Теңге • 13 Қараша, 2023

Монеталар – ел тарихы мен мәдениетінің айнасы

250 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Қазақстан Ұлттық банкінің ұйымдастыруымен «Қазақстанды монеталар арқылы таны» атты көрме ашылып, монета дизайнын биік өнер деңгейіне көтерген қаржы саласындағы мамандар қиялына жұрт тәнті болды. Ұлттық валютаның айналымға шыққанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмені тамашалауға келген көпшілік алтыннан, күмістен, сондай-ақ басқа да бағалы металдан соғылған 160-қа жуық монета түрімен таныса алады. Сонымен бірге көрмеге халықаралық байқауларда үздік деп танылған монеталар да қойылған. Салмағы 1 кг болатын, сирек кездесетін монета үлгілері де көпшілік назарына ұсынылды.

Монеталар – ел тарихы мен мәдениетінің айнасы

Экспозиция еліміздің ұлттық валютасы айна­лымға енгізілген сәттен бас­тап шығарылған бірегей монеталарды ел назарына ұсынды. Экспозицияны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – кол­лекциялық және инвес­тициялық монеталар шығару сала­сын­дағы ин­но­вациялық технология­ларды таныс­тыру. «Монета өнімін жа­сауға кә­сіби көзқарас Қазақстанға салыс­тыр­­малы түрде қысқа мерзім ішін­де әлемдегі ең үздік өндірушілердің қата­рына кіруге мүмкіндік берді. Мұны әр­түрлі аталым бо­йынша ұсынылған көптеген марапат растайды. Оның ішінде өндіріс сапасы, дизайны, технологияның жаңашылдығы үшін берілген аталымдарды ерекше атап өткен жөн», деді көрмені ашқан Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин.

вмв

1992 жылы еліміздің өз монета сарайын салу туралы шешім қабыл­дан­ғанда, енді отыз жылдан кейін осы саладағы әлем серкелерінің санатынан табылып, технологиясы дамыған елдердің біріне айналады деп, әрине, ешкім ол кезде ойлаған жоқ. Содан бері Теңге сарайынан 800 монета жарыққа шықты. Әрқайсының өз шығу тарихы бар. Әлемде монетаның үш түрі белгілі: күнделікті есеп айырысуда пайдаланылатын циркуляциялық, кәсібилерді қызықтыратын коллекциялық және кез келген уақытта тұтынушы қаржысын көбейтіп отыратын инвестициялық монеталар. Бұлардың бір-бірінен басты айырмашылығы, коллекциялық түрінің шектеулі мөлшерде шығарылатынын, ал инвестициялық монетаның сыйға тартылатын мәнінен гөрі, ақшаға айналу мүмкіндігінің жоғары екенін де алғаш рет осы көрмеде мамандар әңгімесінен білдік. 1995 жылы шығарылған «Жібек жолы», «Қар барысы» монеталарының мәні бүгінде ескірген. Әлемдік трендтегі инвестициялық монеталардың сипаты сәнді, сыйлық нұсқасына қарай ойыса бастаған. Ұлттық банктің бас дизай­нері Алмат Басенов ешқашан құнын жоғалт­пайтын монеталардың тарихынан қызықты деректерді тарқатып тұрып, осы отыз жыл ішінде ұлттық валютаның 25 ірі аталымда жеңіске жеткенін мәлім етті.

«Халықаралық бағалау бойынша Қазақстан монеталары ең жоғары proof сапада. Бірде-бір елдің сарайы монетаның бетін айна сияқты шағылысатын сапада дайындай алмайды. Яғни монетаның айнасы – шын айна, бетіне үңілген әр адам өзінің түрін бұлдырсыз анық көре алады», дейді Ұлттық банктің банкнот және монеталар дизайны бас­қар­масының басшысы А.Басенов. Моне­та­лардың бағасы доллардың теңгеге шақ­қандағы курсы мен Лондондағы ха­лықаралық металл биржасындағы алтын бағасына тікелей тәуелді. Монета – инвестициялаудың ұзақмерзімді құралы. Қымбат металдардың бағасы уақытпен бірге өседі, сол себепті бірнеше жылдан соң жай депозитке қарағанда, құнына құн қосқан монетаның бағасы жоғары болып шығады.

вмвм

Көрмеге қойылған экспонаттарда елі­міздің қалыптасуы мен дамуының не­гізгі мәдени, саяси және тарихи ке­зең­дері бейнеленген. Жәдігерлер ұлт дәстүрінің жаршысы іспетті, бүгінгі қоғамның өміріне әсер еткен бірегей тарихи оқиғалармен танысуға мүмкіндік береді. Монеталар көрмені тамашалап келгендерге ұлт мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін паш ете отырып, коллекциялық монеталарға бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша көз­қарас ұсынады.

