан тартты

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде темір техникалардың әлеуеті адамнан кем емес. Бәріне қабі­летті. Ал ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасқан роботтар тіптен ерекше. KazRoboSport-2023 роботтехникасы бойынша республикалық спорттық чемпионатында роботтар асық атып, арқан тартып, ақсүйек ойнап сынға түсті. Сондай-ақ жапондық сумодан да тартысты өнер көрсетті.

Роботтар асық атып, арқан тартты

Чемпионатқа қатысқандардың қарасы көп. Финалға еліміздің 20 өңірінен келген 214 қатысушы әуелі 4 мыңнан астам адамның арасынан іріктеліп алынған. Осыған қарап-ақ, елімізде роботтехника саласына қызығушылықтың жоғары екенін байқауға болады. Ал осы спорттық роботтехника чемпионаты 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде көктем­нен бастап іріктеу кезеңдері өтіп, 5 қарашада Астана қаласында облыс­тар мен мегаполистердің командалары басын қосқан финал болды. Чемпио­натқа ауыл балалары, аула командалары, жеке роботтехника мектептері, маман­дан­дырылған лицейлер мен колледждер қатысты. Байқауда ұлттық спорт түрлері мен ойындарынан жарысқан роботтарды әзірлеушілер басқарып отырды.

«Біздің ұйым қоғамдық қағидаларға негізделген және қызметіміз үшін қар­жы­лық өтемақы алмаймыз. Біздің жұмы­сымыздың негізгі мақсаты – ғылыми-техникалық шығармашылықты кеңінен насихаттау және балалар мен жастар ара­сында инженерлік мамандықтардың беделін арттыру. Сонымен қатар біз инженерия саласындағы өзекті мәселелерді шешуде және заманауи технологиямен жұмыс жасауда алған білімімізді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік бере­міз. Біз информатика мұғалімдерінің біліктілігін арттырумен де айналысамыз, себебі роботтехниканы оқытуда басты жауапкершілік сол кісілерге жүктелген. Айта кетерлігі, біздің бар­лық іс-шараларымыз демеушілердің қол­дауының арқасында өтіп жатыр», деді «ҚазРоботикс» отандық білім беру және спорттық роботтехника федера­циясы­ның президенті Айжан Жекеева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық тапсырманы NatRoboCom робо­спортының ұлттық түрлерін дамыту қоз­ғалысы мен «ҚазРоботикс»  федерациясы мүшелері әзірлеген. Техникалық регламенттер жылдамдық пен дәлдік бойынша конкурстық форматта орындау үшін оқу роботтарының үлгілерін құру және бағдарламалау дағдыларын анықтауды ескере отырып әзірленген.

«Чемпионат инновациялар мен озық технологияларға қызығушылықты арт­тыруға, сондай-ақ дарынды жастарды анықтап, қолдауға септігін тигізеді. Бұл жарыс әлемдік стандарттарға және олимпиадалар мен чемпионаттардың ережелеріне сәйкес өткізілетін спорттық жарыстарға ұқсайды, бірақ қатысушы­лар – адамдар басқаратын роботтар. Мұндай байқаулар елімізді жоғары білікті ғылыми-техникалық кадрлардың жаңа легімен қамтамасыз етуге көмектесетініне сенімдіміз», деді Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзинов.

Чемпионат аясында роботтехниканы дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, сарапшылар сөз сөйлеп, федерацияның аймақтық өкілдері өз тәжірибелерін бөлісті. Жеңімпаздар Astana IT Unversity  алаңында салтанатты түрде марапатталды.

Айта кетейік, KazRoboSport-2023 спорт­­тық роботтехникасы бойынша рес­­­пуб­ликалық чемпионаттың ұйым­дас­ты­ру­шысы – «ҚазРоботикс» Қазақ­стан білім беру және спорттық робот­техника федерациясы. Ал байқауға Astana Hub халықаралық технопаркі демеушілік етті.