Медицина • 13 Қараша, 2023

PhD дәрежелі медбикелер даярланады

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келер жылдан бастап елі­міздің еңселі медициналық университеттері өз тарихында алғаш рет медбике ғылымы бойынша PhD даяр­­лайды. Бұл жаңа­шыл­­дық – магистратура деңгейіндегі білімді ны­ғай­туға және «медбике ісі» ғылымы бойынша докторантура бағдарламасын құруға бағытталған AccelEd жобасын іске асыру арқылы жүзеге асады.

PhD дәрежелі медбикелер даярланады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

 Жуырда Астанада «Медбике ісінің үштұғырлығы: клиникалық тәжірибе, зерттеу және білім бе­ру» тақырыбында халықаралық ғы­лыми-практикалық конференция өтіп, онда әлемдік тә­жірибедегі бірегей инновацияны дамытудың жетістіктері мен келешегі қаралды. Бұл жөнінде Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров тарқатып айтты.

– Қазақстанда медбикелік білім беруді жетілдіруге ба­ғыт­­талған AccelEd жобасына Лит­ва денсаулық ғылым­дары уни­верситетінен, JAMK қол­дан­­балы ғылым­дар уни­вер­ситеті және Финлян­дияның Або Академия университеті, Ни­­дерландының Утрехт университеті, Назарбаев уни­вер­ситетінің медицина мек­те­бінен, Астана медициналық уни­верситетінен, Қазақ ұлттық медицина университетінен, Қарағанды медицина универ­ситетінен, Оң­түстік Қазақстан медицина академиясынан ака­демиялық се­ріктестеріміз қа­тысады. Мед­бике ісінің даму тенденциялары қазіргі ден­саулық сақтау жүйесінде мекбикенің рөлі айтарлықтай жоға­рылағанын көрсетеді. Медбике ма­ман­да­рының жұмысына ғылыми көз­қарас пен дәлелді тәжірибені енгізу – медбикені тәуелсіз медбикелік шешім қабылдайтын, дәлелді медбикелік күтімді жос­парлайтын және жүзеге асыратын дәрігердің тең құқылы серіктесіне айналдырды, – дейді Қ.Надыров.

AccelEd жобасы магистратура деңгейінде медбике ісі бойынша білім беруді нығайтуға және елде медбике ғылымы бойынша PhD докторантура бағдарламасын құруға бағытталған. Бұл білім беру бағдарламаларының түлек­тері денсаулық сақтау саласында ерекше сұранысқа ие. Мысалы, Астана медицина университеті магистратура бағдарламаларын енгізген тұстан бастап медбике ісі бойынша 32 магистр дайын­даған. Қазір «Медбике ісі  ғылымы» бағдарламасы бойынша 5 док­­торант білім алып жатыр екен. Ал келер жылы баршамыз медбике ғылымы бойынша білім алған елдегі алғашқы докторлардың қуанышына куә боламыз. Иә, жыл өткен сайын медбикелердің құзыреттілігі артып келеді. Оларға білім беру қолжетімді әрі сапалы бола бастады. Бұл жоба магистратура және докторантура деңгейінде медбикелік білім беру ісін ны­ғайтуға, медбике ғылымының өркендеуіне тың серпін береді.