Көрмеде алғаш рет Қазақстанның ин­вес­ти­циялық монеталар нарығын та­ны­мал ету және халықаралық алаңда ілге­рілету мақсатында KÓkbÓri инвес­тициялық монеталарының ребрендингі таныс­ты­рылды. Инвестициялық монеталар алғаш рет бірнеше нұсқада шығарылып отыр. Онда «Көшпелілердің ғибадат жан­уарлары – тотемдері» монеталар се­рия­сының көркемдік тұжырымдамасы қол­данылған. Безендірілуіндегі жаңаша тәсіл мен көркемдеу үлгісі KÓkbÓri монеталарына тек инвестициялық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар оны кол­лекциялауға, сыйлық ретінде ұсынуға да тартымдылық үстемелеген. Инвес­тициялық монеталар нарығындағы жа­һандық үрдістер дизайны айрықша үлгідегі коллекциялық және сыйға тартылатын монеталардан да көрініс табады. «2018 жылы Ұлттық банк 300 дана KÓkbÓri коллекциялық монеталарын шығарды. Бұл монеталар нарықта да, басқа жерде де аздық етті. KÓkbÓri-ге сұраныс тым жоғары болды», дейді дизайнның жаңа серияда пайдалану себе­бін түсіндірген Ұлттық банктің банкнот және монета дизайны басқармасының бас маманы Айжан Машеева.

ере

Proof сападағы алтын және күміс моне­талар интерференциялық кедергі жабыны ретіндегі қорғаныш элементін пайдалана отырып жасалған. Бұл тә­сіл елімізде алғаш рет қолданылып отыр. Ұлттық банк бөлімшелерінде кап­су­ла­да­ғы инвестициялық монеталар да сатыла бастады. Әлемдік тәжірибе бо­йынша қорапқа кететін қосымша шығын монета құнына қосылмайды. Себебі сатып алу жағдайында көз тартатын әдемі қорабы емес, ішіндегі металдың құндылығы мен доллар курсы есепке алынады. Дегенмен инвестицияның сыйлыққа жүретінін ескерген қаржы реттеушілер сыйлыққа арналған сәнді қорапты құп көретінін жасырмайды. Сондай-ақ табан ақы, маңдай термен тапқан байлығын өзімен бірге, бойына жақын ұстағысы келетіндер үшін монеталар таза күмістен жасалған тұмарға салынып шығарыла бастады. Түймесін басса, ашылып-жабылатын медальон іспетті бұл монеталар мойынға та­ғып жүруге ыңғайлы. Бірақ мұндай тұмарлар соңғы сериялардың сатылымында мүлде жоқ.

ппп

А.Машееваның айтуынша, айналымға енген жаңа монеталардың ішінде мақ­танышпен атап өтетіні де бар. Мыса­лы, теңгенің 30 жылдығына орай сирек кездесетін көгілдір түсті тантал металдан бірі – алтыннан, бірі – күмістен, екі түрлі «Теңге» монетасы шығарылды. Тантал – әлемде сирек қолданылатын өте қымбат металл. Монетаның салмағы – 62,2 гр, ал құны – 67 000 теңге.

Ұлттық банктің тағы бір мақтанышы – биыл шығарылған «Балқаш алабұғасы» монетасы. Бұл монета нарығындағы нағыз сенсацияның өзі. Бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде мұндай монета болмаған, 3D технологияны қолдана отырып ерекше рельефпен жасалған «Балқаш алабұғасындай» монетаның әлемде басқа баламасы жоқ. Теңге сара­йының шеберлері балықтың басын монетадан 17 мм-ге дейін биікке көтере алған. Мұндай нәтижеге әлемнің бірде-бір монета сарайының мамандары қол жеткізе алған жоқ, әзірге бұл технологияны тек біздің отандық мамандар ғана меңгерген.

ш.нн

Дөңгелек және төртбұрыш, алтын және күміс, ауыр және жеңіл, ақшадан бөлек, қаржы нарығында басқа да төлем құралдарының бар екенін алматылықтар осы көрмеде таныды. Алуан бейнелер таңбаланған құймалы қаржы сипатындағы мол байлықты аралап жүріп, жылы жымиып тұрған талантты музыкант Батырхан Шүкенов кескінделген монетаға да кезіктік. Атауы да қарапайым – «Batyr beInesi». Әншінің 60 жасына орай күмістен құйылған 500 теңгеге «Батырдың қабырғасы» атты белгілі граффити суретті негізге ала оты­рып әзірленген кәдесый монетасына көп­шілік те ерекше ықылас білдіріп, топтана тамашалап, талайға дейін үйіріліп төңірегінде жүрді.

шшш

Егемен мемлекеттердің қатарына қо­сылған Қазақ елі – Ұлы даланың бай тарихының ұрпағы әрі мұрагері. Ұлт жылнамасы ержүрек көш­пе­лі­лер, ежелгі сақ дәуірі, жартастарға қашалған петроглифтерден бастау алады. Бұл – әлемдік тарихтың орасан зор бөлігі. Сол заман­нан бас­тап соғылған көне теңгелер бүгінге дейін жетіп отыр. Олар көне дәуірдің сырын ашып қана қоймай, Ұлттық банк дизайнерлерін өткен дә­уір­­лер­дің түсі мен рухын, сондай-ақ заманауи инновациялық тех­нологиялардың күші мен мә­не­рін бойына сіңірген бүгінгі талаптағы монеталарды жасауға шабыттандырады. Айта кету керек, мо­нета­лар­дың бар­лығы еліміздің Теңге са­ра­йында дайындалған.

 

АЛМАТЫ