Таным • 13 Қараша, 2023

Көп оқығанға – бағалы сыйлық

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан өңірінде балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, қазақ әдебиетін, ақын-жазушылар шығармаларын насихаттау мақсатында бірқатар игі іс қолға алынған. Мысалы, Келес ауда­ны Б.Момышұлы атындағы №59 жалпы орта мектебінің кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітап оқу байқауы» басталды.

Көп оқығанға – бағалы сыйлық

Байқау шарты бойынша үздік оқырман оқушыларға спорттық велосипед, план­шет және тағы басқа бағалы сыйлықтар беріледі. Жобаға жеке кәсіпкерлер демеушілік жасауда. Мектеп директоры Убайдулла Ера­лиевтің айтуынша, игі жобаға жастар арасында қызығушылық артып келеді екен. «Мектебімізде мұндай акция алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Кітап оқуға, білімін, дүние­танымын кеңейтуге құштар бала велосипедті басты мақсат етпеуі де мүмкін. Деген­мен велосипедті кө­­ріп кітап оқуға деген қы­зы­ғушылығы арта түсе­тін балалардың қатары көбейеді деген ойдамыз», дейді мектеп директоры. Мұндай акция бұған дейін аудандағы тағы бір мектепте ұйымдастырылған екен. Нәтижесінде, жастарды кі­тап оқуға баулуда осындай жобалардың алар орны ерекше екені аңғарылған.

Сондай-ақ кітапхана­­шылар ел тарихын білу­ге, дана Абайдың шығар­ма­ларын оқуға қызыға­тын­дар көп екенін айтады. Бұл орайда көне кітаптардың алар орны ерекше. Мысалы, №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік көр­кем әдебиет баспасынан басып шығарылған Абай Құнан­байұлының екі том­дық шығармалар жи­нағы сақталған. Бұл – мектеп кі­тап­ханасындағы көне әрі құнды кітаптардың бірі. Мектеп кітапханашысы Гүлмира Тұрысбекованың айтуынша, кітап 66 жылдан бері сақтаулы. «Мектебіміздің кітапханасында жалпы 15 351 кітап бар. Соның ішінде ең көне кітап – 1957 жылы басылып шыққан Абай Құнанбайұлының шы­ғармалар жинағы сұ­ра­нысқа ие болып тұр. Мұн­дай жәдігерлерді біз көздің қарашығындай сақ­таймыз», дейді Гүлми­ра Тұрысбекова. Мек­теп кітапханасында оқу­шы­лар­дың кітап оқуына барлық жағдай жасалған.

 

Түркістан облысы